BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 377.73 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 428.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.73
Астана:

Туған жердің түлегі

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, аудармашы, журналист Алмат Мұратұлы Исәділ бүгінде республикамызға танымал азаматтардың бірі. Райымбек ауданы, Кеген ауылындағы №2 орта мектебінде, аудандық музыка мектебінің домбыра сыныбында дәріс алған. ҚазМУҰ-дың журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын өзі оқыған №2 Кеген орта мектебінде музыка пәні мұғалімінен бастаған. Одан кейін, Республикалық оқушылар Сарайында, «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгеруші, жауапты хатшы, «Елорда» баспасында әдеби редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгеруші, Қазақ- Британ университетінің редакциялық-баспа бөлімінің бас менеджері, «Қазақ радиосы» бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы, «Әдебиет айдыны» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақ университеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жүргізуші-редакторы, «Алаш айнасы» газетінде Мәдениет бөлімінің редакторы қызметтерін атқарған.

Қазіргі уақытта Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің Қоғаммен байланыс және редакциялық қызмет департаментінің директоры. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері, Ілияс Жансүгіров рухына арналған республикалық мүшайрасында Сайын Мұратбеков атындағы арнайы сыйлықтың иегері. Әдеби аудармалармен де айналысады. Түріктің Ж.Әміре сынды классиктері мен қатар М. Джевдет, А. Тимучин, О.Рифат есімді танымал түрік шайырлары мен А.Пушкин, С.Есенин, М.Лермонтов, И.Северянин, И.Анненский сынды орыс ақындарының шығармаларын қазақшалаған. Орыс тілінде жазатын ресейлік ақын- аудармашы С.Мнацаканян мен қазақтың көрнекті ақыны О. Сүлейменовтің бірқатар шығармаларын ана тілінде сөйлетті. Ақын сондай-ақ балалар әдебиетіне де ден қойып, кішкентай оқырмандарға, жалпы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалар жазуда жүр. Ақынның бірқатар өлеңдеріне жазылған әндерді бүгінде қазақ ән өнерінің майталмандары орындауда. Өлеңдері «ХХІ ғасыр ақындарының антологиясы» сынды бірнеше ұжымдық жинақтарға енген. «Отырар кітапханасының» тұңғыш сериясымен жарық көрген «Жолдар, жолдар...», «Көңіл алаң», «Көкжиекке сіңген жол», «Бір тамшы...»жыр кітаптары мен «Мен қазақтың баласы» атты балаларға арналған өлеңдер жинағының авторы. Қазақ әдебиеті мен журналистикасы саласындағы жетістіктері үшін 2013 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған. Алмат туып өскен ауылы Кегенді әсте жанынан шығармайды. Ауылмен де байланысын үзбеген. Ақ көңіл де ақ жарқын ақын өзінің «Кеген» деген өлеңінде туған жерін тебірене жырға қосады.

Кеген


«Жерұйық көрем десең – Кегенге кел!»
Ж. ӘБДІРАМАНОВ


Жақсылыққа жаныңды көгендеген,
Керемет қой, қашанда Кеген деген.
Кегенімнің ерекше көркемдігін,
Жырлай алмас еш ақын өлеңменен.
Кетсең егер жолыңнан тайқы басып,
Жете алмассың Кегенге Қайқыны асып.
Айналасын көмкерген көне таулар -
Бұл өлкені көру де жарты бақыт.
«Жерұйық көрем десең – Кегенге кел» –
Құшағын жаяр саған көгерген ел.
Әр тасында тарихтың таңбасы бар,
Өткен күннің өрнегін бедерлеген.
Қасиетті өлке бұл бабам жатқан,
Әр жүрекке өшпейтін алау жаққан,
Он алтының баяғы ойранында,

Азаттықтың байрағын жалаулатқан.
Арулары тарқатып сән бұрымын,
Адалдықтың шырқаған мәңгі жырын.
Жігіттері ойнаған ат үстінде,
Боз биенің сіміріп бал қымызын.
Қарсы алдыңнан соқса да жел-бораны,
Жел-бораны дертіңе ем болады.
Даласы да дархан ғой, кең - қазағы,
Ауасы да таза ғой ең ғажабы!
Жақсылыққа жаныңды көгендеген,
Керемет ғой қашанда Кеген деген,
Кегенімнің әсері – арқаланып,
Табысып жүргендігім өлеңменен.
Далалық ем, бүгінде қалалықпын,
Қаланың тірлігіне қадалыппын.
Демейік ауыл- шалғай, жол - алыс тым,
Қайтайық Кеген жақта демалып бір.

Асау көңіл ауылға елеңдеген,
Күнім жоқ сағынышқа бөленбеген.
Қай ауылда болмайын, қай қалада,
Сен артықсың бәрінен Кеген, Кеген...

Ия, Алматтың ақындық жолындағы көтерілер биік шыңы да жоғары. Кіндік қаны тамған Кегеннің жұпар ауасымен көкірек кере демалып, мөлдір суын ішіп өскен Алмат бүгін де томағасын сыпырған қыран бүркіт, ақсұңқар. Сұңқарлар биік таулардың шыңын мекендесе, Алмат поэзияның шыңында еркін самғап келеді. * * * Оқырмандар назарына:үстіміздегі жылдың 28-қарашасы күні, сағат 18:00-де М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында ақын Алмат Исәділдің “ЕЛІМ БАРДА...” атты Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шығармашылық кеші өтеді. Ендеше, жыр кешінен құр қалмаңыздар, ағайын!..

Дәурен ЕРМЕКБАЙ, Райымбек ауданы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
28 Желтоқсан 2018, 08:57
Бүгін менің туған күнім
Пікірлер