Бүгінгі қазақ тілінің қолданысында дегерес сөзі пайдаланылмайды. Сондықтан ауылдық округтің атын айтқанда бөгде аймақтағылардың таңырқанып, сөздің мағынасын сұрап жататыны бар. Өкінішке қарай, бұл сөздің мағынасы 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» көрсетілмеген.
Материал жинақтау барысында тұрғындар да ауылдың атына қатысты түрлі нұсқаларды айтты. Бір нұсқада дегелек деген құстың атына байланысты шықса керек деген пікір айтылды. Дегелек – тұмсығы ұзын әрі сүйір болып келетін құс екендігін жоғарыда айтып өткен сөздіктің 598-бетінен кезіктіруге болады. Үлкендер бұл сөздің моңғол тіліне қатысы болуы мүмкін, біздіңше ол моңғолша «биік тау» деген мағына беретін болса керек деген ойларын жеткізді. Біз өз кезегімізде осы тілдің маманы, жазушы, моңғол әдебиетін қазақ тіліне тәржімалап жүрген Қуандық Шамахайдан сөздің мағынасын сұрағанымызда, дэгэр деген сөз ойрат тілінде үстірт деген мағына беретінін айтты. Мағыналық жағынан жақын сөзді тапқанымызға қуандық. Сөздің төркіні мен тілдегі қолданысын лингвистер әлі де зерттеуі тиіс деп есептейміз. Қалай болғанда да, округтің аты Іле Алатауының батысындағы үстіртті таудың атына байланысты берілгені түсінікті. Жаманты және Дегерес өзендерінің аралығында орналасқан ұзындығы 15 шақырымға жуық таскөмір және неоген кезеңдерінің тау жыныстарынан түзілген Дегерес туралы «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының» 3-томының, 176-бетінен кезіктіруге болады. Анығында, Дегерес – атымен ғана емес, бүкіл болмысымен өзіне қызықтырып тұратын округ болып табылады.
Басбатыр тауының тарихы
Ең алдымен бұл аймақтағы тарихи төбе туралы сөз қозғамай өтіп кету мүмкін емес. Ол 1730 жылы Абылай ханның туын ұстаушы батырлардың бірі – Шапырашты Наурызбай батыр Құттымбетұлы түмен басы болып тағайындалып, ту тіккен – Басбатыр шоқысы. 2003 жылы ол жерге Наурызбай батыр сынтасы орнатылған. Ұшар басында бөрілі байрақ желбірейді. Ту тіккен төбенің етек жағында Наурызбай батыр кесенесі орналасқан, яғни Басбатыр тауының етегіндегі Тарғап-Дегерес жолының батыс бағытында бұл күнде Наурызбай батыр бейіті бар. Кесенеге арнайы чип қойылған. Кез келген жолаушы оған кіріп, тағзым жасап, чип арқылы батырға қатысты ақпаратпен қаныға алады.
Арнайы материал жинақтау барысында ауыл тұрғыны, жүйрік жайын білетін Оңласын Сатыбалдиев ақсақал: «Бала күнімізде қазіргі Наурызбай батыр кесенесі тұрған тұста балшықтан салынған күмбез болатын. Жауын қатты жауып, Глубинов Борис деген орыстың машинасы жоғары тауға өрлей алмай, керісінше артқа кетеді. Сөйтеді де, бейіттің бір жағын құлатады. Ішінен бір ертоқым шығады. Алғашында қорқып жүреді. Кейін Борис ерді Бейсенбай деген ақсақалға бір қойға сатады. Ерді өз көзіммен көрдім. Ол кісі ерді маған сатпай қойды. Қазір енді ол кісі өмірде жоқ. Кесененің топырағы аппақ болатын. Ол топырақтың қайдан келгені белгісіз.Себебі, Дегерестің еш жерінде ондай аппақ топырақ жоқ. Бұл өлкенің топырағы қызыл сары, немесе қара болып келеді. Меніңше, сол кесенені орнату үшін батырға құрмет ретінде бір жерден топырақ алдырған болуы керек», – деп өз көргенін қоса кетті.
Ал, ауылдық округтің тарихы туралы дерек жинау барысында жолыққан Самат Сәрсенбиев те әжелерінің ақ кесенедегі қалқан мен ертоқым туралы жиі айтатынын тілге тиек етті. Ол: «Аруақты жерден ат үркеді» деген сөздің жаны бар. Басбатыр асуына келгенде бабаларымыз атын жетектеп өтеді екен. Ондайларды мен мұндағы уақытқа дейін көргенмін», – деп тарихи жер туралы ойын қоса кетті. Басбатырдың биіктігі теңіз деңгейімен алғанда Медеу мұз айдынымен бір дәрежелік сызықта орналасқан. Тау төбесінен Қопа жазығы, одан ары қарай Аңырақай шайқасы өткен жерді көруге болады.
Басбатыр – Қозыбасы тауының бір сілемі. Беріктас ауылы мен Үңгіртас ауылының ортасындағы іркес-тіркес тауларды Қозы-басы деп атаған. Бұл жермен кезінде Ұлы Жібек жолы өткенін де ауыл тұрғындары қаперінен шығармайды. Ал, Қозыбасы – тек қана Жамбыл ауданы емес, күллі қазақтың ұлт болып ұйысуындағы ұлы оқиғаның негізгі кеңістігі. Жәнібек пен Керей сұлтандар құрған хандықтың тұңғыш территориясы осы жер. Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы қазақ халқының тұңғыш территориясы мен ту тігілген төбені зерттеу барысында жаратылыстанушы Молдияр Серікбаев пен Мұратбек Нұрлыбаевтың мақаласына сүйенген. Онда ғалымдар былай дейді: «Елімізде тарихи мәніне байланысты киелі танылған жерлер баршылық. Солардың бірі – Қазақ ұлттық мемлекеті дүниеге келіп, кіндігі кесілген жер – Қозыбасы жайлауы. Бұл туралы айғақты ғұлама бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи-Рашиди» атты тарихи көркем шығармасының 106-бетінде былайша әйгілейді: «...Сол күндері Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақты түгел иеленді. Ол Жошы әулетінің сұлтандарын шабуылдай берді. Жәнібек пен Керей хан одан қашып, Моғолстанға келді. Моғолстанның батыс жағынан Шу өзенінің Қозыбасы деген жерін берді». Міне, ауыл адамдары Қарауылтөбе деп атайтын Қозыбасының Басбатыр сілемінің осындай мағыналы тарихы бар.
Оқиғалар ойысы
Дегерес – қазақ ұлтының тарихи энергетикасының кіндігі болуын бір сәтке де тоқтатқан емес. Бәлкім тарихи сабақтастық деген заңдылық бар шығар, мүмкін біз білмейтін тылсым құпия да бар болар, әйтеуір тәуелсіздік алғаннан кейін дүниежүзі қазақтары тұңғыш бас қосуын осы жерде өткізуге шешім қабылдайды. 1992 жылы күзде (28 қыркүйек пен 4 қазан аралығы) дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы өтеді. Өзбек хандығынан бөлініп, өздері хандық құрған қазақтар да, дәл осы жерден Моғолстан хандығынан жер алғандығын айтып өттік емес пе?!
Ал 1945 жылы Жеңіс шеруінде маршал Г.К.Жуков мініп шыққан аттың Дегерестен дайындалып барғандығын, бұл күнде Мәскеудің ең көрнекті жерінде сол ат пен маршалға қойылған ескерткіш бар екенін дегерестіктер мақтанышпен айтып жүреді.
Ғасыр толған ауыл
1918 жылы Жетісудағы ең алғашқы кеңестік ауыл шаруашылығы Дегересте құрылғандығы туралы да архив құжат-тарынан көз жеткізуге болады. Ауыл тұрғыны Самат Сәрсенбиев осы дерекке қатысты қолындағы құжаттармен танысуға мүмкіндік берді. Құжат бойынша Дегерес совхозы алдымен Тайторы болыстығына қарайды да, кейін 1920 жылы Қастек болысына өтеді екен. Демек, келесі жылы ауылдық округке 100 жыл толады деген сөз.
Бұрынғы тұрғылықты халық көш-пелі болғандықтан, Дегерес ұлы жүз қазақтарының мекені еді. Жер жағдайына байланысты Дулат, Шапырашты, Ысты рулары көшіп-қонып жүреді. Шөптің шұрайлылығы мен малға жайлылығы аталмыш мекеннің қыстауы мен жайлауының арасының қашық болмауына септігін тигізген. Алайда, ХХ ғасырдың бас кезінде Жетісу өлкесіне Ресейден жер аударылғандар жайылымдық жерлер мен егінге құнарлы алқаптарға орналаса бастайды. 1910 жылы Верный уезіндегі шенеуніктер өздеріне мал бағатын жер іздейді. Осылайша, Дегересте шаруашылық ашуға шешім қабылданады. Отставкадағы патша офицерлері: Брызгалов. Гофман, Булиннің малдарын бағуға жергілікті тұрғындар жалданатын заман болған. Дегерестің қазан төңкерісінен кейін, біз көрсеткен дата бойынша Жетісудағы тұңғыш шаруашылық болып құрылуына Ораз Жандосов пен Павел Виноградовтың еңбегі бар.
«Дегерес» жылқы заводы
Дегерес ауылындағы Оспанхан Әубәкіров атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Тульбаева Ләззат шәкірттерімен «ХХ ғасырдағы Дегерес» деген тақырып бойынша ғылыми ізденіс жасайды. Олар архив деректерінен 1928-1931 жылдардағы кәмпескелеу кезіндегі Қалибай, Дүрпейіс, Сейіт, Байтеке сияқты байлардың жылқысының ішіндегі асыл тұқымдылары “Дегерес” шаруашылығына берілгенін анықтайды. Демек, бұл аймақтағы жылқы тұқымының асылдық қасиетке ие екендігі бағзыдан-ақ жолға қойылғанына көз жеткізу қиынға соқпайды.
1936 жылы жылқылар жайлаудан түскен қыркүйек айында Дегереске Ілияс Жансүгіров пен Жамбыл Жабаев келеді. Жамбыл ақынның Мәскеуден орденмен оралған кезі екен. Қасында ұлы Тезекбай да болыпты. Меймандарға совхоз директоры Ф.Г.Рябиничев күрең жорға сыйлаған екен. Алайда, Жамбылдың ұлы Тезекбай күреңді асау аттың қасына байлап, ол теуіп аяғын сындырып алған екен. Жамбылдың Дегереске келгендігін Ф.Г.Рябиничевпен түскен суреттер дәлелдей алады.
Ауылдың тұрғыны Оңласын Сатыбалдиев ақсақалды сөзге тартқаны-мызда, қария расында кәмпескелеу арқылы алынған жылқылардың арасынан жүйріктер шыға бастағанын айтты. Нақтырақ айтсақ, 1929 жылы «Дегерес» жылқы асылдандыру заводы болып құрылады. Соғыс жылдары жылқы заводы атты әскерге арнайы әскери жылқы дайындаумен айналысқан.
«Заводтың “Тибет” деген айғыры бар еді. Сол өлгенде Алматыдан ақ халатты 8 адам келді. Ол кезде баламын. Әлгілерді өз көзіммен көрдім. 1941 жылы соғыс жүріп жатқанына қарамастан, арнайы бір вагон жалдап, Дегереске ағылшын жерінен 2 айғыр әкелінген екен. Бір айғырдың аты “Девиз” болатын. “Девизден” 1943 жылы “Даяр”, 1945 жылы “Дар” деген айғырлар туды. “Даярдың” шешесі осы дегерестік торы қасқа бие болатын. “Даяр” 300 шақырымдық жарыста бірінші келген, ал “Дар” Қазақстан бойынша чемпион атағын алған. “Даярдың” жасаған халықаралық рекорды 28 жыл бойы жаңармай тұрды. Дегерестің тарихында 300 шақырымдықта бірінші келген 4 айғыр бар. Кейінгі жылдары Дегерестің жылқыға қатысты ахуалы қым-қуыт болып кетті. 1954 жылы «Рославль» совхозының бөлініп шығуына байланысты, ол жаққа 2500 жылқы берілді. “Дегерес” зауыты қоймен айналысуға бет бұрды. 1964 жылы ғана Нәркен аға қайта асыл тұқымды жылқыларды жинастырып, бапкерлер бөлімін ашып, барлығын ретке келтірді», – дейді Оңласын Сатыбалдиев қария өткен күндерді еске түсіре отырып.
Арасан шипалы бұлақтары
Тұрғылықты халық шипалы бұлақтың қасиетін есте жоқ ескі замандардан-ақ білген. Қазбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деп аталатын тарихи еңбегінде Арасан бұлақтарын «Алым бұлағы» деп көрсетеді. Жаудан жараланған қазақ әскерлері сол жерге барып шипа табатын болған. Бүгінгі тілмен айтқанда, Алым бұлағы әскери госпитальдың қызметін атқарған. Нақты географиялық атауы – Жаманты минералды сулары. Онда 4 км тереңдіктен, 1 км-ге жуық жерден бор қабатынан өтіп қайнап, сүзіліп, жылы күйінде шығатын бұлақтар бар. Қысы-жазы 270С жылылықта болады. Бұлақтың бірнеше көзі бар. Шамамен бір тәулікте 8 тонна су шығады. Ішкі ағзаларға өте пайдалы. Жараны тез жазып жіберетін қасиетімен елдің есінде қалған. Бесмойнақ ауылының тұрғыны, Сұңқар ауылындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ беретін мұғалім Жанұзақ Нұқановтан білгендерімен бөлісуін өтінген едік.
«Арасанның басына барып, бөпелі болуды тілеген келіншектер көп ұзамай құрсақ көтереді. Түсіп шығу жолы мен судың және табиғаттың, сенімнің әсерінен тілек қабыл болып жатуы мүмкін. Әйтеуір, «Арасанға түнеп жүріп көтерген балам еді» дегенді біз жақтан жиі кезіктіруге болады. Осыдан 5-6 жыл бұрын бейіт аралап жүретін өзге ағымдағылар Арасанымызға залалын тигізе жаздады. Ел арасына «Арасан деген ол – ата, Қорасан – оның бауыры. Мұнда олардың бейіті бар» деген аңыз таратып жіберді. Шипалы бұлақтарға кіреберіске «Арасан-Қорасан бабалар қорығы» деп жазу да жазып қойды. Адастырғыштарға ергендігіміз сонша, Бесмойнақтағы мешіт-тің аты қазір “Арасан Ата” деп аталады. Негізі Арасан – шипалы су дегенді білдіреді. Қазақ жерінде ондай орындар көп қой. Қапал арасан, Алма арасан, Ыстық арасан сынды шипалы жерлердің аты секілді, біздің бұлақтардың да емдік мәніне қарай Арасан деген ел арасындағы дәрежесі болған. Ал Қорасан деген қыстау қораларына жақын бұлақтар. Арасанға ұйқастыру үшін солай аталып кетіп отыр. Жаздың ыстық кезінде тау қойнауына, шипалы бұлаққа 120 адамға дейін келеді. Ел арасында судың киесі мен иесі бар деген ұғым қалыптасқан. “Жылы су хауызының бас жағында тәжді жылан бар, ал тауда киелі түйе жүреді” дегенге халық сенеді. Тәжді жыланды көрген адам сырқатынан айығады, боталы түйе көрсе де жолы ашылады деп жатады. Сондықтан келушілер бұл аймақтың аң-құсына тиіспейді. Арасанға қатысты аңыздың шығуы – осы аймақты таза ұстап, табиғатты аялау мақсатында туған деп есептеймін. Егер Арасанға қатысты аңыздарды жинақтайтын болсақ, оның өзі де айтарлықтай әдеби мұра болар еді. Қыста суының алыстан буы бұрқырап көрініп жатады. Суы қатпайды. Тауда кішкене үңгір бар. Енді мұсылман болған соң, бір жерге намаз оқу керек қой. Сол үңгірді мешітке айналдырған болу керек. Тастарында қола дәуірінде өмір сүрген тайпалардың салған суреттері бар. Демек қола дәуірінде де адамдар сол жерді білген», – деп тарихшы өзі білетін ақпараттармен бөлісті. Бұл аймақтағы орта ғасыр дәуірінің археологиялық ескерткіштер кешенін өлкетанушы В.В.Сараев ашқан. Суықтөбе жонының солтүстік баурайындағы кешенді 2005 жылы А.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Алматы барлау экспедициясы зерттеген болатын.
Бесмойнақ ауылының тарихы
Ауылда Бұғымүйіз және Бесмойнақ деген таудан келетін екі өзен бар. Бұрын ол Қопаға дейін барып қосылатын болған. 1909 жылы Сергей Минин деген кісі 30 отбасы орыстарды көшіріп алып келген. Орыстар егін мен ағаш егіп, жағдайлары жақсарған соң, ауылдарын әлгі Сергейдің атымен Сергеевка деп атапты. Ал жергілікті халық көшпелі болғандықтан бір ауылда тұрақтап отырмаған. 1932 жылғы халық қатты қырылған ашаршылықта тірі қалғандарды күштеп алып келіп, Сергеевкаға қоныстандырады. Осы жылы ауылға Әліби Жангелдин келеді. Колхоздың мән-мағынасын халыққа түсіндіреді. Ол кеткен соң, тұрғындар құрылған колхозды Ә.Жангелдиннің атына беруді ұйғарады. 1922 жылы Ащықайнар деген жерде алғашқы мектеп ашылады. Кейін ол мектепті осы Бесмойнаққа көшіреді. Қазір аталмыш ауылдағы мектеп Ә.Жангелдиннің атында. Соғыс жылдары Алматыдағы зауыттарға жұмысшы күші жетіспей, орыстар көшіп кетеді. Содан бері ауылда қазақтар тұрып жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін ауылға бұрнағы тарихи атауы берілген. Ауыл жоғарыда айтып өткен екі өзеннің атымен аталған. Бұл атау ұзақ болған соң, үлкен өзен – Бесмойнақтың аты таңдалынған. Тау аңғарындағы ауылда ескі үйлер жоқ. Жаңа мектеп пен балабақша салынған. Найманбай батыр ұрпақтары да осы ауылда тұрады.
Сұңқар ауылының пайда болуы
Ауылға Сұңқар деген атау тәуелсіздік алғаннан кейін берілген. Таудың ең төбесіндегі үңгірлі тас – Сұңқар тас деп аталады. Алыстан қарағанда әлгі тас көктен жерге құйғытып келе жатқан сұңқар құсына ұқсайды екен. Ауыл 1944 жылы сталиндік тәртіпке байланысты еріксіздер тұратын мекен болған. Ондағы жер аударылған шешендерге ауылдан 3 шақырым қашықтықтан ұзап кетуге тиым салынған. Жер аударылғандар осы тау қойнауында қатаң бақылауда болған. Шешендер ол ауылда 1990 жылға дейін өмір сүрген. Тәуелсіздік алған соң, олар көшіп кетіп, ауылға Түрікменстан қазақтары көшіп келеді. Ауылдың соңғы он жылдықта бой көтерген үлкен мектебі бар.
Қазіргі тыныс-тіршілік
Дегерес селолық округіне 5 елді-мекен кіреді: Дегерес, Бесмойнақ, Бұлақ, Қараарша, Сұңқар. Дегерес ауылы аудан орталығынан 60 шақырымдық қашықтықта жатыр. Округтің халық саны – 4024 адам. Ірі қара мал саны – 7490, қой мен ешкі – 42706, ал жылқы болса – 1800 бас. Ауылда асыл тұқымды жылқы ұстайтын қожалықтар бар. Негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Жастар ауылға спорт зал мен мәдениет үйінің қажет екенін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Тұрғындар ауылға қарай келе жатқан газ желісінен үмітті. «Енді сол мәдени ошақ болса, бізде барлығы бар», – деген ойларын жеткізіп жатты.
Дегерес ауылдық округінің аймағында өмір сүріп жатқан халық үшін таңба салынған тастарды көру таңсық емес. Күркіреу, Дегерес, Бұғымүйіз сайларынан тастағы суреттерді көп кезіктіруге болады. Мұның өзі арнайы зерттеуді қажет ететін тарихи қазыналар деп қарастыруға тұрарлық. Себебі, Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» деп аталатын кітабында Жағда Бабалықұлы Жамбыл ауданындағы тастардан көптеген тарихи дерек табуға болатынын айтып кеткен. Өзі Майтөбе жайлауынан тапқан тасты Ы.Дүкенұлы атындағы мұражайға табыстаған. Таста домбыра тартып отырған адамдар бейнеленген. Осы тас арқылы домбыраны зерттеушілер ұлттық аспаптың тарихын арыға қарай қозғалтқан еді. Егер таудағы өзге де суреттерге мән берілсе, тағы да дерек көздері шығар ма еді деген ойда қалдық. Бесмойнақ, Сұңқар, Қарааршаға алып баратын жолдар былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен. Кеңсай ауылының тұрғындары өздеріне қарай көлік жүретін жол түссе деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Шағын ауылдың оқушылары Сұңқар ауылындағы мектеп-тен білім алады. Сондай-ақ, округтің орталығы Дегерес ауылының жолдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Дегерестің мектебіне барып оқитын оқушылар мен ата-аналар Бұлақ ауылы мен Дегерестің арасындағы қатынас жолы жөнделсе деген ниеттерін білдірді.
Таудың саф ауасымен тыныстап, мамыражай тірлік кешіп отырған округ тұрғындары тарихи һәм киелі жерлерімен мақтанады. Тұмса табиғаттың өзімен қоян-қолтық араласатын ұрпағымыз ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсетініне сенімдіміз дейді. 70 жастағы Рәзия Кенжебекова өз сөзінде: «Дүниеде оп-оңай жеңіс жоқ. Егер біздің елдің жер көлемінің кеңдігі алғашқы ондыққа кірер болса, ол үшін қаншама тер төгіліп, қаншама боздақ қыршын қиылды? Санына жету мүмкін емес. Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» деп бастама көтергеніне қатты қуандым. Біздің ауылдың балалары аттың құлағында ойнайды. Алыстан-ақ жүйрікті жазбай таниды. Жазда бие байлап, қымыз ішеміз. Таулы жердің табиғатын таза ұстап, аң-құсын аялап отырмыз. Жаңғыру деген осы. Шынында да рухани жаңғыруды табиғаттан, туған жерден бастау керек. Себебі, біздің қазақтың көшпелі мәдениеті адамгершілік межесімен қарайтын болсақ, өте жоғары болғандығын байқаймыз. Көштің өзіне күл қалдымай, қоқысын шығарып, төрт түлік малының иесі мен киесін ескеріп отырған. Міне, қазақтың осы мінезін біз шынында да ұрпақ санасында жаңғыртуымыз керек», – деген ойын жеткізді.
Ат құлағында ойнап, сайын даланың төсін саз балшықтай илеген батыр бабалармыздың ат үстіндегі мәдениеті ұмытылмауы тиіс. Сондықтан жылқы асылын көзінің қарашығындай қастерлей-тін өлкені ат үстіндегі мәдениеттің этно орталығына да айналдыруға болатынына көзіміз жетіп қайтты. Суы мөлдір, ауасы таза, шөбі шүйгін өлкенің асауы ауыздықпен алысып, тұлпары желмен жарыса алатыны – жазылмайтын заңдылық іспетті.
Айнұр Төлеу.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!