BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Төл өнердің туын желбіретті

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен ҚР тұңғыш Президенті күніне «Азаттықтың ақ таңы» атты аламан айтыс «Қадыр жолымен...» жобасы аясында Оралда дүркіреп өткені баршаға мәлім. Республикалық жыр сайысын БҚО әкімі Алтай Көлгінов құттықтау сөз сөйлеп ашып, 18 ақынға сәттілік тіледі. Әйгілі Жүрсін Ерман «кейбір әкімдер құсап айтыстың басын ашып беріп, жоғалып кетпей төрт орынбасарымен, заң органдарының өкілдерімен келіп отыр» дегендей, облыс басшысы А. Сейдірұлы алты сағат бойы қарапайым көрерменмен бірге сөз өнерін саралап, ел-жұрт атынан ақындарға арнайы жүлде тағайындады. Сөйтіп, абыз ағамыз Асанәлі Әшімов төрағалық еткен аламан айтыс мәреге жетіп, бас жүлдені астаналық ақын Нұрмат Мансұров жеңіп алса, бұл жолы «от ауызды, орақ тілді» Айдана Қайсарбекті «айтыс тапқан жас талант» деп қабылдады көпшілік.

Осы айтыста көрерменді қыздырып, қиқулатқан жерлесіміз, кеше ғана республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысында ерлердің арасынан жалғыз өзі суырылып алға шығып, Ақжайықтың намысын қорғаған Жансая Мусина жайлы сөз бөлек. Тұла бойы сатираға толы, сөз тапқыш, тегеуріні мықты Жансая мен сазды әуенімен тыңдаушысын баурап алатын семейлік Әсем Ережеқызы, алматылық Айдана Қайсарбек бастапқы алты жұптың арасынан «ең тұшымды, ең қызықты» айтыс жасады. Сонымен, 1 желтоқсан күні түскі сағат үште Жастар мәдениет үйінде бас қосқан жырсүйер қауым кешкі тоғызда әзер тарқады. Халық ауыз әдебиетінің киелі өнеріне шөлдерін қандырған жамағат төл өнердің туын желбіреткендерге риза болып, бір жасап қалды.

Айтысты жүргізген Жүрсін Ерман әу баста: «Бір ерекшелігі – көптің көзіне көп шыға қоймаған, таныла қоймаған жастарды әкеліп тұрмыз. Айтыста жас өрен өсіп келе жатыр. Елдің көңіліндегі ойды толық айтатын жастарды арнайы шақырдық Оралға. Ертең олар анау қайда, мынау қайда деген әңгімеге арқау болады. Алла ауыздарына сөз салсын» деп бастады аламанды. Шынымен де біз білмейтін жас толқындар сахнада сайрады біраз. Алдымен Тараз қаласынан келген Дархан Әбдіманатов шымылдықты түрді. «Алла деп қамшы бастым ақтаңгерге, бісміллә деп қадам бастым Жәңгір хан қазығын қаққан жерге. Жайықтың аспанымен Сағат ақын құйрықты жұлдыздай боп аққан жерге. Ақұштап пен Фариза апаларым жыр қанатын биікке қаққан жерге» деп жамағатқа сәлемін арнады. Сондай-ақ ол қарсыласы оралдық Айнабек Бисенғалиевті шымшып сөзге тартты.

Айнабек өлең қуған өрен шығар.

Жаратқанның құдіреті терең шығар.

Түрін ойлап, өмірден түңілетін

Көңілі өз-өзіне төмен шығар,

Айнабек деп есімін қойса да,

Айнаға қарамасын деген шығар,– деп қара баланың сырт келбетіне тілін тигізді. Осы жолы ол «Баукең неткен сері жігіт, сынық айна көрсе де тастамайтын» деп өнердегі үзеңгілесі Бауыржан Халиолланы да түйреп өтті.

... Шынында Жаратқанның шеберлігі,

Әйтпесе кім барлығын біліп туар.

Айтыс сайын ақындар мына менің

Қап-қара деп түріме күліп тұрар...

Қарамын деп қайғырып жүргеніммен

Ақ жүрегім аузымнан шығып тұрар.

Бірдеңе етіп үйленіп алды дейді,

Несіне ол жағынан күдік туар.

Әйелімнен сұрасам аппақсың деп,

Айыбымды жуып тұрар,

Осы сөзге жүрегім жылып тұрар.

Айнаға қарап қалсам әр жағында,

Әйтеуір әп-әдемі жігіт тұрар, – деп нақты жауап берген Айнабек көрерменді күлкіге кенелтті. Қанша дегенмен, айтыстың ең басы ғой. Екі жұп та халықты жалықтырмауға, өлшеулі уақытта сөзбұйдаға салынбауға тырысты. «Айнаның сынығы емес, айналайын, асылдың сынығымын мен дегенің» деген Айнабек бұдан әрі Желтоқсан оқиғасына ауысты.

Он алтыншы желтоқсан сексен алты

Сұрасаң туған күнім, жылың қандай?

Мекенім Жұбан туған Тайпақ елі,

Білесіңдер Жұбандай ұлың қандай.

Желтоқсан оқиғасы ел есінде.

Сол күннің арқасында еркіндіктің

Керуені бізге қарай бұрылғандай.

Тәуелсіз қазақ елі жасай берсін,

Арналып өздеріңе жырым балдай, – деді Айнабек.

Бұдан әрі Ақтөбе қаласының тұрғыны Әлихан Жақсылық пен атыраудың тумасы Жәнібек Садыров та біраз сөз тартысты.

Ассалаумағалейкүм, айтыс десе тамсанған ел

Келбеті тарихына сан-сан дәлел.

Шешендіктен алдына қара салмай,

Қолына Сырым батыр қамшы алған ел.

Мұхит салған мектепті жалғастырып,

Ғарекең, Қатақаңдер ән салған ел.

Махаббаттың мызғымас тұрағындай,

Қыз Жібек пен Төлеген жол салған ел.

Елбасының күніне айтыс жасап,

Сүйіншілеп балаша жар салған ел.

Қазақтықтың үлгісі сіздерсіздер,

Азаттықтың ақ таңын қарсы алған ел,– деп Жәнібек залды желпіндіріп жіберді. Жас болса да Әлиханның ойы жүйрік екен. Қарсыласына төкпелете жыр төкті. «...Бұл Оралға келерде, айтысасың деді Сырыммен. Айтатын сөзі тың болар. Ұлылардың ұнтағы, дегендей бір іс тындырар. Одан кейін ағайын, жұп қылды мына ағаммен, қалайша жігер құм болар» деп құйындата жөнелген Әлихан арқаланып, жырды нөсердей төгіп-төгіп жібергенмен, кей сөзі асығыстықтан ба, құлаққа шала-шарпы тиіп жатты. Бұл айтыстың төрінен Бауыржан Ширмеденұлы мен Талғат Мықи да бой көрсетті. Бұдан бұрын да жүлде алып, топ жарған өңірдің қос жігіті шабыттанып, тым тәуір айтыс жасады деу қиын. Жұртты жалықтырып жіберген тұстары да болды. Сайыс соңында қазылар Бауыржанға шетінен 10 балл көтергенде, зал іші «не үшін» деген сауалмен «күндей күркіреп» өкпелерін айтып қалды. Бұдан әрі қызылордалық Сырым Әділбек пен оралдық Мұрадым Мирлановтың сөз жарысына құлақ түрді қауым. Қонақтан бұрын сөзді өз бауырымыз бастады. «Ей, өз еліңде айтысу өте қиын, мен бірақ жақсы айтысам өз елімде» деген Мұрадымға көрерменнің іші жыли қоймады. Ал Сырым болса көне шаһарға ақжарма көңілін білдіріп былай деді:

Оралымның халқынан айналайын,

Көңілі кем түспейтін кең даладан.

Бүгінгі бұл өлкенің іргетасын,

Кешегі Махамбеттей ер қадаған.

Дәулеткерей, Диналар күй төккенде

Домбыра шанағында шер қадаған.

Мұхит пен Ғарифолла ән салғанда,

Оралдың төбелері күй тыңдаған.

Ағайын мына менің арманым жоқ,

Осындай басып келген жерге қадам,

Сұлулығы ғажайып бұл өлкенің,

Есінен ауысады көрген адам.

Оралғысы келмейді-ау өз еліне,

Орал жаққа қыдырып келген адам,– деп қырғыздың мақамымен өлеңдете түсті.

Қарсыласына кейде шамданған Сырым: «Жыртығымды жамаңыз деп айтасыз. Ағасы, мынауың талап неткен. Қырымбек Көшербайды білесіз ғой, осы елдің керегіне жарап кеткен. Оралға оқтаудай жолдар салып, халықтың жағдайына қарап кеткен» деп жауап қатып, жұртқа ду қол соқтырды. Жалпы, тыңдаушыға Сырым Әділбектің мақамы да, сөз саптауы да қатты ұнады. Қазылар Сырымға үш тоғыз, үш он балл көтергенмен, неге екенін қайдам, Сыр еліне жүлдесіз қайтты.

Кезегімен шыққан тағы бір жұп (суретте) – жерлесіміз Эльдар Ихсанов пен астаналық Нұрмат Мансұров еді. Киелі сахнаға әбден төселіп, аты мәшһүр Нұрмат қарсыласы Эльдардың күйші болғанын, саусақтарын күйдіріп алғанын тілге тиек қылды. «Арасы жер мен көктей» ауқымы кең Нұрматты Эльдардан гөрі тәжірибесі мол ақынмен сайыстыру керек еді. Талай биіктерді бағындырған Мансұрдың Нұрматы облыс деңгейінде айтысып жүрген Эльдардан оқ бойы озық тұрды. «Ақындардың ешқашан еті қызбайды, бір-бірінен осылай удар алмай» деп те әзілдеген Нұрмат: «Оралдың Қадырдайын ақынына. Орталық ашып беріп қадірледі. Әр перзенттің артыңда жолы қалса, Алаштың заңдылық қой, дәуірлеуі» дей келіп, ел мен жер, Тәуелсіздік тақырыбын көсіле жырлап, аламан бәйгенің бас жүлдесін иеленді.

«Мына мені басында, Жансаяға жұптап еді. Жүрсін деген мәрт аға, қолым жетпей қалды ғой, Мусинадай алқаға. Мені жұптан айырып, қанатымнан қайырып, Бекежандай – Бекболат, келіпсің ғой ортаға» деп әзілмен бастады Павлодар облысынан келген Нұрқанат Қайрат қарсыласы Бекболат Қаленовке. Оралдық оғлан Бекболат та қара жаяу еместігін білдіріп: «Ортаға түстің дейсің Бекежандай, тісіңді отырсың-ау қайрап маған. Ендеше, Төлегенмен тіресейін, Жайықтан Төлегендер сау қайтпаған» деп іле жөнелді. Сөйтіп, жеме-жемге келгенде Бекболаттан басым түскен Нұрқанат Қайрат ІІІ орынды қанжығасына байлап әкетті.

Бұдан әрмен жыр додасын атыраулық тентектеу ақын Сырымбек Сәрсенбаев пен семейлік Әсем Ережеқызы қыздырды. «Келіп тұрмын Әсеммен белдескелі, Жайықта жыр бесігін тербеткелі» дей жөнелген Сырымбек «қыз бен жігіт» айтысына бірден ауысып: «Жүз жігітті сындырар түрің бар ғой, кішкене ашып жүрсең қабағыңды. Айтыс қуып жүргенде апатайым, осы сенің кім оқиды сабағыңды» деп қамшылады. Айтыс сайын жеке бастың тақырыбына еті үйренген Әсем болса: «Әзірге жан серігім беу домбыра. Жеткізген дана сырын, алаш үнін. Өтермін Алашымның жоғын жоқтап, қалқып бір кеткенімше қарашығым. Ешкімге есем кетті дей алмаймын. Алда ғой алар талай бар асуым. Өмірге өзегімді жарып шыққан, өлеңге сәбиімнің анасымын» деп жауап қатты. Кей сәттерде халыққа көз тастап:

Қазағым шынымен-ақ олжалысың,

Желбіреп алыстардан көк байрағың,

Ұл-қызың қорғай берсін ел намысын.

Сақтайық басты байлық тыныштықты,

Тәуелсіз Отанымыз болғаны үшін, – деп тебіреніп, айтыстың реңін кіргізді.

Бұл сайысқа сұлулықтарымен қоса сұңғыла ой сыйлаған үш қызғалдағымыз – Әсем, Айдана және Жансая-тұғын. Үшеуі де жүлделі ІІ орынды місе тұтты. Бірақ, халықтың ықыласы Жансая өз алдына, Айданаға да ерекше ауды. Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығында Бөкей ордасы ауданында өткен республикалық айтыста қалың көпшілік Әсем Ережеқызына сырттай сүйсініп, «Әсиядай өжет ақын» деп баға берсе, бұл сайыста бұрын-соңды Батыс өлкесіне басын бұрмаған Айдана Қайсарбекке таң-тамаша қалысты. Қайсарбек деп тегі айтқандай, қайсар екен Айдана ару. Оның сахнаға батырлардың бейнесін елестетіп киіп шыққан сұр шенелдей киімі, бойын тым батыл ұстауы, домбырасын қағып-қағып жіберіп тақпақтата жөнелгені көрерменді тәнті етті. Жансаяның өнердегі сіңлісі деуге тура мінезі де, тапқырлығы да дөп түскендей. Алматының Айданасымен «жекпе-жекке» шыққан тараздық Нұрлыбек Құрманов бірден:

Айналамен құлпырған ақ сарайың

Армысың жаны жайсаң, жақсы ағайын.

Қарттарым аман-есен кеп қалдың ба,

Ақ күмістей жарқырап ақ самайың.

Ақжайықтың ақ пейіл жұрты аман ба?

Қаласында тұратын патшадайын.

Оралым оғыландардың ордасы едің,

Жемісті ағыл-тегіл бақшадайын.

Исатайдың елінде именбестен,

Қолымды нысанаға дөп қадайын.

Маңғазданып сөйлейін Махамбетше,

Отан үшін түсетін отқа дәйім.

Қадырдың өлеңінен бақ табайын.

Жұбанның жырларындай

жатталайын.

Шаршы алаңды шаңдатқан

Даниярдай,

Ауылыма абыроймен аттанайын.

Ағайын қиқу қосып қолдасаңдар,

Айтыстың чемпионы боп қалайын,– деді. Сосын тағы:

Жайығым арнасына күй тұнғандай.

Толқындары жағаға бет бұрғандай.

Батысты мекендеген талай халық,

Шекараңды күзеткен тек тұлпардай, – дей келіп, айтыстың «үйреншікті әдеті бойынша» қарсыласына тиісті былай деп:

Айдана қайда шолпың, қайда сырғаң?

Алыстан көрінбейді-ау майда сұлбаң.

Суретшінің салып қойған суретіндей,

Ару қыз ең қабағы айға ашылған.

Сауыт киген қызға кім жақындайды,

Менің де құрып отыр айла-шарғым.

Инновация дамыған бұл ғасырға,

Айдана келіп қалдың қай ғасырдан?!

«Сөз сүйектен өтеді» демекші, мұндай әзіл-оспаққа Айдана қалай шыдасын? Нұрлыбекке «бүркітше» бас салды. Даусы да ашық екен өзінің.

Әй, мына ел барда қалайша өнер өлмек?

Сөйлейінші бос сөзді бөгеген боп.

Қыз Жібек боп келуді мен де ойлағам.

Өзімді сол аруға теңеген боп!

Өнерімде болса да өнегем көп.

Сауытымды кидім де шыға келдім,

Жақсы сөзді ерлікпен жебеген боп.

Бірақ қазір отырмын шын өкініп,

Сенде өзің қалармысың келемештеп.

Мына мені жігіт деп ойлап қалып,

Жауырынымнан алмасын жюри кеп...

Ассалаумағалейкүм, Асан ата,

Айдана деген бір балаңызбын,

Ойлап қалып жүрмеңіз Төлеген деп! – деп көрерменді күлкіге кенелткен Айдана тоқтамастан айта түсті.

Әй, ел алдында сөйлейін тебірене,

Аңдап бассын Нұрлыбек мені көре.

Мен жаңалық ашуға келмеп едім,

Толғатып тұр ол жағы сені неге?

Сонда көзі қысық болса болды,

Бәрі пластмасса боп көріне ме?

Әй, тілімде тұрған соң жыр шоқпары,

Нұрлыбекті кеп тұрмын шын соққалы.

Тәуелсіздік деп айтып шақырғасын,

Ақынның келді алдыңа шырқап бәрі.

Жетісудан құйғытып мен де келдім,

Жайығымның суына нұр тастады.

Ақтарыла сөйлейін алдарыңда,

Қызыңның жарамайды сырқат-дауы.

Аллаға шүкір бүгін тәуелсізбін,

Дәл алдымда бақыттың тұр соқпағы.

Инновация дамыған бұл ғасырда,

Қазағымды сен айтшы, кім сатпады?

Қай ғасырда келсем де бәрібір ғой,

Халықтың мұңы бар бұл шақтағы, – дей келіп, қоғамның ащы тұстарын түйреп өткен ол «Ұзын бой, жіңішке бел, нәзік тұлға» деп қазіргі сән қуған жігіттерді сынға алды. Елін, жерін қорғар жігіттер көп болса, қаракөздер сәбиін лақтырып тастамаса, заман ластанбаса деп шырқырап:

Атамның ақ сауытын киіп шықтым,

Күн туды ата салтын қызың қорғар,

Өйткені биыл елді дүрліктірді,

Қас пен көзін бояп ап құбылғандар, – деп тыңдаушыға біраз ой тастады. «Алтыннан сауыт киген бабалардың, ломбардтан шықпайтын ұрпақтары» деп те сынаған Айдана түпкі ойын орынды жеткізе білді. Енді ғана хас өнерде бәйшешектей гүл атып келе жатқан Айдана айтыстың тақырыбына да ойысуды ұмытпай:

... Жайық шашын тараған тұсқа келдім,

Жетісудың сәлемін ала келдім.

Елбасы Нұрсұлтанның өзі туған,

Сәлемін ала келдім Үшқоңырдың, – деп те кең байтақ еліміздің қасиетін асқақтата шырқады.

Ең соңғы жұп Жайықтың Жансаясы мен Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Дәурен Ақсақалов болатын. Әрине, Шорабектің мақамымен Жансая «Ей, ей, қарағым!» дей бергенде кең залдың әр түкпірінен күлкінің сыңғыры естілді. Қандай ма айтыста да тайсалмай, қарсыласын «қақпанға» түсіргіш Жансаяға Жүрсін Ерман айтқандай, Асанәлі ақсақал жүлделі бірінші орынды жөн көріпті. Дегенмен, тіс қаққан ақынның талай додалардан бәйге алып жүргенін ескеріп, шымкенттік Дәурен Ақсақаловқа бұл жолы І орын бұйырды. «Арғымақ атқа ен салған» Дәурен де юморға үйір екен. Қос сатирик айтысты қыздырды, халықты күлдірді. Езуіңді құлағыңа дейін жеткізіп қоймай, зал ішін думанға бөледі. Қос жүйріктің айтысын таспаға түсіру маған да оңай тимеді. Шапалақ ұрған сайын әсерленіп, шабыттың шарықтау шегіне шыққан сәйгүліктерге диктофонның таспасы да ілесе алмады. Сонымен, желтоқсанның алғашқы күні Жайық жұртына тамаша кеш, естен кетпес жыр сыйлаған ақындар түнге қарай көрерменмен шаққа қоштасып, айтыстың шымылдығын жапты.

Түйін: «Көмейден құйылады жырдың нәрі» дегендей, айтыс деген жақсы ғой. Тәтті жырға шөлің қанбай, тыңдай түскің келеді. Бірақ, бәрін емес. Кейбір ақындардың шектеулі 20 минутты текке өткізіп, ойларын бір арнаға тоғыта алмай қиналғаны қарын аштырады. Мысалы, өз басым атыраулық жүйріктің бірі Шалқарбай деп шатыстырған Жәнібек пен Сырымбек қандай? ! Көршілес Атырау облысы суырыпсалма өнерден біздің жігіттерге қарағанда оқ бойы озық тұр. Мұны мойындауымыз керек. Біздің өңірдің айтыста атын шығарып, кейде бәйге алып жүрген Бауыржан Ширмеденұлы, Эльдар Ихсанов, Талғат Мықи, Бекболат Қаленов, Мұрадым Мирлановтарды әлі де қамшылаған жөн секілді. Өйткені, бірінші алты жұптан соң тынығып, сәл-пәл үзіліске шыққан көрермен жерлес жігіттердің өнеріне онша разы болмады. Болашақта көлдей құрғап қалмауы үшін бұл жастарға Бауыржан Халиолла мен Жансая Мусинаның «бас-көз» болғаны дұрыс. Сөз тапқыш талантты ұл Айнабекті де айтыс алаңына көбірек шығарса нұрға-нұр... Сахнаға бауыр басып, баяғыда танылған Нұрмат, сол секілді Дархан, Сырым, Нұрқанат, Дәурендей жүйріктердің қасында өз ақындарымыздың мысы басылмау үшін батысқа айтыс мектебі қажет-ақ. Бұл мәселені Бауыржан Халиолла ертеректе қолға алған сыңайлы еді. Қазір ұмытылып қалғанға ұқсайды. Ал, Қадыр орталығында аталмыш мектепті неге жаңғыртпасқа?! Сосын ақын біткен белгілі тақырыптан ауытқып, «жеке өмірді» желеу етпесе! Егер Жансая «ұзатылса» қарсыластары қайтіп тиісер екен?.. Айтыс арзан күлкі емес қой! Бұл – бір.

Екіншіден, кешегі кеңес дәуірінде төл өнерді қуаттап, руханиятымызды қолдап, ыстық-суығына қарамай ел аралап айтыс жасаған, республикалық сахналардан түспеген бөкейордалық Кенжеғали Балабасовты айтпағанда, Қатимолла Бердіғалиев, Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова сынды аға-апаларымызды өңірде айда-жылда бір өтетін осындай үлкен сайыстарда қазылар алқасының қатарынан неге көрмеске?! Кезінде ана тілдің туын көтерген «ардагер айтыскерлерімізді» ұмыт қалдыруымызға не себеп?! Бұл, менің ғана жеке пікірім емес. Бұл, көзайым көрерменнің, айтысты қадірлейтін, ұлттық өнерді сүйіп, бағалайтын жұршылықтың сын-пікірі.

Иә, әлі талай айтыс өтер өлкемізде. Мәдениет пен өнерді жоғары бағалайтын өңір басшысы, жаны жомарт азамат Алтай Сейдірұлы да жас толқындарды ынталандырып, арнайы бәйге де тігер бас аман болса. Әңгіме мұнда емес, әңгіме – айтыс ақыны деген атақ-даңққа кір келтірмей, қасиетті өнерге лайықты қызмет ету. Жыр алыбы Жамбыл бабамыздай қызыл тілді сайратып, ел мен жердің жақсылығын жеткізіп, көкейдегі көп ойды дөп басу. Сонда, таңдайлары тақылдап жыр төгілтер ақындардан қалың ел кестелі ой күтіп, көңілдің сарайына сақтар еді..

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,

жазушы-журналист


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер