Латын әліпбиі бізді біріктіреді - Мәдениет|23 Қыркүйек 2017, 11:09
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Латын әліпбиі бізді біріктіреді

Біз университетте оқып жүргенде Қытайдан келген қандастарымыз болды. Олар сол елде төте жазумен жазып үйренгендіктен біздің елге келіп, кириллицадан оқу мен жазу айтарлықтай қиындық туғызды. Сонда олар бізде яғни, қазақ халқында біртұтас әліпби болса ғой деп армандаушы еді. Әйтпесе, Қытайда төтеше, бізде кирилше, тағы басқа жердегі қазақтар латынша жазып, әрқайсысы жазған дүниесін әртүрлі таңбалаушы еді. Сол таңбаланған дүниені өзі тұрып жатқан ортадағы бауырлары түсінбесе, өзгелері мүлде түсінбейтін. Енді міне, сол қандас бауырларымыз бен біздің ортақ арманымыз орындалатын күн де алыс емес.

Яғни, біз біртұтас латын әліпбиіне 2025 жылға дейін көшуді жоспарлап отырмыз. Бұл дегеніңіз, тілге қиянат жасау емес, керісінше ілгерілету болмақ. Біз латынға жаңадан келіп жатқан жоқпыз, онымен қайта қауышудамыз. Демек, өткенімізді жаңғыртып, рухани жаңғыру жолына түсіп келеміз. 1929-1940 жылдары қолданылған латын қарпіне өзгерістер енгізу арқылы жаңа кезеңге аяқ басқалы отырмыз.
Бұл жаңалық күллі қазақ жұртына серпіліс бергендей болды. Ауғанстан мен Ирандағы, Түркия мен Қытайдағы тағы да басқа мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қандастарымыз да осы жаңалықтан хабардар болып, өздерінің қуаныштарымен бөлісіп жатыр. Ауғанстандық қандасымыз, Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының студенті Рахметулла Дәулетияр бұл жайында былай дейді: «Біз алғашында атажұртқа оқуға келеміз дегенге қатты қуандық. Бұл жерге келіп жоғары білім алуға мүмкіндік жасаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына алғысым шексіз. Елбасы Ауған жерінде қиын-қыстау заманды бастан кешіп жатқан мемлекеттің жастарына Қазақстанда білім алуға мүмкіндік жасап, демеу білдіргені үшін зор алғыс айтсақ та жеткілісіз болар. Көрегендігімен елімізді басқарып отырған көшбасшымызға Алла ұзақ ғұмыр берсін!
Елбасының биылғы шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын оқып отырып, біраз нәрсені ой елегінен өткізіп, болашаққа біз де бағдар жасап көрдік. Енді біз осы мақалада айтылған дүниелерді іс жүзіне асыра білсек, алар асуларымыз бен бағындырар белестеріміз көп болмақ. Осы мақаланы оқи отырып мен қазақ елінің латын әліпбиіне көшуі туралы айтқан тармақты оқып, қатты қуанып кеттім. Себебі, төрткүл дүниеде ғұмыр кешіп жатқан әр қазақ баласы қазіргі таңда ағылшынша жақсы оқи алады. Бірақ, олардың көбі кирилше әріп танымайды. Осы жағынан келгенде бұл біз сияқты сыртта жүрген қазақ жастарына үлкен қуаныш сыйлады. Өйткені, енді біз сияқты жастар өз еліне білім алуға келгенде латын қарпінде білім алса еш қиналмайды. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшсек бізге, яғни қазақ жастарына ағылшынша үйрену де оңайға соқпақ. Осындай мәселені қозғап, ел болашағын ойлап жүрген Елбасымыздың көрегендігіне тәнті боламын. Алла елімізді бейбітшіліктен айырмасын!», – деп өз тілегін жеткізді.
Иә, латын әліпбиіне көшу түркі әлемімен қарым-қатынасымызды нығайтып, достығымызды үдете түспек. Сыртта жүрген бауырларымыз бұл бастаманы қолдап, қуанып жатыр. Біз де сол қуанышқа ортақ болып, ел болашағы үшін жасалып жатқан жаңалықты қуаттайық.


Елдар Жақыпбек.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер