BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұлт көсеміне ескерткіш ашылды

Бүгін Әулиекөл төрінен алаш ардақтысы, қара қазақтың қамын жеген ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновқа арналған ескерткіш ашылды. Ахаңның ұрпақтары мен белгілі азаматтардың қолдауының арқасында бой түзеген ескерткіштің салтанатты ашылуына облыс әкімі А.Мұхамбетов, мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев және басқа да елімізге белгілі ғалымдар мен жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. Ең алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Архимед Бегежанұлы ел тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында әрі ұлт көсемінің туған күнінде осындай еңселі ескерткіш мүсіннің бойы көтергендігіне өз ризашылығын білдірді. -Ахаңның артынан ерген ұрпақтары және біздің ортамызда жүрген сыйлы азаматтардың көмек-қолдауының арқасында бүгін міне баршамыз осы ортақ қуанышқа жетіп отырмыз. Ақын, ғалым, түріктанушы, публицист, аудармашы, қоғам қайраткерінің еліміздің тарихында алатын орны ерекше. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны өз сауаттарын Байтұрсыновтың әліпбиімен ашып, ана тілін оның тіл құралы арқылы оқып-үйренді. Ол қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, жарыққа шығаруда зор еңбек сіңірді. Алаш қозғалысының көшбасында жүріп, халқымыздың, еліміздің тәуелсіздігі үшін аянбай күресті. Бүгінде Алаш қайраткерлерінің арманы орындалып, біз егемен елде өмір сүру бақытына ие болып отырмыз. Тарихтан Ахмет Байтұрсыновтың осы Әулиекөл ауданындағы орыс мектебінде қызмет еткені белгілі. Осы Ахаңның жүріп өткен жолында ескерткіштің орнатылуы бұл баршамызға өнегелі іс болып отыр. Қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде алаш ардақтысының есімімен аталған оқу орындары мен көшелер бар. Қостанай қаласында да алып ескерткіші тұр. Бұл — ұлтым деп ұлы іс жасаған жерлесімізге бүгінгі күні жасалып жатқан құрметтің нышаны, — деді облыс әкімі А.Мұхамбетов. Салтанатты шарада сөз алғандардың бәрі де кемеңгер қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына қосқан еңбегі жайлы ғибратты әңгімелер айтып, ұйымдастырушыларға зор алғыстарын жаудырды. Мұнан кейін облыс әкімі А.Мұхамбетов пен академик Кенжеғали Сағадиев және Ахаңның ұрпағы Қазымбек Спанов ескерткішті ашып, жиналған қауым гүл шоқтарын қойды. Ал, ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін аудандық мәдениет үйінде “Ахмет Байтұрсынов және Мәңгілік ел мұраты” атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Артынан ас берілді.

Қарлығаш ОСПАНОВА. Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков

www.kostanaytany.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
Пікірлер