Дүбірге толы дүниенің тізгіні – Ананың ақ ниетімен өрілген. Табиғат көңілі тау бұлағындай таза, алақаны аялы, жүрегі жылы, құшағы кең әйел қауымын өте шебер жаратқан. Жаны нәзік болғанымен зіл батпан қиындықты қайыспай көтеретіндей төзім, сабырды да аямай беріпті. Өмірге тоғыз ай көтеріп, нәресте әкелумен бірге отбасындағы бар шаруаны қатар алып жүретінін қайтерсің. Бабалардың «Қыздың қырық жаны бар» деген сөз тегін айтылмаған. Ананың тағы бір құдіреті балаға деген махаббаты. Мұндай мөлдір сезімді өмірде кездестіру, тіпті салыстыру мүмкін емес. Жоқ та шығар. Оған ғасырлардан жеткен ана туралы орамды ой, ел аузындағы аңыз, әңгімелер дәлел бола алады. Иә, айта берсек Ана жайлы тебіреніске толы жолдарды жалғастыра беретініміз анық.
Расында, Әйел-Ана адамзаттың киелі ұғымы болып қала беретіні басы ашық әңгіме. Өйткені, ана ұрпағымен мың жасайды. Ұрпағы барда оның есімі ешқашан ұмытылмайды. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ өз ортамыздан алуға болады. Жиын-той, мерекелерде көптен көрмеген ағайын-туған, дос-жаранмен кездесіп, әңгімелесіп қаласың. Осындай жүздесуде қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов мұқабасынан бастап аса талғампаздықпен басылған қалың кітапты ұстатты.
– Анам өзіңді жақсы көруші еді. Бұл біз үшін аса құнды дүние, – деді.
Әрине, кішкентайымнан ауылдағы үлкен-кішіге үлгі болған ағаның сол сөзі жүрегіме жазылып қалды. Сосын кітапты парақтап, көз жүгірттім. Кейін уақыт тауып асықпай оқып шықтым. Дәл осындай анаға деген перзенттік парызға толы өзге кітаптарды оқығаным есіме түсті. Қолыма қалам алуыма көптен ойымда жүрген осы тақырып түрткі болды.
“Кітап – рухани байлық” деп бекер айтылмаған. Бала тәрбиесіне, тіпті адам тәрбиесіне осындай тағылымға толы естелік кітаптардың берері мол екенін ұғынасың. Өмір тым қысқа, қамшының сабымен салыстыратынымыз осыдан. Өзім де анамын. Аптал азаматтардың асыл жандарға деген жүрек түпкіріндегі перзенттік сүйіспеншіліктеріне тәнті болдым. Мөлдірете жазған естеліктерінің өзінен сағыныштың самал лебі есіп тұр. Тіршілігінде қадіріне жетіп, мәңгілік ғұмыры басталса да бір сәт көңілдерінен түсірмегендерінің өзі бір ғанибет-ау.
Үлгі, өнеге, тағылымды жай болған-дықтан газет арқылы жас та, қария да оқысын, қажет десе көңілдеріне түйсін деген ниеттемін.
Қоғам қайраткері, академик Төлеген Қожамқұловтың анасына арнап «Ханшайым» атты кітабы 18 баспа табақпен шыққан. Алғашқы бетінде өзім білетін Қаншайым әпкем бір кездегі нұрлы жүзі алаулап, сабырлы, мейірімді қалпында. Жездем Әбдісағи ағаның үйі Жамбыл тәтемнің киелі қара шаңырағы, бүгінгі музей-үйінің батысында. Мұражаймен екі ортаны терең сай ғана бөліп тұр. Әлі де солай, тек ескі үйдің орнында сән салтанаты жарасқан жаңасы. Бұл да Төлеген Әбдісағиұлының әке аманатына адалдығы. Кітаптың алғысөзін Төкен аға өзі жазыпты. Мөп-мөлдір бала сезім. Әр жолынан Анаға деген сағынышы алаулайды. Қаншайым әпкем бес болыс Екейдің керуен басы болған Досбайдың қызы. Анасы Күлила ел-жұртқа, туған-туысына қадірлі жан болған деседі білетіндер.
Ол кезде мен бесінші сыныпта едім. Ауылдың үлкені мен балалары күнде таңертең сиырды өріске табынға қосып, кешкісін қарсы алатын едік. Бұл бізге берілетін өте маңызды тапсырма саналатын. Күніне екі мәрте Әбдісағи ағаның үйінің алдындағы жолмен ары, бері өтетін әдетіміз. Сол кезде аласа бойлы, қызыл шырайлы әпкеміз көмбеге нан жауып, жер ошақтағы қазанға тамақ пісіріп жатады. Сары самаурын екі иінінен демалып тұрады. Аула тападай таза, ылғалдап сыпырылған.
– Қыз, кел ыстық күлшені әпкеме ала бар, – деп қатар-қатар тұрған көмбе нанды орап беретін. Ол кездің балалары ұялшақпыз қазір ойласам.
– Рахмет, – деп қоңыр сиырды алдыға сап қуа жөнелемін.
Бала болсақ та осы шаңырақтағы берекелі тірлікке қызығатынбыз. Үпір-шүпір балалардың дауысы да, бары да білінбейтін. Қаншайым ана балаларының тәрбиесіне сол кездің өзінде ерекше көңіл бөлген екен-ау бүгін ойласам.
Кітаптың алғы сөзінде жарықтық Қаншайым Досбайқызының күнделігінен (өз қолымен жазған нұсқасы да бар) мынадай жолдарды оқыдым.
«Біз екеуміз шаңырақ көтеріп, үй болып шыққанда үшеу едік. Өзі, мен, інісі. Сол кезде түс көрдім, түс құдайдың елшісі дейді ғой. Түсімде оның үйі бір өзекшеде. Киіздері алқа-салқа, есіктері ашық-шашық, бірақ үй бейнесін кереге, уық шыңырақ келтіріп тұр екен. Мен бір топ балаларға мынау Жібектің (Әпшеннің қарындасы) үйі ме деймін де, үйге қарай жүгіріп барамын. Сонда артымнан киімі жұпыны, кәртаң ер адам: «Ей, балам! Мә, мына үйдің кілті», – деп бір уыс кілт береді. Оны қалтама салсам, бауы ұзын, кір екен, бірақ мықты. Үйдің алды малдың қиынан аяқ алғысыз. Ауырып, ауруы дерттен жанына батқанда: «Сен көп жасайсың, біз балалы-шағалы боламыз және несібеміз мол болып өмір сүреміз», – деп, түс көргенімді айттым. Малдың қиы байлықтың белгісі дедім.
– Айтқаның келсін. Мен тірі тұрғанда сені ренжітпеймін, – деді. Айтқанын істеді.
Маңдайым күнге күйген жоқ, табаным жерге тиген жоқ. Ел жаяу жүргенде, жорға міндім, ел атқа мінгенде, “Волга” міндім. Барам десем, үйім дайын, мінемін десем, көлігім дайын, ішім десем, тамағым дайын, жатам десем, төсегім дайын болды.
Ал бір уыс кілтім, балаларымыздың әрқайсысы бір-бір үйдің иесі болып, жеке-жеке үлкен шаңырақ болып отырғаны.
Жамбыл атамыздың оң босағасында 25 жыл отырдық. Біздің бағымызға қарай шаңырағымыз Жамбыл атаның мұражайының іргесінде орналасты. Жамбыл атаның өмірінің соңғы жылдарында дәмдес-тұздас болып, батасын алып өстік. Әкелерің есепшілік жұмысын сол ауылда істеді. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп Абай атамыз айтқандай, мінезі биязы, істеген ісіне берік, көп ойлап аз сөйлейтін, еліне, туыстарына, жора-жолдастарына қадірлі жан еді. Жақсылықта тасымайтын, жамандықта жасымайтын.
Балаларымыз да Жамбыл атаның алма бағының ішінде асыр салып ойнап, алмасын жей жүріп, балалықтың бал дәуренін өткізіп ержетті.
“Аруақты жерден ат үркеді” деген, өз ауылымыз біз үшін өте қадірлі еді. Ол уақытта қазақтың ізет сақтайтын, үлкендерді сыйлау, алдынан кесіп өтпеу, сөзін бөлмеу сияқты салты қатты сақталған еді. Сол кездегі кісілерді құрметтеп сыйлағаннан шығар, ата-апалардың «Құдай сусыныңды қандырсын, қосағыңмен қоса ағар, бала-шағаңның қызығын көр» деген баталары қабыл болды. Әкелеріңмен жарылмаған жаңғақтай 60 жыл бірге бақытты ғұмыр кештік, үлгілі өнегелі отбасылы болдық.
Соғыс ардагері Әбдісағи 2002 жылы 80 жасында дүниеден өтті», деп түйіпті ойын.
Қаншайым Досбайқызының ерте тұрмыс құрмаса талай биікке қол жеткізетінін бұрын білмеген екенмін. Алматы қаласындағы сол кездегі №18 жалғыз қазақ мектебінде жазушы, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлымен сыныптас болып, бірге оқыпты. Әрі кластағы үздік оқушы саналған. Жар сүйіп, балалы болса да ұл мен қыздарын тәрбиелей жүріп, күнделік жазуға да уақыт үнемдеген ананың қағылез, ұқыптылығына тәнті боласың.
Мына жолдарды алайықшы:
«Әр баламның өмірі бір-бір дастан. Баламның үлкені Төлеген – үлкен отау.
Төлеген төл басым ғой дара туған,
Өзімен жақсылықты ала туған.
Жәкеңнің ауылында үлкендерден,
Бата алып, білім қуған.
Болатхан – кіші отау. Мен көп құрсақ көтергенмін ғой. Осы Болатханымнан кейін балалар шетінемеді. Балалардың арасын жалғаушы дәнекерім.
Ауылдағы үлкен шаңырақта – Бақыт. Бақыт деген халық аузында жүретін бата сөз ғой. Әкең екеуміздің шаңырақ құрғанымызға 13 жыл болғанда туылған. Кішкентай кезінде сақау болған, дызыл түйме, дызыл мата деп қызыл нәрсеге көп қызығушы еді. Артынан қатарынан үш қыз дүниеге келді. Қыздарым Күләйхан, Нұрымхан, Нұрымжан. Қыз бала бейбітшілік құсы дейді ғой ата-бабалар.
Қыздарым – қызғалдағым, қызыл гүлім,
Сендерге арналады өлең-жырым,
Атандыңдар аяулы ана, міне бүгін,
Қанша жасқа келсем-дағы өзім, міне,
Естіледі сендердің құлағыма,
Іңгәлаған сәби үнің.
Қайрат қаладағы үйде. Қайратым – Ертөстігім. Басқа балаларым – бір төбе, Қайратым – бір төбе. Кім Қайратты жақсы көреді, мен соны жақсы көремін.
Разымын жасаған бергеніңе,
Қызығын балалардың көргеніме.
Менен кім бақытты десе: «Ата-ананың құшағында өскен бала бақытты, баланың қызығын көрген ата-ана бақытты» дер едім. Мен бақытты өмір сүрдім» – деген жолдарды тербеніспен оқисың.
Иә, жыр алыбы Жамбыл тәтеміздің оң босағасында ширек ғасыр көрші болған, әрі ізетті келінге берілген ақ батамен көркейген Қаншайым ана отағасымен 60 жыл бақытты ғұмыр кешіп, 13 баланы өмірге әкеліпті. Балалары әкесі мен анасының «Алтын тойын» өткізді, баладай баптап бақты.
Әбдісағи аға Ұлы Отан соғысының ардагері, Алматыда құрылған панфиловшы-лар дивизиясының құрамында болған. 1942 жылы Мәскеу қаласы түбіндегі шайқаста жараланып, кеудесіне оқ тиіп елге оралады. Снарядтың сегіз грамдай жарықшағы жүрегіне сәл жетпей тұрып қалыпты. Қария сонымен тура 80 жасына дейін бірге өмір сүрген. Бұл да Алланың қорғағаны. Әпкеміз Елбасының Жарлығымен омырауына «Алтын алқа» таққан және отағасының жаралы жүрегіне салмақ салмаған аяулы жары болыпты.
Енді Төлеген ағаның сөзіне құлақ түрейік.
«Анам (біз тәте деуші едік, жұрт Қаншай, Қаншайым дейтін) аласа бойлы, еті тірі, ештеңеден тайсалмайтын, ақты ақ, қараны қара деп тура айтатын, ата-бабаның салт-дәстүрін берік ұстаған, еңбекқор жан еді. Жүрегіне сенім ұялатқан, иманды, аруақтарға тәу етіп, сиынып, түс көріп, түстерін жақсылыққа жорып жүретін, дастарқаны жаюлы, көңілі дарқан, көкірегі көл, қолы ашық адам еді. Денсаулығы өте мықты болды. Жүз жасаған Жамбыл атамыздан «Бір ғасыр өмір сүруіңіздің құпиясы неде?» деп сұрағанда: «Дүние деп күймедім, Жамандықты сүймедім, Жолда жатқан біреудің, Алтынына тимедім» деген екен! Асыл анамыз қартайған шағында да «менде ешқандай ауру жоқ, тек кәрілік қана» дейтін. Дәрі-дәрмек дегенді білмей кетті. Бірде, өзін әрең көндіріп емханаға жатқызғанымызда дәрігерлер анда-мында әр жерін тексеріп қарауға сүйрей берсе керек. «Маза бермедіңдер ғой, немене, менің жанымды ауыстырып берейін деп жүрмісіңдер?! Жұлқылай бермей, одан да уақытымен дұрыстап шай бермейсіңдер ме» деп, екі аяқтарын бір етікке тығыпты. «Ойбай, апа, енді келмеңізші, жо-жоқ енді ауырмаңызшы», – деп медбикелер жалынғандай болыпты. Анамыз көзі жұмылғанша өзі тұрып, өзі жүріп, ешкімге масыл болмай, өз жағдайын өзі жасап, тіпті жаназаға қажетті ырым-сырымдарының бәрін дайындап кетіпті, жарықтық! Әкем дүние салған күннен бастап күнделік жазып жүрген екен.
Иә, әр адамның ғұмыры – жатқан тарих. Ал мына жасыл мұқабалы кітаптың алтынмен «Ханшайым» деп жазылған әр бетін ашқан сайын өнегелі, бақытты ғұмыр кешкен, қарапайым қазақ әйелінің өмірінен сыр төгіледі. Әйел бақытын алыстан іздемеген кейуананың қарапайым бейнесі көз алдыңда көлбеңдейді.
Ана мен бала, ене мен келін арасындағы ыстық сезім, бірлік пен ынтымақ жайлы жазбалар көңіліңді көтереді. Мәселен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исимбаева Әбдісағи келіні Қаншайым әпкем жайлы «Атам – алтын қазығымыз, апам – берекеміз» деген тақырыпта ой жалғастырыпты.
«Атам мен апам барлық істі уақытында, орнымен жасайтын. Бірде Талдықорғаннан атамдардың үйіне келгеніміз сол еді, апам Рахат-Бидің аяғына ала жіп байлап, атам тұсауын кесіп, батасын берді. Біз ойлап үлгергенше, жұмыс та бітті, атамның батасын да алдық.
Сонымен қатар апам қол машинасымен тігін тігіп, отбасын, айналасындағыларды киіммен қамтамасыз еткенінің қадірін жақындардың бәрі біледі және ол туралы айтып та, жазып та жүр.
1994 жылы іссапармен Англияға бардым. Қыстың кезі болатын. Атам мен апама ағылшын жүнінен жасалған жемпір алып келдім. Ол кісілер сыйлыққа балаша қуанып, рақметін айтып, маңдайымыздан сүйетін. Ертеңіне барсам, әлгі жемпірдің жағасы бір бөлек, жеңі бір бөлек болып жатыр. Көңілім түсіп кетті.
– Апа, не болды, мынау сізге ұнамады ма? –деп сұрадым.
– Жоқ, шырағым, бұл маған кішкене үлкендеу екен өзіме шақтап, қайта тігіп жатырмын, – деді. Апамның тіккені Батыс-тың модельдері дайындаған киімнен кем болмады. Сол жемпірді апам көз жұмғанша тастаған жоқ десем де болады. Әр баласы мен әр немересінің үйінде апамның тіккен қамзол, киімдері мен көрпелері бар.
Төке екеумізге, кейін Биекеңе де құрастырған жамылатын жүн көрпелері қазір өзі жоқ болса да, бізді жылытуда. Сол жамылғылардан ана мейірімі, апамның алақанының жылуы, жұмсақтығы сезілетіндей», – деп жазыпты.
Осының өзінен-ақ ақылман ененің мейірімді жақсы анаға, келіннің қайырымды сүйікті қызға айналуы екі жақтың пейіліне, ниетіне байланысты екенін көреміз. Бақытты отбасы болу үшін байлық маңызды емес. Жүректердің ұғысуы, тілектердің бірігуі маңызды. Көп балалы отбасындағы ұл мен қыз, немере мен шөбере өсіп, өнген. Мәселен, Рахат-Би Әбдісағинның фортепьяно мен симфониялық оркестрге арнап жазған алғашқы шығармасымен елді елең еткізген еді. Қазір 18 жастағы дарынды өрен қазақтың Моцарты атағын иеленген. Ол магистратуралық диссертациясын қорғап, Лондон мен Прагада, Вена мен Париж сахнасында өнер көрсетіп, халқының өнерін танытқан талантты жас. Осы әулеттегі әр шаңырақ әкелері мен аналарынан көрген ынтымақты, еңбекқорлықты ту еткен, бойларына дарытқан. Әкенің, ананың бақыты деген осы. Бұл қарапайым ғана ұғым. Бірақ оған жетудің жолы оңай емес.
***
Батырлар мен ақындар еліндегі ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қызырлы әулеттің тағы бірі – соғыс ардагері Шаяхмет Ғайнанов пен Батыр Ана Сонымбүбі Құданалықызының отбасы. Олар Жамбыл ауылымен жалғасып жатқан Сұраншы батыр атындағы елді мекенде бар өмірін өткізген жандар. Бүгінде арамызда жоқ. Бірақ ұрпақтары әкелері мен аналарын жиі еске алады. Мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов бастаған ұл-қыздары «Тағдырыма ризамын», «Ана туралы толғау» деген кітаптарын шығарып, оқырманға ұсынды.
Халқымызда «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» деген қанатты сөз бар. Осыған қарағанда, марқұмдардың рухы әлі де ұрпағымен бірге жасап, жадында жаңғырып келеді.
Мына беймаза тіршілікте адам Алланың қалауымен таң атырып, кеш батырады. Тағдырының сан тарау жолын артқа тастап, артына өшпестей із қалдырды. Сол сапарыңның қалай болатыны төккен теріңе, қалдырған өнегеге, тәлім-тәрбие берген ұрпағың арқылы айнадағыдай көрінетіні заңдылық. Күйбең тірлікте оның байыбына кім бойлап жатады. Бірақ, елі мен жеріне қалтқысыз қызмет жасаған, қайырымды, мейірімді, иманды ұрпақ тәрбиелеген жандар жайлы жұрт пікірі тоғысқанда ғана еріксіз ойланасың. Өзіңе өзің есеп беретін кез келгенін ұғынасың. Ал, оннан астам баланы өмірге әкеліп, оларды тәрбиелеп, оқытып, нағыз азамат қатарына қосу кез келген әкенің, әйелдің маңдайына жазылмаған бақыт және ананың отбасы алдындағы жауапкершілігіне адалдығы дер едім. Тіпті, Қаншайым мен Сонымбүбі аналар өмір сүрген өткен ғасырдағы ауыл тірлігін бүгінгімен салыстырсақ, жер мен көктей. Ол кезде тіршіліктің бәрі қолмен атқарылады, әрі адам күшіне тәуелді. Оған қоса бірі келіп, бірі кетіп жататын ағайын-туған, жегжат, көрші-қолаңға деген құрметті қосыңыз. Қыруар жұмыс. Десек те, олар бәріне үлгерді, бәрін де аса бір ынтызар ниетпен жалғастыра білді.
«Алтын алқалы», Батыр ана Сонымбүбі Құданалықызының өмірі тәрбие, тағылымға толы және кімге болсын ой салатындай. Өмірге он бір бала әкеліп, оларды шексіз сүйіспеншілікке, мейірімге бөлегені, білім алуына қамқор болғанының өзі Шуаш, Таңатар, Құдайберді, Медетбек тәрізді елінің ертеңі үшін тер төккен жүректі, білекті баһадүр батырлар шыққан табалдырықты оң аяғымен аттап, өзі бақытты болумен бірге әулеттің де шамын жаққанына баршаның көзін жеткізді. Қарапайым отбасынан мемлекет және қоғам қайраткері, бүгінде дүйім қазақ жұрты білетін ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетін басқарған генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов бастаған ұрпақтары батыр бабалары мен ата-анасының аруақтары алдындағы парыздарына адалдық танытып жүргені. Қыркүйек айының аяғында «Анаға тағзым» деген тақырыппен ел-жұртына үлкен кеш өткізуді қолға алып, немере, шөберелеріне дейін шапқылап жүр. Аналары бақилық болса да оның жарқын бейнесін ұмытқан емес. Тіпті, апамыз өмірге келген көршілес қырғыз жерінде де еске алу жиынын өткізді. Ал, менің қолымдағы «Ана туралы толғауда» ҚР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Қ.Қасымовтың, Алматы облысының әкімі А.Баталовтың, Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттарынан бастап, көптеген азаматтар Сонымбүбі ананың көзі тірісінде өткен 80 жылдық мерейіндегі құттықтауларындағы ыстық лебіздері Анаға деген құрметтің ерекше белгісі деуге болады.
Жас ұрпақ кімнен үлгі алады десек, осындай жақсы жандардың есімі еске түседі.
***
«Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» деген. Әріптесім, жақсы әпкемнің бірі, Қазақстанның құрметті журналисі Мәкен Өсербаева жасы тоқсанның бесеуіне келген Нұрбүбі Медеуова жайлы бұдан бес-алты жыл бұрын айтқан әңгімесін естіп, шіркін, көп жасаған анамен пікірлессе деген ынтызарлық көңілімде болған еді. Қолыма «Нұрлы дүние – сырлы дүние» деген кітап түсті. Мұнда да ұзақ жыл жас ұрпаққа білім берген, Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің озаты, он бала өсіріп, «Алтын алқа» алған батыр ана Нұрбүбі Жұмағұлқызы Медеуованың өзінің өмірі, қоғам жайлы жазғандарын сүйсіне оқыдым. Сондай-ақ дәуір, уақыт тынысын тебірене айтып, айналасындағы жақын жандардың биік адамгершілігі, парасаттылығы мен жанашырлығына да тоқталады.
Адамның жүрегіндегі үміт отын үрлейді, адами қарым-қатынастың екі жаққа да байланысты екенін мойындатуымен құнды.
Отағасы марқұм Өміржан Медеуов 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, кейін соғыста ауыр жараланып, 1942 жылы туған жер топырағына оралған. Сол жылы екі жас ата-аналарының батасын алып, шаңырақ көтереді. Содан жұптары жазылмай 60 жыл бірге ғұмыр кешкен жауынгер Өміржан атаның Ұлы Отан соғысындағы ерлігіне берілген «Ұлы Жеңіс» ордені 2008 жылы 63 жылдан кейін иесін тауыпты. Өкінішке қарай, ол кезде қарт солдат өмірден өткен екен. Сондай-ақ, соғыстағы ерлігінің белгісі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлік пен батылдығы үшін», «Маршал Жуков», «Еңбек ардагері» тағы басқа марапаттары атаның өзі жоқ болса да, әженің қимас құжаты ретінде сақталған.
«Медеуұлы Өміржанның ақ босағасы маған бақ босаға болды. Атам Медеу – абыз да, енем – Ділда асыл тектілер екен. Мыңнан біріне бұйыра бермес бақ жұлдызым еді олар» деген Нұрбүбі ана әлі күнге осы сөзінен жаңылмай, қайталайды. Жасы бір ғасырға жуықтаса да әлі де тың, әңгімесі әсерлі. Көпті көргені, көңілге түйгені көп екенін бірден білесің. Аққудай аппақ болып, келіні Рая мен кенже ұлы Қыдыркелдінің құтты шаңырағында елдің, жердің, балаларының амандығын тілеп келеді.
Адамның шын ниетпен көңіліне алғанын Жаратқан қабыл етеді деуші еді үлкендер. Осы бір ақылман ананы көру маған да бұйырыпты. «Айналайын» деген ананың мейірімге толы сөзі, нұрлы жанары мен ақ жүзі табиғаттың тегін жаратпағанын сездіргендей.
Ұрпақ өсіріп, өркен жаямын деп алдына ұлы мақсат қойып, Алланың рақымынан үміт күткен әрбір адам отбасында балаларының көзінше балағат түгіл, жаман сөз де айтпауы керек. Алланың шын сүйген құлы болсаңыз, кісіге кіжінбеңіз, балаға да зекімеңіз. Жаратылысы жайдары ата-ананың балаларының да пейілі кең болады, деген адами болмысты берік ұстаған Медеу ата мен Ділда әженің өсиетін келін ретінде бұлжытпай орындаған Нұрбүбі апамыз бүгінгі шаттыққа толы өмірінің қазығын өзі қағыпты. Баһадүр батыр Қарасай бабаның ұрпағы апамызға тегінде Жаратқанның ниеті түзу болған. Атасы мен енесі немерелері дүние есігін ашқанда есімін беруге де ерекше мән беріпті. Тұңғыш немересі аман-есен болсын деген ниетпен Аманкелді, сосын Есенкелді, Ханымбүбі, Гауһар, Гүлнар, Үсенкелді, Рыскелді, Дәулеткелді, Қыдыркелді, Мейрамгүл болып, жалғастырып, жаулығының ұшына жақсы үміті мен бақыт кілтін бірге байлапты.
Бүгінде ұл-қыздарынан тараған 29 немере, жиырмадан астам шөбере, немене, ағайын-туыс, құдаларын қоссақ, үлкен бір ауыл. Балалары биіктерді бағындырған азаматтар, ең бастысы ата-ананың бетіне жел болып тимегендері. Сол бақытты, ынтымақты ту етіп жүргендер.
Саналы ғұмырының 35 жылын ұстаздыққа арнаған Нұрбүбі апа мыңдаған шәкіртті қанаттандырғанының өзі үлкен ерлік. Абзал ананың мерейіне орай ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым- Жомарт Тоқаев, мемлекет және қоғам қайраткері Бақыт Оспанов, қазақтың біртуар аяулы қызы Шәмша Беркімбаева, әнші Роза Рымбаева, тағы басқа абзал жандардың ыстық ықыласы адамды бей-жай қалдырмайды.
Адамды танудың, білудің жолы сан тарау. Соның ең негізгісі адами қасиет –кішіпейілділік пен кісілік. Әке мен апа қанымен берілген осындай Алланың сыйын Өміржан қарияның, Нұрбүбі ананың ұрпағына аямай бергені. Тіл, көзден сақтасын дейік. Өйткені, бүгінгі дүрбелеңге толы өмірде бізде бәрі бар. Тек адамдардың бір-біріне деген ізгілігі, жүрегіндегі жылылығы азайып, тіпті жоғалып барады. Барымыздан ажырамайықшы, деген ниетпен жоғарыдағы қарапайым ғана ғұмыр кешкен абыз аналар, марқұм Қаншайым Досбайқызының, Сонымбүбі Құданалықызының және бір ғасырға жуық өмір сүріп, арамызда жүрген апамыз Нұрбүбі Жұмағұлқызының өмірінен сырға, нұрға толы жолдарды оқырман назарына ұсынуды парыз санадым.
Отбасы шағын мемлекет деп бекер айтылмаған. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аналарға арнаған сөзі біздің ойымызды толықтырғандай. «Біз – ананы, əйелді əр уақытта құрметтеп, жоғары бағалаған халықпыз. Батыр аналарымыз ел басына күн туғанда ер азаматтармен бірге қолына қару алып, Отан қорғаған. Ел үшін ер азаматтармен бірге жауға шапқан Бопай ханым, Хиуаз Доспанова, Əлия, Мəншүктер өшпес ерліктерімен елдің санасында қалғанын бəріміз жақсы білеміз. Қазақ əйелдерінің арасында зор құрметке бөленген үлкен аналарымыз Домалақ ана, Айша бибі, Айғаным ханша, Зере əжелеріміз парасаттың символы болып саналады. Бүгінгі Қазақстан əйелдері – сол парасатты жалғастыратын, аңызға айналған аналарымыздың жолын жалғайтын ізбасарлары. Біз əрқашан «Əйел – үйдің қазығы» деп əйелін құрметтеген халықпыз. «Қыз өссе елдің көркі» деп қызын құрметтеген халықпыз. Ұлы Далада қилы заманнан келе жатқан игі дəстүр қазір де жалғасуда.
Біз – тәубесінен жаңылмаған елміз. Барды бағалап, көздің қарашығындай сақтай білген халықпыз. Әрі қарай да осыны сақтай білуіміз керек. Тату елде тақсірет болмайды», – деп қадап айтты. Бұдан асырып не айтамыз.
Болашақ қыздарымыз бен келіндеріміз Ана, әйел бақытына бөлену үшін жоғарыдағы Батыр аналар айтқан өмірлік мұратты ұмытпасақ, қане. Қазақ халқы «Босағаң берік, шаңырағың биік болсын», деген. Лайым елімізде осындай бақытты отбасылар қатары өсе берсін деп тілейік.
Суреттерде:
1. Ақылман ана, марқұм Қаншайым Досбайқызы.
2. Батыр ана, марқұм Сонымбүбі Құданалықызы.
3. Батыр ана Нұрбүбі Жұмағұлқызы.
Күмісжан БАЙЖАН,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет қайраткері,
Жамбыл ауданының
Құрметті азаматы.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!