BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қасірет пен қасиет («Қостанай таңы» газеті)

Фото: «Қостанай таңы» газеті

Басқаны қайдам, осы бір азалы күн еске түскенде жүрегі құрғыр сыздап қоя береді. Сыз­дайтыны, білгенге, ашаршылық қандай сұмдық қасірет десеңізші?! Сол қасіреттің салдарын күні бүгінге дейін көріп отырған ұлтпыз. Қазір төрткүл дүниедегі мемлекеттер бәсекесінде есеміз кетіп, еңсеміз түскенде, «бір кем дүние-ай!» деп ­бармақ тістегенде көп себептің бір себебін осындай кесепаттардан көреміз, деп жазады «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы жеке блогында.

Халқымызды қатты күйзелткен – екі ашаршылық (1921-22 және 1931-32ж.ж). Алаш баласының басты күнкөрісі – малын тартып алды. 40 миллион бас малдан небәрі үш жылда 4-5 миллион ғана қалған. Қазақ қынадай қырылды. Ол аз болғандай, қандыбилік елдің арқасүйер ерлерін қуғын-сүргінге салды. Сорақылық пен нақақтан-нақақ қорлаудың небір сұмдығын жасаған. Ашыққасын егістен ­рұқсатсыз бір уыс бидай алғаны үшін ғана талай адам атылып кеткен. НКВД бастығы қарапайым ауыл адамының біріне «Конституция» деп айтшы дейді. Ол байғұс тілінің келгенінше «Қанстөтөсия» дейді. «Сен әдейі мазақтадың, халық жауысың» деп айыптап, соттап жібереді. Бір ауданда Шәріп деген судья сот құрып отырып: «Саған – 10 жыл, оған да 10 жыл» деп үкім айта бастапты.

Сонда өз бетімен анадай жерде отырған Төлеусары деген кісі: «Маған ше?» –деп жыбырлақ аузы сұрап қалыпты. «Саған да 10 жыл!» – дейді Шәріп. Бейшара Төлеусары не үшін екенін өзі де білмейді, сотталып кете барады. Осындай надан да оспадарлық мысалдар аз емес. Шындығын айтқанда, тарихшылар да, ғалымдар да бұл кесепаттың қоясын әлі толық ақтарып берген жоқ.

Айналып келгенде, осындай зұлматтың салдарынан азбыз, күні бүгінге дейін туған даламызды тегіс жайлай алмай отырмыз. Аздығымыздан туған елімізде туған тіліміз дәрменсіз. Қашан үстем болар екен деп армандаумен келеміз. Ал енді сапалық трагедиямыз орасан. Ол – қазақы қадір-қасиет, ­кие-кепиет ­зауалға ұшырады. Аса құндылығымыз – отбасын аздырып алдық. Оның топсасы ашаршылықта босады. Естеріңізде болар, Би-ағаңның әңгімесінде Күлпәш күйеуі мен баласын тастап, қарақан басының қамымен байға тоқалдыққа тиеді. Ақыры күйеуі мен баласы аштықтан өліп, шаңырақ опырылып түседі. Ал «Айт күндерінде» бір ауылда біреулер айт мерекелеп жатса, енді бір отбасы аштықтан өліп жатады. Сонда алақандай жерде көріп-біліп отырып, ауызша мүсіркегенмен қазақтар бір-бірінің аузына су тамыз­байды. Бір деректерде ерлі-зайыпты жастар қарт әке-шешесін бір түнде буындырып өлтіріп, азық-түлігін, малын алып көшіп кетеді. Яғни, аштық цейтнотында адамның адамдық қасиеттері – хайуани құлқынның алдында дәрменсіз болып шығады. Ашаршылық қазақтың жігерін құм, рухын тұл етті.

Тағы бір қасірет – қазақтың тектілік қасиетін аздырып жіберді. Сталиндік алпауыт империя айласын асырды. Сүттің бетіне қалқып шыққан қаймағын қалқып алды. Сүзілген көк сүт қасиетінен айырылды. Елдің бас көтерер­лерінің көзін жойып жіберіп еді, қара халық айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін можантопай жұртқа айналды. Қуғын-сүргін, асу-ату көрген адамдардың санасында, жүрегінде үрей, қорқыныш, сатқындық орнады. Шәкәрімнің ұрпағы атылып кетті. Абайдың бүкіл тұқымы Семейден қашып, Бішкекке барып тарыдай шашылып, тозып кетті. Ораз Жандосовтың ұлы орысқа үйленді. Міне, осылай тектілердің тұқымы да тексіздерге телініп, ұлттың құрамы қарабайырланды. Бодандықтың қамытын киген қазаққа алауыздық, жалтақтық, сатқындық қасиет болып сіңді.

…Қазір егеменбіз, іргеміз бөлек тәуелсіз елміз. Бірақ… Күні кеше тегі түрік Оғыз Доған ҚАЗКОМ-да қазақ тілінің қолданыстағы халін тексеріп көріп, қазақтың қолынан келмей жүрген үлгіні көрсетті.

«Оның батылдығының жалғыз себебі – ол ешкімге кеудесін бастырмаған Осман империялық рухында тәрбиеленген ұлттың өкілі, – дейді заңгер Абзал Құспан. – Ал біз күні кешеге дейін бодан болған, орыстан қорқып, комплекске маталған елдің өкіліміз».

Біле білсек, ашаршылық пен қуғын-сүргін – үлкен сабақ. Оның қоясын әбден ақтарғанда ғана біз өз тегіміздің, қазақы болмысымыз­дың сыны мен сырына қанығармыз. Сонда ғана рухымыз бір сілкініп қалар, рухани жаңғыруымыздың шырайы ашылмақ.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер