BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жазықсыз тамған қан («Дидар» газеті)

Фото: «Дидар» газеті

Тарбағатай жері тарихи тұлғаларға кенде емес. Олардың қасиетті есімдері ел тәуелсіздігімен бірге қайта жаңғырды. 1915 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыровты қолына алдырып, жастарды білімге үйреткен, Қотанашы жайлауындағы Қызылащыдан рұқсатсыз кірген қытайдың қызылаяқтарын бір түнде арғы бетке асырған Қоңыз батыр атанған Құрбан қажы Кенжеұлы. Әділдігімен аты, батылдығымен даңқы шыққан, бас сардарлыққа сайланған Қоңыз батыр жеке батырлық кайратымен де, кемелді қолбасшылық парасатымен де халық қаhарманына айналды. Ел жадынан өшпеген ерекше болмысты тұлғаның бір кезде салдырған мешітінің қаңқасы ауыл сыртында әлі тұр, деп жазады «Дидар» газеті.

Қоңыз батырдың өмірін зерттеп жүрген тарбағатайлық зейнеткер, газетіміздің тұрақты оқырманы Баяш Нұғымановтың әзірлеген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әңгімелерінен үзінді бергенді жөн көрдік.

Тарбағатай тауының жотасынан созылып түскен әрбір салалардың арасы сарқырып аққан бұлақ. Жағасындағы көгал жер тығырықтарда ақбоз үйлі ауылдар. Біз бұл ауылдарды аралап, біріне қонып, біріне түстеніп жүріп, бүгін бесінші қоналқаға - Мәселім деген бидікінде едік. Менің еріп жүрген кісілерім бұл көрген сый-құрметке мен де ортақ едім.

Түсе сала қымыз құйылып 3-4 қабаттап салынған таза көрпеге отырған соң, аяғымызды көсіліп, жастыққа жантайыстық. Үй иесі: «Малға бата қылыңыз», - деген соң далаға шығып, бес күннен бергі әдетімізше бір тай, бір қойға бетімізді сипап, келіп отырдық. «Осымен сегіз тай болды ма, әлі алдымызда неше тай, неше қой жатыр-ау» деп төменірек отырған бір отағасы төрге қарап күліп қойып кейбірімізді жымың еткізді.

Кеш болды. Әлі ішіліп жатқан қымыз, желініп жатқан ет. Қымыз шекені қыздырған соң, жастыққа шалқиып жатқан мырзаларымызға әңгіме-ермек керек болып, біреуді біреу түрте сөйлеп қалжыңдасу басталды.

Мәжілісіміздің ақсақалы Құрбан қажы:

- Балалар, құр қалжың неге керек, газеттерің, қиссаларың болса,
оқыңдар!-деді.

Газет дегенге үй иесі ынтасыз болғандай:

- Біздің бұл қытай елі әзір ондаймен үйірлігі жоқ; біреу ондайды айтып отырса, құлаққа кіргізбей, домбыра шертіп, яки бір іске айналғымыз
келеді, - деді.

Бұл сөзге біздің мырзалар да қарап отырмай, тұс-тұсынан өздерінің орыс елі болып, оларға қарағанда ашық пікірлілігін көрсете, ондай-мұндай айтқан болса да, айтушының көңілі үшін ғана тыңдалғаны білінген соң, ұзаспай тоқтасты. Біреуімізден «Бақытсыз Жамал» кітабы табылып, үйдегілер енді соны тыңдауға айналысты. Өзгелері тыңдағанмен не жақтырды, не жоқ. Манағы ақсақал Құрбан қажы түгел оқытып естіген соң:

- Құрғыр, осындай әдеттердің қате екені рас-ау, бала күнімде осындай қыз алып кашқан бір жігітті тас теңдеп түйеге асқызып өлтіртті осы Мәметек,- деп маған қарады.

Мен оны қалайша өлтіргендігін сұрап, ескі қазақы мінездерді жаза жүруге көңілім бар екенін білдірген соң, бір қолымен таспиғын тарта-тарта, көсілген аяғын жинаңқырап Құрбан қажы сөзге кірісті.

- Балам, бұл көріп жүрген елің Мәметек атанады. Мәметек осы күні мың шамалы үй, үштен біріміз Қытайға қараймыз. Мәметек ішінде ең жуаны Атантай атанған, міне, біздер, қалмақ қатыннан туған жіңішкесі - Ешке деген ел. Сол Ешкенің менімен аттас Құрбан деген жақсы жігіті болды. Біз көрдік, қып-қызыл нарттай, жігіттің төресі еді, жанып тұрған өрт еді. Сол жігіт пысықтық қылып, менің әкемнің ағасы Тана бидің қылышынан қан тамып тұрған кезінде, інісі Шаланың Мүни деген қызымен көңіл қосып жүріпті.

«Дұғай-дұғай сәлем де ақ Мүниге,
Сағынғанда зар болдым бір көруге.
Екі ортада сары бел, сары жон бар,
Әттең, ат шыдамайды зар желуге!» -деген өлең сол Құрбандікі.

Олар Ласты деген жерде, біз Терісайырықта отырамыз, арасы 35 шақырым. «Сары белі» өзің көрген тау ғой. Ақ Мүни десе ақ Мүни, кісі жұтып қоярдай сұлу да еді өзі. Әлгі оқыған «Жамалдарыңдай» бұл екеуінің де серттері катты болса керек.

Бір күні кешке Құрбан барса, Мүнидің ауылы Жартасқа қонған екен. Сезіктеніп, ол кезде Құрбанды аңдып жүрген кезі болса керек, үйге кіруге қорқып, іргедегі Жартаста әрі отырып, бері отырып, таң атуға айналған соң, отырған жерінен бір тасты алып, қыздың тұсына лақтырыпты. Қыз да ұйықтай алмай жатады екен: үйге тиген тастан далада Құрбан тұрғанын сезіп, тысқа шығып жолыққан екен десуші еді.

Мәметек мың үй болса да, әлі осы күнге дейін бірінен-бірі қыз алыспайтын әдеті бар. Оның үстіне Мүни күйеуге беріліп қойған қыз. Құрбанның Ешкелігі тағы бар. Құрбанға Мүниді алудың жалғыз-ақ жолы: алып қашып, елден-жерден безіп кету еді. Құрбанды жастық дерті бұған да шыдатпады. Әке-шеше, бауырларын мұндағы Мәметектің талау-талқысына тастап, Мүниді бір түнде жабықтан шығарып алып, жол тартты. Құрбан бұл істі істерінде Ешкенің басты адамдарына білдірген жоқ, өзінің туысқандарына да ақылдаспапты. Ақылдасса: «Жуан атаның баласы өлтірмей тыныш таппайды, малмен құтыла алмаймыз» - деп қорқу айтатынын білген.



Тананың хан болып тұрған заманы, інісінің қызы үшін Ешкені қалай тентіретем десе де, қолынан келеді. Тананың сол сырт ызғарының өзіне шыдай алмай, туысқандары һәм Ешке болып қуып барып, Қалбаның арғы бетіндегі Матай ішінен сүйіп қосылған екі жасты алып келді.

Ешке басымен інісінің қызына қол созғанға Тана бидің сүйегі сырқырап, Құрбанды өлтіртпей ашуы тарқайтын болмады. Екеуін де өлтіртіп, Мүни үшін Ешкеден құн мен айып алмай бітпеймін деп жатып алды.

Қыз бен жігіт кісенде бір ай жатқан соң, жұрт жиылыс жасап:
- Бұларды қайтушы еді? - дегенде, Тана би:

- Екеуін де өлтіріп, айтқанымды қыламын, - деген сөзінен айрылмайды.

Ешкелер Мүни үшін құн тартпауды ойлап, Құрбанды өз қолдарынан өлтіргелі, көзін тартып байлап топқа келді.

Кешегі өзекті Шилібастау дейді, соның ат шапқан, өзіміз отырған қырына жұрт жиылған еді. Менің сонда он алтыдағы кезім бе екен... әкемнің қасында жүрмін. Тас теңдеп, түйеге өзін асқалы жатқанын біліп Құрбан қолы байлаулы, көзі тартулы, кісенімен өзектегі біздің жұртқа карай ойбайлап қашты:

- «Жұртым-ау! Қаныма ортақ болмасаңдаршы, мені тым болмаса, өлтірем деген елдің қолына берсеңдерші! Енді Мүниді өлтірмеңдер», - деп зар илеп жалынғанын естіп тұрдық. Кісі жанталасқанда мықты болып кетеді екен ғой. Асамыз деп сүйрелеген жігіттерге бой бермей, арпалысып бақырып жатты. Мұны көріп, менің әкем Кенжемырза Тана бидің қасына шауып барып:

«Асылғанды кесетін, түйілгенді шешетін, бұрын мұндайға ханнан қалған үлгі, қарадан қалған жол бар ма?» - деп еді. Тана би үндемеді.

Сонда Тананың қасында мына Төртуыл елінің сол кездегі Әлібек дейтін әкімі бар, о да үндемеді. Бір-екі ақсақал бұрын мұндайдың бәрін өлтіргендік жолын айтты. Әлібек, Тана екеуі бірден үндемеген соң, әкем:

«Қаны жұқса, өздеріне жұқсын, жүр, балам, былай кетейік», - деп мені тізгінімнен ұстап, топтан шығарды.

Ауылға қарай жүрдік. Қалай ауылға біз де жүрдік, Құрбанды да асып, түйені желдіртіп жіберді. Сонда түйенің басын жетелеген өзінің туған ағасы Олжеке, айдаған Ережеп дейтін кісі. Осы күні екеуінің тұқымы да оңбай кетті. Сонда күн күйіп кеткен секілді, қызарып көрініп, қараңғылық түскендей болды.

Тас теңдеп, түйені желдіртіп жүргенде, әкем тағы шыдай алмай, жібін қиып жіберейін деп қайта шауып барса, Құрбан аяғын бір иіріп жиып алып, қайта сылқ түсіріп жібергеннен жаны шыққандығын біліп қимай қайтты. «Мойны сала қарыс ұзарып, беті топыраққа боялғаннан барбиып ісіп, көзі қызарып шарасынан айналып шығып кеткен екен, көргенде жүрегім тіксінді» деуші еді әкем.

Кешегі өзің көрген бейітке Құрбанды апарып қойысты деп ақсақал сөзін тәмамдады.

Баяш Нұғыманов


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер