Сал-серілердің соңғы тұяғы («Солтүстік Қазақстан» газеті) - Тағзым|18 Сәуір 2018, 18:07
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Сал-серілердің соңғы тұяғы («Солтүстік Қазақстан» газеті)

Фото: «Солтүстік Қазақстан» газеті

Солтүстік Қазақстанның тумасы, жазушы Сәбит Мұқанов есімі елге белгілі болған Игібай Әлібаев жайлы былай деп жазған екен: «Игібай шын мағынасындағы халық әртісі. Оның жүрген, тұрған жерлері үнемі сауық. Ол бір жерге бара қалса, халық жиналады да, күнімен, түнімен дегендей, ән айтудан жалықпайды. Оның репертуары өте бай, халық әндерін де, Біржан, Ыбырай, Ақан, Жаяу Мұса сияқты халық композиторларының әндерін де көп біледі. Нота үйренгендіктен қазіргі композиторлардың баспада жарияланған әндерін де үйреніп алып, айта береді. Және ол әндерді жансыз түрде емес, жандандыра, құтырта, екпіндете, ырғақтарын әдемі келтіре айтады, сондықтан жұрт қызына, қуаттап, дауыс қосып отырады».

Жазушы Сәбит Мұқанов осылайша зор бағасын берген өнер иесі Игібай Әлібаевтың есімі соңғы жылдары неге аталмайды? Өзі өмір сүрген заманда ақындығымен танылып, әншілігімен жұртшылықтың ілтипатына бөленген оның әдеби мұрасы неге насихатталмай жатыр деген сарақтардың жауабын «Солтүстік Қазақстан» газеті іздеп көрген екен. Осы ретте, Қызылжар қаласында тұрып жатқан ақынның туған немересі Көкаршын Шахметовамен болған сұхбатты Baq.kz ақпарат агенттігі де бөлісуді жөн санады.

– Қожаберген жырау, Сегіз сері, Шал ақын, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов секілді ұлт перзенттерін бесігінде құндақтаған қасиетті Қызылжар өңірінің тағы бір беткеұстар ақыны Игібай Әлібаев екені даусыз. Өз заманында атағы дүркіреп, халықтың ілтипатына бөленген аяулы азаматтың туғанына биыл 115 жыл толғалы отыр. Әңгімемізді ақын мұрасы төңірегінде өрбітсек.

– Баласы Әлібайдың Игібаймын,

Гүл бақшада сайраған бұлбұлдаймын.

Домбырам екі шекті жан серігім,

Алуан түрлі ән салам, жаңылмаймын, – деп өзі жырлағандай, кезінде атамның, яғни Игібай Әлібаевтың ақындығы мен әншілігіне бас иіп, ол жайлы тебірене, толғана жазған қаламгерлер аз болмады. Замандастары оның аспандағы аққуға үнін қосқан асқан өнері жайлы тамсана айтқанына сол кездегі басылым беттеріндегі мақала, очерктер дәлел бола алады. Ол жайлы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәбит Мұқановтың өзі қалам тербеген. Алпыс жылдық мерейтойына орай “Сегіз қырлы сері” деген мақаласы баспа бетінде жарияланған. Өңірімізге белгілі журналист марқұм Бақыт Мұстафин “Тарлан тұғырында” атты очеркінде атамның ақындық жолын, азаматтық болмысын жан-жақты суреттейді. Қайролла Мұқанов сияқты оқырмандарға атамның өнері мен өмірі жайлы материалдарын ұсынған т.б. тілші, зерттеушілер бар. Ол кісінің мерейтойларына орай облыстық деңгейде айтыс, өнер байқаулары ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өткеніне мұрағат материалдары арқылы да көз жеткізуге болады.

Облыстың танымал ақыны Уахит Темірбеков:

«Сен халықтың айнасы жарқыраған,

Өзенісің өлеңнің сарқыраған.

Ән, домбыра, ақындық – бәрі сенде,

Өлең-жырың әлі көп айтылмаған.

Олай болса, нөсерлет өлеңіңді,

Халқың көріп келеді өнеріңді.

Жетпіс келіп алса да жетегіне,

Мен сенемін елге әлі береріңді», – деп Игібай Әлібаевтың 70 жылдық мерейтойына жырын арнайды. Осыдан-ақ атамның өз заманында атағы дүркіреп, республикаға кең танылған ақындардың бірі болғанын байқаймыз. Ал оның мұрасы жайлы айтар болсам, атам өлеңді парасат-пайыммен, талғаммен жазған. Жырларынан өмір шындығы байқалады. Ол алуан тақырыптарға қалам тартып, туған жеріне, еліне перзенттік сөзін арнады. «Туған жерім – Айтуар», «Қазақстан», «Көкшемен сырласқанда», «Ертіс әні», «Отаным», тағы басқа өлеңдерінде кіндік қаны тамған жеріне, елімізге сүйіспеншілік сезімін білдіреді. «Өтегеннің арманы», «Қазақстан», «Домбыра», «Биші қыз» дастандары да ақынның поэзия әлеміндегі тұлғасын асқақтата түскен туындылар.

– Көзі тірісінде Игібай Әлібаевтың бір ғана жинағы жарық көрген екен. Бүгінгі ұрпаққа оның маржан жырлары толық күйінде жетті ме?

– «Игібай биыл – 1973 жылы жетпіс жасқа толады. Соған байланысты оның көп жылдар бойы жазған және жарияланған өлеңдерінен Қазақстанның мемлекеттік баспасы – «Жазушы» бір тобын таңдап алып, жеке жинақ қылып жариялап отыр», – деп Сәбит Мұқанов алғысөзінде жазғандай, көзі тірісінде «Айтуар» деген атпен бір ғана жинағы жарық көрген болатын. Тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында «Жұлдызды қыз» деген атпен кітабы шығуы керек еді, бірақ соңында аяқсыз қалып, қаншама өлеңдері жоғалып кетті. 1970-1972 жылдары елімізге танымал ақындар мен айтыскерлердің бірнеше жырлары іріктеліп алынған жинақтарға Игібай Әлібаевтың да өлеңдері енген екен. Сондай-ақ, 1979 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты шығарған «Ақын-жыраулар» атты жинаққа Солтүстік Қазақстан облысынан төрт ақын енсе, соның бірі – Игібай Әлібаев. Айтайын дегенім, атам көзі тірісінде оқырмандарын бір ғана кітабымен қуантса да, оның өлең-жырлары түрлі жинақтарға еніп, республиканың түкпір-түкпіріне кең таралып жатты.

Игібай атамның 115 жылдық мерейтойы қарсаңында оның өнеріне бас иіп, жоқтаушысына айналған әдебиетке жанашыр азаматтар өлеңдер жинағын шығаруға ниет танытып жатқанын оқырмандарға сүйіншілегім келеді. «Бұйырса, шырақ сөнбес ұзақ жанар» , – деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай көзі тірісінде әнімен жүректерді тербетіп, суырыпсалмалық қасиеті арқылы сөз өнерінің биік шыңы – айтыста топқа түскен әрі сазгерлігімен де халыққа танылған Игібай Әлібаевтың есімі көпшілік жадында ұзақ жылдар бойы сақталып қалатынына сенімім зор.

– Жоғарыда «Жұлдызды қыз» деген жинағы шығу керек еді дедіңіз. Менің білуімше, «Жұлдызды қыз» өлеңі «Комсомолка» тігін фабрикасының тігіншісі, Социалистік Еңбек Ері Сәруар Байсаринаға арналған ғой. Ақын өз заманының жаршысы дегендей, Игібай Әлібаевтың шығармаларынан да сол қоғамның бет-бейнесі байқалады. Бұл сөзіммен келісетін шығарсыз.

– «Заманым қалай құлпырса,

Жастар да солай құлпырған.

Заманым қайда ұмтылса,

Жастар да сонда ұмтылған.

Сәруар соның бірі ғой,

Заманмен қатар түрленген,

Арқаның ару гүлі ғой,

Құбылып мың сан гүлге енген», – деп атамның қазақтың еңбекқор қызы Сәруар Байсаринаға арнаған жыр жолдары сол тұстағы халқымыздың еңбекпен түлеп, өркендеп-өскен барша аруларына арналғандай.

Ал «Биші қыз» деген поэмасында:

“Атасам кейіпкердің есімін де,

Мархаба – өскен елдің бесігінде.

Кешегі қарақат көз шәкірт қызым,

Елімнің белді артисі осы күнде.

Өнерін сахнада жарыстырған,

Іріктеп сөз жақсысын салыстырған.

Бұл биші Мархабаның кім екенін,

Дұрыс қой жұртшылыққа таныстырған...», – деп өнеріне халқы сүйсінген Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Мархаба Иманқұлованы жырға қосады. Осылайша, поэзия өлкесіне өзіндік өрнек салып, шығармашылық жолда қабілет-қарымын көрсететін шығармаларының қатарын көбейтеді.

– Оның поэзияда өзіндік орны бар ақын екеніне ешкім қарсы дау айта алмайтыны шындық. Айтыс өнерінде де Игібай Әлібаевтың сара жолы бар екенін халқы жақсы біледі.

– Иә, шынымен де, атамның айтыста талай мәрте бағы жанғанын әкем Жалбыр да жиі айтып отыратын.

«Менің атым Игібай,

Сөзге терең, тілге бай.

Дәл осылай деуші еді,

Ақын ағам Молдабай», – деп сахнаға сөз нөсерін термелетіп, жарқылдата шығатын. Игібай Әлібаев, Ахметжан Нұртазин, Ғалым Малдыбаев, Әшім Меңдібаев, Темірғали Хасенов сынды ақындардың талай айтыстың көрігін қыздырғанын аға буын жақсы біледі.

«Игібайдың өзге ақындардан өзгешелігі – айтыс үстінде өзі суырып салып шығарған өлеңін нақышына келтіре шебер орындап, асқақ дауысына күмбірлеген күміс үнді домбырасының үйлесіп жататыны еді», – деп жазған екен ардагер ұстаз Қайролла Мұқанов атамның 105 жылдығына арнаған мерейтойлық мақаласында. Бұдан оның орамды ойлары әдемі әнімен астасып, көрерменнің көңіліне жол таба білгенін зерделейміз. Облыстық деңгейде өткен сөз жарыстарында атамның шашасына шаң жұқпағанына отбасы архивінде сақталған мақалалар мен құжаттар дәлел бола алады.

Сөз сайысында «жамбасы жерге тимеген» ақын 1971 жылы жыр алыбы – Жамбылдың 125 жылдық мерейтойына орай өткен республикалық ақындар айтысына қатысып, шабыттың желкенін көтереді. Кейін бұл айтыс баспасөз беттерінде басылып, радио, телеарнадан да беріліпті. Бір сөзбен айтқанда, Игібай Әлібаевтың айтыс тарихында да есімі алтын әріппен жазылып қалды.

– Домбырасынан ғажап үн, көмейінен әсем ән төгіліп, сырлы сезімге толы жырлары арқылы ел-жұртының ілтипатына бөленген Игібай Әлібаевтың есімі соңғы жылдары көмескіленіп қалғандай көрінеді.

– Шынымен де, атам көзі тірісінде зор құрмет пен қошеметке ие болды. Халқы оның суырып салма ақындығына, әншілігіне сүйсінді. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, сахна төріне шыққан, Сәбит Мұқановпен бірге ел деңгейіндегі шаралардың бел ортасында жүрген Игібай Әлібаевты халық өнердің төл перзенті деп біледі. Соған қарамастан, ардақты жанның есімі ескірілмей жатқаны жаныма батады. Оның қолынан тастамаған асыл домбырасы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының төрінде тұр. Оған көрсетілген құрмет осы ғана. Аяулы ақынның есімі не көшеге, не мектепке, не болмаса ауылға берілген жоқ. Тоқсан жылдық мерейтойында атамның атағын халық жадында жаңғырту үшін билік басындағылар бастама көтергенімен, аяқсыз қалды. Жүрек түкпірімде Игібай Әлібаевтың есімін өскелең ұрпақ біліп, өлеңдерін жаттап өссе, деген армантілек жатыр. Бәлкім, жыр нөсерін ағытып, өлең арнасында өзендей бұлқынған ақынның есімі жүректерде жатталар күн уақыт еншісінде шығар деп, өзімді жұбатамын.

– Әңгімеңізге рахмет.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер