BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сырдың бұлбұлы Мəдина Ералиеваның әндері есіңізде ме?

Фото: ztb.kz

Күп-күрең менің реңім, Қош енді, қош бол, күрең күн! Жаз келер жəне жап-жасыл, Жақсылық тағы тілермін. Жадырап өмір сүрермін, Қош енді, қош бол, күрең күз!.. Осы əнді тыңдасам, көзіме мөлдіреген жас келеді. Ауыр мұң басады...

Менің ғана емес, Сырдың бұлбұлы Мəдина Ералиеваны жақсы көретіндер үшін де оңайға соқпағаны белгілі. Таңдайынан бал тамған қазақтың ерке əншісі, марқұм Мəдина ғұмырының соңғы жылдарында «Күрең күзді» ел алдында талай мəрте шырқаған еді. Оның қамшы сабындай ғана қысқа ғұмыры 2000 жылдың 27 қарашада үзілді. Күзбен бірге əнші Мəдина елімен қош айтысты. Сол кезде күнде күңіреніп, жаңбыр жауып тұрған еді. Иə, халық жүрегінен орын таба білген бұл əнмен дүлдүл əнші Мəдина өмірімен қоштасқандай болды. Бəрін жылатқан туындының шығу тарихын бірі білсе, енді бірі білмес. Көптің жүрегінен орын алған əдемі шығарма ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған екен. Авторы – күйші, əнші-сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген əртісі Гүлнар Дəукенова. «Күрең күз» əні 1999 жылдың қазан айында дүниеге келген. Күндердің күнінде түс мезгілінде Гүлнарды бір танысы қонаққа шақырады. Алайда, сазгердің қонаққа баратын құлқы болмай, ол үйде қалуды жөн санайды. Ойына бір əуен келіп тұрады. Бірақ, оның сұлбасы болғанменен, сыртқа шығара алмайды.

Сазгер қолына Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағын алып, көңілін бөлгісі келіп, кітапты парақтай бастайды. Бір кезде көзіне «Күрең күз» өлеңі түседі. Өлеңді оқыған сазгер дереу əуен жаза бастайды. Түскі сағат 12-ден бастап жазыла бастаған əн таңғы 5-те ғана аяқталады. Осы уақыт ішінде сазгер біресе жылап, біресе мұңайып, қатты қиналған көрінеді. Таңғы сағат 8-де ол жұмысқа келеді. Əріптестері оған суық хабарды жеткізеді. Бірге жұмыс істеген жап-жас қызды өлтіріп кетіпті. Сазгер əн шығарған уақыт аралығында қыздың өліміне байланысты қылмыс орын алған. Таңғы уақытта қыз көз жұмған екен.

Сонда сазгер: «Менің қиналғаным бекер емес екен. Қыз жаны осы əнмен бірге шыққан ғой» деп болжайды. Жаназасын шығарғанда ішінен: «Əнімді өзіңе арнадым» деп онымен қоштасады. Бір күні сазгер теледидардан Мəдина Ералиеваның сұқбат берген бағдарламасын көріп, əнші əпкесіне хабарласады. Жаңа əннің жазылғанын, оның үлкен əсерде дүниеге келгенін айтып, домбырамен жеткізеді. Əнді марқұм Мəдина ұнатып, оң бағасын береді. Кейін сазгер мен əнші жолығып əнді əрлеп, жаздыртады. Бір айдан кейін əн халық назарына ұсынылады. Осылайша нəзік те сыршыл үн, өзіндік мəнерімен халықтың сүйікті əншісіне айналды. Оның орындауындағы «Айқарагөз», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр» секілді халық əндері мен «Кіресің жиі түсіме», «Сағым жылдар» əндері əлі есімізде.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер