Фото: Елдар Жақыпбек
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында облыстық ардагерлер ұйымы өкілдерінің қатысуымен аудандық мәдениет үйінде «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы бойынша «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты акция өтті. Аудандық аналар кеңесі ұйымдастырған шараға ауыл-ауылдан қариялар келді.
Мәдениет үйінің кіре берісіндегі көрмеде келушілер назарына қолөнер шеберлерінің туындылары ұсынылды. Ондағы түрлі бұйымдар «Өнер мектебі» мен «Жасұлан» оқушылар үйінде және аудандағы орыс, түрік, ұйғыр этномәдени орталықтарында жасалған. Көрермен залына аудандағы селолық округтерден ақсақалдар алқаларының төрағалары мен ардагерлер бастауыш ұйымдарының мүшелері және жастар жайғасты.
Мәдени шара аудандық мәслихаттың хатшысы Саят Жұрынның құттықтауымен басталды. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы, «Ақ әжелер» фольклорлық-этнографиялық халық ансамблінің көркемдік жетекшісі Күміс Кемелбекова ұйымның атқарған жұмысын баяндады.
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жамбыл ауданының құрметті азаматы Күміс Кемелбекованың еңбегі ерен екені көпшілікке жақсы таныс. Халықтың салт-дәстүрін, өнерін насихаттау ісіне мұрындық болудан ешқашан танбаған ол «Ақ әжелер» ансамблін құрып, оған 30 жылдан бері үздіксіз жетекшілік етіп келеді.
Әжелер тобы ұлттық өнеріміздің асылы мен тұнығын, көкірек түкпірінде көздің қарашығындай сақтап келген әдет-ғұрып, салт-дәстүрін халыққа өнер тілінде жеткізеді. Тіліміз бен дінімізді дәріптейді. Әзиз жүректі әжелер қолөнерді қолға алып, ісмерліктерін де көрсетеді. Оны жастарға жалықпай үйретеді.
Бұл өнер ұжымының өңірдің мәдени-рухани өмірінде алар орны айрықша.Күміс алқалы Күміс әже аналар кеңесінің жұмысын да құстың қос қанатындай қатар жүргізеді. Өз сөзінде ұрпақ тәрбиесіне негізделген алқалы топтың аудан орталығы мен ауыл-ауылда атқарған ісін тарқатып айтты.
Сахнада аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен дайындалған «Көрші-лердің көңілін-ай!» атты театрландырылған қойылым көрермен назарына ұсынылды. Онда Күміс апаның келін түсіруі оқиғаның негізгі желісі етіп алынып, өнегеге толы көріністер қойылымның мазмұнын байытты. Сан ұлттың өкілінен тұратын көршілер арасындағы татулық, сыйласым, тонның ішкі бауындай жылы байланысты өзек еткен қойылым көпшілік көңілінен шықты. Келін түсіру қуанышына ұйғыр, татар, кәріс, өзбек, түрік, орыс, украин көршілер өздерінің ұлттық ән-биімен ортақтасып, жас келінге инабаттылық төңірегіндегі ақыл-кеңестерін айтты. Сұраншы батыр ауылынан Серікбай Сабырұлы ақсақал өлеңмен бата берді. Соңынан қазақтың «Қаражорға» биіне залда көрермен болып отырған ата-әжелер де ортаға шығып билеп, қойылымның шарықтау шегі зор қошаметпен аяқталды.
Облыстық аналар кеңесінің төрайымы Дина Нұрғалиқызы, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймадиева тағылымға толы сөздерін арнады. Ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, халық шығармашылығы туын желбіретіп жүрген ата-әжелерге шын жүректен алғыс білдірілді. Аудандық ардагер-лер ұйымының төрағасы Қырғызбек Атагелдиев көпшілікке бата берді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!