BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

"Топтың ішінде де біртуар ақындар бар", - дейді ақын Тасқын Болатұлы

"Шабыт" ақындар орталығы Шығыстың талантты ақындарының бірі, марқұм Серік Ғабдуллиннің қалдырған мұрасы.

Орталық осыдан бірнеше жыл бұрын Өскемен қаласында құрылып, бүгінгі аға буын ақын- жазушылар мен жастардың арасындағы алтын көпіріне айналған. Тасқын Болатұлы аталмыш орталықтың айнымас мүшесі болып келе жатыр.

?Серік Ғабдуллин ағамыз өмірден озғалы "Шабыт" орталығы үнсіздікте қалып еді. Қазір оны кім жетелеп отыр?

- Иә, Серік ағамыз өмірден өткенде бір жыл тоқтап қалған болатын. Қазір Оралхан Бөкей атындағы орталық кітапхананың қызметкері Қызырбек Дүргінбайдың бастамасымен қайтадан жанданды. Түрлі мүшәйралар, жарыстар болса барлығымыз бас қосып, "бірлесіп пішкен тон келте болмас" дегендей бар ақыл-ойымызды бір сарынға саламыз. Негізінде аптасына бір рет бас қосып, барлық ақын-жазушылардың шығармаларымен, өлеңдерімен танысамыз. Мұнда өзге ақындар бір-біріне пікірлерін айтып, аға буын өкілдері сындарын, бағаларын беріп тұрады.

?Серік ағаны көрген боларсың? Аманатына қалдырған ақылы мен батасы болған шығар...

- Шыны керек, ол кісінің көзін көре алмай кеттім. Дегенмен оның мол мұрасы кітаптарында қалған. Олардың өзі ақыл да, бата да болып қала бермек... Өмірден танымасақ та, өлеңдерінен танимыз.

?Қазір орталықта неше ақын бар? Қозғалатын тақырыптар ауқымы қандай?

- Оннан жиырмаға дейін ақын- жазушылар бар. Тұрақты ақын- жазушылар саны онға жетеді. Келіп-кетіп жүретіндер де бар. Жалпы он ақын жұп жазбаймыз. Негізінен ақындар жаңадан шыққан өлеңдерін, жазушы- лар әңгімелерін ортаға салады. Қателіктерін айтады, кейде философиялық қателіктер кетеді. Жаңадан келген жастар ұйқастан қателік жіберіп жатса, оларға сын айтып, бағыт көрсетіп жібереді. "Сын түзелмей мін түзелмес" деп оны да айтып отырамыз. Кейде оқыған кітаптарымызды талқыға саламыз. Мысалы, журналист Есболат Айдаболсынның "Сүлік қара" әңгімесіне назарымызды салдық. Жалпы, жанның рухани демалысы үшін бас қосамыз...

?Ақындыққа қалай қалам сілтедің? Өзің жайлы біраз айта кетсең...

- Мен 1998 жылы Тарбағатай ауданы, Шолақ-Орда ауылында дүниеге келдім. "Қанына тартпағанның қары сынсын" деуші еді... Арғы атам да, әкем де өлең жазған адамдар. Олар той-томалақта, айтыста өнер көрсеткендіктен, домбыраның күмбірін кішкентай күнімнен құлағыма сіңіріп өстім. "Әкеге қарап ұл өсер" деген рас-ау, қолынан кітабын тастамаған әкемнің қылығын көргенде кітап оқудың міндет екенін көргендей болдым. Осылайша әдебиетке деген құштарлығым ояна берді. Алғаш 7-8-ші сыныптарда Сайын Мұратбековтың "Қылау" атты әңгімесі керемет әсер етті. Со- дан бері әдебиетке маспын да, ғашықпын да... ?Әдебиеттің ағымы сан-салалы ғой. Саған ақындық жақын ба, әлде жазушылық жақын ба? - Мен өлеңге жақынмын. Абай атамыз айтқандай "болмасаң да ұқсап бақ" деп жазушылықты да көрдім. Жазғаныма көңілім тол- мады ма, ойымнан айнып қалдым.

?Әкең домбыраны күңгірлетіпті, өзің ақынсың. Бұл екі өнердің қоспасы айтыс ақыны етпеді ме?

- Оқушы кезімде аудандық "Ақберен" деген жарысқа қатысып, бірінші орынға шықтым. Осыдан кейін облыстық айтысқа қатысып онда да бағым жанды. Кейіннен Астана қаласында 14 облыстың және Алматы мен Астана қалаларының ең жас ақындары бас қосып, жыр бәйгесіне түстік. Міне, сол кезде де алдыңғы қатардағы алтылықтың біріне шыққаным бар.

?Ақын көп қой, екінің бірі ақынмын деп айқайлап кеткендері де бар. Осындай айғай-шуда нағыз ақын қалай танылады?

- Біртуарлары барына келісемін. "Шабыт" ақындарындай өзге өңір ақындары да кездесіп тұрады. Міне, осындай топтың ішінде де біртуар ақындар бар. Оларды алғашында байқамайсың. Топтың қатарынан үзілмей тұрған соң көрінбейді, бірақ өлеңдерін оқығанда "топты жетелейтін осы ақын" деп танисың. Осындай сәттерде ақындардың ішінде де ақындар бары қатты білінеді. Ақынның деңгейі де біліммен, ақылымен анықталады. Бұл басты көрсеткіштер. Жанындағы ақындарды жетелейтін де сол.

?Өзің сүйіп оқитын қазақтың ақыны бар шығар...

- Мектептегі оқуымды бітіргенге дейін Мұқағали өлеңдерін оқымаған кезім болмаған жоқ шығар. Қандай жағдай болмасын, өмірдің кез келген сәттерін сурет- тей алған, жеткізе алған ақынды Мұқағали деп танимын. ?Жалпы ақын болу қиын дейді ғой. Бұл туралы пікірің қандай? - Ақындық мен үшін қиын сияқты. Адамдардың ортасында көңіл жүрсе, менде мұң жүретін сияқты. Ішіңе сыймайтындай боласың, еркелігің де болады. Өлең жазғанда тіптен қиналасың, бірақ жазып болған соң бір рахат аласың, демаласың, ақындықтан бір сәтке арыласың. Өлең жазасың, ұшасың, қалықтайсың, өзіңнен мін табасың да, сыр табасың...

?Тәуелсіздігіміздің 25 жылын ел көлемінде атап өтпекпіз. Бұған сен де дайын шығарсың?

- Әрине, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап жазған өлеңім бар... Қазақтың ән даласы күреңселі, Көзімді ашқанымнан білем сені. Ып-ыстық бауырыңа бауырым басып, Қарыңды жастана сап түнеуші едім. Мейлінше далам саған еркеледім, Білуге құпияңды ентеледім. Бір күйді молаларда шертер еді, Басында малдас құрған кер төбенің. Апыр-ай, бұл 25 қай дерегі, Бабамның қайда қалды әлгі әуені. Атама! Жиырма беспен өлшемеймін, Сеземін одан терең әлденені.

!Сұхбатыңа рахмет! Айдос Мырзахметов


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер