ӨЗІҢСІЗ ТӨРТ КҮЗ ӨТТІ... - Мәдениет|13 Қараша 2017, 10:11
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

ӨЗІҢСІЗ ТӨРТ КҮЗ ӨТТІ...

Фото: Елдар Жақыпбек

Бұл мақаланы жазбас бұрын арғы-бергіні саралап үлкен әкеммен өткен күндерімді, қызықты шақтарды еске түсіріп, біраз еріксіз көзге жас та алдым. Есенқұл Жақыпбек әкем Еркіннің туған бауыры. Бала кезден өлең-сөзге құмар Есәкем әкесі Серікбайдың айтқан өлеңдері мен жыр-дастандарын жаттап өсіпті.

Бұл жайында өзі бір сөзінде: «Әкем менің өлең жазатынымды, өлеңге деген құштарлығымды айтпасам да сезіп, біліп жүрді. Егіс даласынан келіп кешкі тамағын ішкен соң, пештің түбіне жантая кетіп домбырасын қолына алып, шырқатып ән айтушы еді, жарықтық. Сондай күндердің бірінде әкем мені оңаша шақырып алып: «Балам сен өлең жазуға құмар болған екенсің, бұның өте қуантарлық дүние. Бірақ, сен мынаны біліп қой. Өлең – әркімнің бардым-келдім жазатын әлду-бәлду дүниесі емес. Өлең жазсаң, бар жан-тәніңмен жаз. Өлеңді құрмет тұта білсең, өнердің биік шыңына шығарсың. Атақ-даңқ үшін өлеңнің соңынан қуып кетпе. Шынымен ақын болғың келсе, осы бетіңнен қайтпа. Әйтпесе, мен сияқты шаңға көміліп жүрген трактористің бірі боласың да қаласың», – деп еді. Жарықтық әкем мені сол бірдеңені шимайлап жазып, өлең қылып жүргеніме риза болып, 9 баласының ішінен өзіне қатты жақын тартушы еді. Бір күні мектепте оқып жүрген кезімізде Жолсейіт ағай Мұхтар Әуезовпен мектепте кездесу өткізбекші екен. Соған алдынан шығып арнау айтатын адам жоқ, «Серікбай өзің арнау айтшы», – деп ұсыныс тастап еді. Әкем оның сөзін жерге тастамай бар жұмысын қойып, Мұхтар Әуезовты күтіп алу қамына кірісті. Ертесінде келеді-ау деген қонағымыз келіп, әкем алдынан шығып, өзінің арнауын айтты. Содан кейін мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы Мұқаңмен сұхбаттасып, кеш өткізіп шығарып салды. Мұхтар аға мектепте әкеммен дидарласып, әдебиет жайын қозғап біраз әңгімелескен соң, әкем оны үйге қонақ қылып шақырды. Шағын ғана екі бөлмеде тоғыз баласымен тұратын әкем сыйлы мейманды үйге әкеліп қонақ қылды. Сол күні олар әкем екеуі түнімен көз ілмей, Жетісу ақындары жайлы бір-бірінен сұрап отырды. Ертесінде кетерде Мұхтар Әуезов әкеме: «Серікбай, сен менімен бірге қалаға жүрсеңші. Сендей жігіттер ауылда қалмау керек. Мынау менің мекенжайым. Бұдан былай бір-бірімізден әдебиет жайында хабар алысып тұрайық», – деп кетіп бара жатты да, тоған жағасында суда ойнап отырған мені көрді де, басымнан сипап: «Мен мына баланың көзінен жалындаған от көріп тұрмын. Бұл бала түбі ел сыйлайтын үлкен азамат не ақын болып шығады», – деді де батасын беріп, алғысын айтып кетті. Содан да болар бойыма шабыт келіп өлеңді жаныма серік еткенім», – деуші еді.

Иә, Есен әкем туралы жазылар дүние мен айтылар ой көп. Бірақ, оның бәрін бір бетке сыйдыра алмаспыз. Мұхтар Әуезовтен бата алған Есәкем мені 6-сыныптан бастап өзіне жақын тарта бастады. Себебі, біз 6-сынып оқып жүргенде мектеп директоры Хамит Есбаев әкесі Жолсейіт ақсақал сияқты ақын Есенқұл Жақыпбек пен шәкірттері ақын Ермек Жұматаев, термеші Ақан Әбуәлілермен кездесу кешін ұйымдастырды. Сол кездесу кеште мен және сыныптасым Елдос Үмбетәлиев үлкен әкем мен шәкірттеріне арнап арнау оқып бердік. Мен өлең оқыған соң, ол кісі аң-таң болып: «Ей, мынау шынымен өзі өлең жазды ма? Шынымен Серікбайдың ұрпағыма-ей. Келші бері», – деп мені құшақтай кеп қуанып «Менен кейін де әкеміздің ата жолын қуатын біреу бар екен ғой. Сен қазір үйге бізбен бірге қайт. Әкеңмен сөйлесейін», – деді де, кеш біткен соң мені үйге ертіп әке-шешеме барды да: «Еркін мына баланың өлең жазатынын маған неге айтпағансың? Менің де артымнан өсіп келе жатқан біреу бар екен ғой. Сен мына баланы маған бер. Мен бұны асырап алайын», – деді. Әкем мен шешем сасқанынан: «Аға, ренжімеңіз, бұл біздің кенже баламыз. Оның үстіне денсаулығы да мәз емес, сәл суық болса ауырып қалады. Бере алмаймыз!», – деп мені апам мен әке-шешем Есәкеммен жібермей қойды. Бірақ, арада екі жыл өткен соң, мен аудандық Жамбыл оқуларына қатысып жүлделі орындардан көріндім. Сабақтан кейін аптасына екі рет Есенқұл әкемнің үйіне келіп-кетіп жүретін болдым. Сөйтіп, мектеп бітіріп, арман қуып Алматыға оқуға тапсырмақ болдым. Мен ауылда жаздың күйбең тірлігімен жүріп жаз аяқталады-ау деген шақта Абай атындағы ҚазҰПУ-не қабылдау коммисиясына кіріп, құжаттарымды тапсырып жатқанымда, ұзын бойлы, ақ шашты, көзіне көзілдірігін тағып алған профессор маған көзілдірігінің астымен қарады да: «Ей, Жақыпбеков «мұрынжырауды» танисың ба? Танысаң кімің болады?» – деп төтесінен сұрақты қойып қалды. Мен сасқанымнан: «Ағай, мен «мұрынжырауды» танымаймын», – дедім. Ол күлді де: «Есенқұл кімің болады?», – деді. Мен: «Үлкен әкем ғой. Әкемнің үлкен бауыры», – деп едім ол кісі: «Ендеше, сол мұрынжырауға менен сүйінші сұрап сәлем айта бар. Сен оқуға қабылдандың. Рахым ағай бір кітабыңды сұратып жатыр де», – болды, кете бер деді. Бұны естіген менің бала көңілім алып ұшып төбем көкке жетердей болып қуанып Ұзынағашқа жетуге асықтым. Асықтым да, қуанышымды бірінші болып Есенқұл әкеме жеткізейін деп шештім. Сөйттім де, Ұзынағашқа аудандық «Атамекен» газетіне келдім.

Келсем, Есағам әдетінше темекісін шегіп, сыртта тұр екен. Мен жүгіріп келіп амандасып оқуға түскенімді, ол кісіге әлгі кісінің «мұрынжырауға сәлем айт» деген сәлемдемесін айтып едім, естіді де қарқылдап күліп: «Ай, Рахым ағайым-ай, сіз әлі де бар екенсіз-ау. Ол менің ҚазГУ-дегі ұстазым болған. Жақсы адам ғой», – деп ұстазы екеуінің арасында болған қызықты жайттарды айтып, өзін неге «мұрынжырау» деп айтатынын да түсіндіріп, мені де бір күлдіртіп тастап еді.

Содан мен университетке оқуға түсіп, Жұмаш Арғымбаев, Рахымжан Сатай сынды ардагер журналистерден сабақ алып оқып жүргенімде кенеттен бүйрегіме суық тиіп, ота жасатуға тура келді. Одан кейін алты айға дейін өзіңе көп күш түсіруге болмайды, оқудан академиялық демалыс ал деді дәрігерлер. Мен оны құптап бір жыл ауылда жаттым. Ауылда жатып ішім пысқан соң, редактор болып тұрған ағама келіп мені редакцияға от жағушы не күзетші қылып болса да жұмысқа алуын өтіндім. Менің бұл ұсынысыма таңқалған ол кісі: «Неге бірден корректор немесе журналист емес?», – деді. Мен ол кісіге өзімнің тәжірибем жоқтығын, сондай-ақ күзетші немесе от жағушы болып жүріп газеттің жұмысымен танысар едім, – деп ұсыныс білдірдім. Бұл ұсынысымды құптаған үлкен әкем мені редакцияға күзетші етіп жұмысқа алды. Сол уақытта редакцияның ішкі-сыртқы дүниесімен танысып, мақала жазу мен басқа да дүниелерді қалай істеу керектігін үйрендім. Бір күні фототілші болып қызмет етіп жүрген жігіт белгілі бір себептермен жұмыстан шығып кетті. Ол жұмыстан шыққан соң Есаға маған: «Сен фотоаппаратпен суретке түсіре аласың ба? Көрші. Мына жақта отырған Тұрсынжан мен Гүлнәр, мен сияқтылар бұның тілін түсінбейміз. Сен жассың ғой», – деп қолқа салып, менің бір жиналысты суретке түсіріп келуімді өтінді. Ол жиналысқа барып келген соң, суреттеріме қарап отырып, «Сенен бірдеңе шығып қалар. Бірінші түсіргенге жаман емес. Ертең Нұрманбет ағаңды шақырамын. Содан қалай суретке түсіру керектігін үйрен. Сен бүгіннен бастап фототілші боласың», – деді. Сөйтіп, Нұрманбет ағамен жүріп бірнеше уақытта суретке түсірудің қыр-сырын игеріп алдым. Содан мен оқуға қайтадан тапсырып, екі жыл оқыған соң қаржы тапшылығынан оқуымның ақшасын төлей алмай, оқудан шығып кеттім. Бұл жаңалығымды естіген Есағам менің көңілімді көтергісі келді ме екен, күлді де: «Сен дәл маған тартқан екенсің. Мен 11 жыл дегенде әрең жүріп оқу бітіріп, диплом алдым. Сен де солай боласың-ау...», – деп әзілдеді. Расымен солай болды. Мен де 11 жыл оқып, келесі жылы Алла бұйыртса диплом аламын.

Оқу оқып, оның ақшасын төлеу маған қиын болғандықтан осы редакцияда жұмыс істеп жүре беруді жөн көрдім.

2013 жылы шаңырақ көтердім. Сол сәтте Есағам балаша қуанып: «Енді сенің әйеліңнің қолынан шәй ішетін болдым-ау. Сен тойыңды 16 қарашаға қой, 15 қараша Меңсұлу шешеңнің 60 жылдығын атап өтейік. Сол мерейтойға менің өлеңдерімді айтып жүрген Мейрамбек Беспаев бастаған барлық әншілер келеді. Сенің тойыңды той емес, концерт қылып өткіземіз. Сен 2-3 күнге демалыс алып тойыңа дайындал. Ештеңені уайымдама», – деп қуанып, той ұйымдастыру қамына өзі кірісіп кетіп еді. Әттең... Әттең, бірақ сол қуанышты Есенқұл әкеммен бөлісе алмадым-ау. Жаңа түскен келінінің қолынан шәй ішу бақыты да бұйырмады. Қайран әке, өмірден өтеріңді кім білген? Міне, содан бері төрт күз сенсіз өтті. Төрт күз бойы сізді еске алып, Құран бағыштаумен артыңда қалдық. Мені өнерге баулып өсірген, ең бастысы Аллаға құлшылық қылуды үйреткен әкемнен де жақын болып кеткен сізді қатты сағынамын. Сағынышымды сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Кейде өзіңнің жатқан жеріңе барып, бар сырымды, мұңымды айтып, өткен күндерімді еске алып еріксіз көзге жас аламын... Жатқан жерің жайлы болсын, ардақты әке!

Елдар Жақыпбек.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер