BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тұңғыш Президент күніне орай салтанатты жиын болып өтті

Мемлекеттік Әнұран орындалды. Салтанатты жиынға қатысушылар мен аудан тұрғындарын аудан әкімі С.Әбеуова құттықтап, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің қалыптасуы жолындағы баға жетпес еңбегіне тоқтала отырып, Тәуелсіз Қазақстанның тарихы, еліміздің жетістіктері мен табыстары Елбасы атымен тығыз байланысты екендігін атап көрсетті. –Еліміздегі тарихи таңдау күні болып саналатын бұл сәтті барша қазақстандықтар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні деп есептейді. Тарих көрсеткендей, қандай да мемлекет болмасын, қай заманда да әрбір елдің тағдыры шешілер қиын сәтте бір тарихи тұлға өмірге келген. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі осындай тұлғалардың қатарынан өз орнын алғандығына тоқталып өтті. Тұңғыш Президент күнінде барша аудан жұртшылығының дендеріне саулық, отбасыларына амандық, мол бақыт тіледі. Мерекелік құттықтауда аудан басшысы еліміздің гүлденуі мен өркендеуіне қосқан сүбелі үлестері үшін бірқатар адамдарға марапаттар тапсырды.

Сахна төріне айтулы күні дүние есігін ашқан бөбек Сезім Бегалықызының ата-анасын шақырып, тууы туралы куәлігін салтанатты түрде табыстап, сыйлық жасады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі Ақтоғай ауылының әкімі Қайыр Болғанбаевтың, ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі Қызыларай ауылдық округі «Нұртай» шаруа қожалығының жетекшісі Метай Елеусізов, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі Ақтоғай ауылының жеке кәсіпкері Нәстай Түсіпбекова, Сарытерек ауылы «Асылмұрат» шаруа қожалығының жетекшісі Азамат Оралтайұлы, Жидебай ауылы «Тәттібек» шаруа қожалығының жетекшісі Берікбол Исабаевтардың кеудесіне тағылды. Салтанатты шарада облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Нүркен ауылы «Нығымет» шаруа қожалығының жетекшісі Ләйлім Ахатова, Сарытерек ауылы «Төлеутай» шаруа қожалығының жетекшісі Сәттарбек Дуанбеков, сонымен қатар бір топ азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен және облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталды. ҚР Тұңғыш Президенті күнінде ауданымыздағы Нұрсұлтан есімімен аталатын азаматтарға Аманат хатты аудандық мәслихат хатшысы Р.Әбеуов табыстады. Жаңадан мемлекеттік қызметке қабылданған бірнеше мемлекеттік қызметкерлердің салтанатты түрде ант қабылдауы мереке шырайын аша түсті. Мереке соңынан аудандық «Тоқырауын толқыны» ән-би ансамблінің ұжымы концерт қойды.

Г.ЕЛЕУСІЗОВА


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер