BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Фильмнің бағын кім ашады?

Фото: mnenie-about.ru

Республикалық мәртебесі бар Алматы қаласында жыл сайын көптеген шаралар ұйымдастырылады. Солардың бірі – кино саласына қатысты бірнеше кинофестивальдер: Халықаралық Еуразия мен Бастау және осы жылы бірінші рет өткізілген «Байқоңыр», анимациялық фильмдер фестиваліне қатысты ең алғашқы «Ер Төстік» және «Қарлығаш» фестивальдері және республикалық жастар кинофестивалі «Дидар». 2006 жылы құрылған «Дидар» байқауының мақсаты – киноиндустрия өкілдерінің назарын жас режиссерларға көңіл аударту, кәсіби кинооператорлармен, дыбысрежиссерларымен, сценаристармен байланыс орнату болған еді. Анимациялық, көркем, деректі фильмдер мен музыкалық клиптер көрсетілетін бұл шара, өкінішке орай, қазіргі кезде өз қызметін тоқтатқан.

Биыл бірінші рет өткен қазақ анимациясының негізін салушы Әмен Абжанұлы Хайдаровты еске алуға арналған «Қарлығаш» атты республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалінің мақсаты – қазіргі заманғы және өткен кезеңдегі қазақ анимациясын бір-бірімен сабақтастыру, шығармашылық тәжірибе алмасу, жаңа идеялар іздеу және кәсіби аниматор мамандығын таңдауға бағыт беру болса, ал 2011 жылдан бастап келе жатқан «Ер Төстік» фильм-дер фестивалінің мақсаты – Қазақстандағы анимациялық мультфильмдер аясында қордаланып қалған мәселелерді талқылау, қарау, шешу болып табылады. Қазақстанда мультфильмдер көп, бірақ анимациялық фильм-дер фестивалі аз десек те болады.
Кинофестивальдер – кинолар үшін алғашқы баспалдақ, барлық көрермендерге жол тартар алғашқы жол. Көптеген фильмдер үлкен экранға шыға бермейді. Дегенмен, кинофестивальдер кино сүйер қауымға жаңа туындыны таныстыратын, фильмнің бағын ашатын, режиссердің жұмысына баға беретін шара.
Фестивальдер идеологиясының басты құралы — кино өндірісі арқылы ұлттық өнердің тұңғиығынан бастау алатын отаншылдық бағыттағы, сондай-ақ көрерменнің қызығушылығын арттырып, рух беретін жұмыстарды жарыққа шығару.
Биыл бірінші рет ұйымдастырылған қысқаметражды фильмдердің «Байқоңыр» атты фестивалі 17-18 қыркүйек күндері өтті. Бұл фестиваль отандық индустрияда жаңа есімдердің ашылуына және кино әлеміне алғаш қадам басқан жас режиссерларға өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік берді, ал аталмыш шараның міндеті – отандастарымыз арасында қысқаметражды қазақ киноларын насихаттау болған.
Екі ай ішінде конкурсқа 200 жұмыс ұсынылып, 40 туынды фестивальге жіберілді, олардың 20-сы көркем фильм, 8-і деректі және анимация жанрында 11 туынды. Қазылар алқасы кәсіби кинематографистер режиссер Рашид Нұгманов, кинотанушы Гүлнар Абикеева, аниматор-суретші Ғали Мырзашев, директор Ильяс Ахмет және Сабина Күзенбаева.
Кинофестиваль Алматы қаласының шаһары Көктөбеде, танымал режиссерлар, актерлар мен жас мамандардың және келген қонақтардың қатысуымен жоғарғы деңгейде аталып өтті.
Бас жүлдені режиссер, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі Шарипа Оразбаеваның «Едоки картофеля» фильмі алды, бұдан басқа Дархан Төлегенов «Маршрут» фильмі «үздік режиссер», Алдияр Байракимов, Венера Кайржанова «Хлоп-топ» картинасы «үздік сценарий», Диас Кұлмаков «Аялдама» фильмі «үздік оператор», Берик Жаханов «Еркек» туындысы «үздік актер», Фариза Танаева «Әке» фильмі «үздік актриса», Санат Шакиева «Комендант Ильменау» «үздік тәжірибелі фильм», Қымбат Тойшы «Ауыл тынысы» «үздік деректі фильм» номинацияларымен марапатталды.
Сонымен қатар, фестиваль серіктестіктері режиссер Арнас Хабидің «Прозрение» мультфильмін құрмет грамотасымен құттықтады. Бас жүлде иеленген жеңімпаз 24-30 қыркүйек аралығында өтетін XII-ші Халықаралық “Еуразия» кинофестиваліне қатысуға мүмкіндік алды.
Фестивальдің «Байқоңыр» деп аталуы да жаңа жұлдыздардың алға ұмтылып, өзінің бағы жануына ұмтылыс жасауы дегенді білдіреді.
Бірінші рет ұйымдастырылған бұл фестивальдің бастамасы жаман емес. Жақсы нәтижелермен жыл сайын қазақ киносына үлкен үлесін қосады деген сенімдеміз.
1998 жылы құрылып, қазіргі уақытқа дейін ұйымдастырылып жүрген, еліміздегі мәдени шаралардың бірі – XII-ші Халықаралық Еуразия кинофестивалі де басталып кетті.
Жыл сайын өткізілетін бұл шараның ерекшелігі — ұйымдастырушылар бірінші рет фестиваль барысында кафелер мен саябақтар сияқты 20 қалалық алаңдарда көрермендерге еуразиялық кинолармен танысуға мүмкіндік жасап отыр.
Фестиваль «махаббат» тақырыбында өтеді: қоғамдық орындарда ұйымдастырылатын кино көрсетілімдер шеңберінде «Қалаға деген махаббат», негізгі конкурстық және конкурстан тыс бағдарлама «Киноға деген махаббат», шеберлік сын-сағаттары, пресс-конференциялар, дөңгелек үстелдер, кәсіби өнеркәсіп өкілдерімен кездесулер өткізіліп тұрады.
Кинофестивальдің ашылуында Оңтүстік Корей режиссері Ён Сан-хоның «Поезд в Пусан» фильмі көрсетілді.
Қазақстан мен Орта Азия фильмдер бағдарламасын қосқанда, кинофестиваль бағдарламасында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 100-ден астам жұмыстар қатысады. Толықметражды туындылар конкурсымен қатар қысқаметражды фильмдердің де конкурсы болады. Сонымен қатар бірінші рет әр жанрдағы араб фильмдері көрсетіледі. Былтырғы жылғы дәстүр бойынша бағдарламада деректі фильмдер мен балаларға арналған фильмдер ұсынылады. Ең үздік деректі фильм Ораз Әбішев атындағы жүлдені, ал үздік балалар фильмі Абдулла Карсакбаев атындағы жүлдені иеленеді.
Қазақ фильмдерімізден Әділхан Ержановтың «Чума в ауле Каратас», Жанна Исабаеваның «Бөпем», Игорь Пискуновтың «Раз в неделю» туындылары фестиваль бағдарламасында көрсетіледі.
Әрине, қазақ туындыларынан 3 фильмнің ғана көрсетілуі өкінішті-ақ. Бұл да болашақта айтып жүретін нәрсе.
Ал 2011 жылдан бастап жұмыс жасайтын «Бастау» фестивалінің мақсаты — Халықаралық ынтымақтастық және Еуропа мен Азиядағы жас кинематографистердің тәжірибе алмасуы. Қазан айында өткен «Бастау» кинофестивалі – кино саласындағы жас дарындарға және студенттерге жол ашары хақ. Бұл фестивальге де әлемнің түкпір-түкпірінен келген туындылар қатысты.
Жыл сайын өткізілетін фестивальдерде кино саласындағы мамандар бас қосып, жаңа қазақ туындылары көрсетіліп, қазақ киносы дами түседі. Әр байқаудың өзінің мақсаты мен ерекшеліктері, бағдарламалары болады, өткізіліп жатқан кинофестивальдердің ұқсастығы жас мамандарға және студенттерге ой мен пікір алмасып, тәжірибе жинап, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан Қазақстан үшін, кинематографистер мен жас мамандар үшін бұл фестивальдердің маңызы зор.
Фильмнің бағын кім ашады? Бізді осы мәселе толғандырады.


Мария ПИЛТАН
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық
Өнер Академиясының 2-курс студенті.

urker.kazgazeta.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер