BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Есімі ел есінде

Халық арасында «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ» деген дана сөз бар. Осы сөздің түп тамырына үңілер болсақ, өткені мен кешегісін ұмытқан адамның болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт болары меңзеледі. Бүгінгі ұрпақ кешегі ата- бабасын ұмытса, келешек ұрпақ бүгінгі күнгі жандарды ұмытса, өмірдің қандай мәні болмақ. Атадан қалған өсиет пен үлкен сыйлау, өлгенге тағзым ету қасиеттерін бойларына сіңіре өткен қазақ баласының ата-бабасын ұмытпай, дұға бағыштап ас беріп, тарихы мен шежіресін жете ұғынып, үлгілі, өнегелі, бүгінгі ұрпаққа мақтана аларлықтай халық игілігіне арнап атқарған істері болса баспа беттеріне түсіріп жататын жайлары осынау сөздің сөзсіз дәлелі. «Өлі разы болмай, тірі байымастың» тағы бір көрінісін кешегі күні Жәйрем қойнауының игерілуіне, Жәйрем комбинатының гүлденуіне біршама үлес қосқан, халық жадында еңбекқор, талапшыл, білікті кенші болып қалған Жәнібек Өтегенұлы Агедиловтың ұрпақтары әкелерінің о дүниелік болғанына 20 жыл толуына байланысты арнайы құран бағыштап, ас берді. Мына келіп жатқан кәсіби мереке - Металлург күнінде есімі ел есінде жүрген, құшағы кең, көңілі жомарт, қойнауы бай Жәйремнің көркеюіне өз үлесін қосқан кенші аға жайлы біз де сөз қозғап кетпек ойда болдық. Қазіргі жастар білмеуі де мүмкін, ал бірақ комбинат жүйесінде қызмет ететін жандардың жоғарғы буынының білмеуі екі талай Жәнібек Агедилов 1932 жылғы қазан айының алтыншы жұлдызында Ұлытау өңіріндегі Қаракеңгір жерінде дүниеге келген. 1959 жылы Ұлытауда 10 сыныпты тәмамдап, Алматы қаласындағы Қазақ тау-кен институтына оқуға түсіп, 1954 жылы қолына «Тау-кен инженері» мамандығын алып шығып, алғашқы еңбек жолын ол кездегі Жезқазған облысы, Жезді кентіндегі марганец кенішінде тау-кен инжерлігінен бастап, шахта бастығы, бас инженер, директордың орынбасары қызметтерін атқарады. 1973 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы кен байыту комбинатының Шығыс кенішіне бас инженердің орынбасары болып тағайындалады. 1974 жылдың наурыз айынан бастап жаңадан құрыла бастаған Жәйрем тау-кен комбинатына директордың орынбасары қызметіне ауыстырылады. 20 жылдан астам уақыт Жәйрем өңірінде еңбек етіп, көптеген жауапты істер атқарады. «Сарыарқатүстіметалл» АҚ бас инженері қызметіне дейін көтеріледі. жауапкершілігі жоғары, талапшыл, жаңашыл, білікті маман болған. Атқарған еңбегі еленіп, қызметі бағаланған Жәнібек Өтегенұлы Үкімет тарапынан «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған, одан бөлек облыстық, қалалық, аудандық әкімшіліктерден, басшылардан алған Алғыс хаттары қаншама. 10 жасынан бастап тылда еңбек еткені үшін және Ұлы Отан соғысының аяқталуына 40 жыл толуына, 50 жыл толуына байланысты медальдармен, 1992 жылы Н.Ә.Назарбаевтың қолы қойылған Мақтау қағазымен марапатталған. Қызмет барысында С.Әменов, М.Төрегелдин, А.Тоқтыбаев, С.Асатов, А.Әбдірахманов сынды ел ағаларымен етене жақын араласқан. 7 бала тәрбиелеп өсірген Жәнібек Өтегенұлы 64 жасқа қараған шағында ауыр науқастан қайтыс болады. Кенші аға қолы тиіп, кенін игерген Жәйремнің жеріне жерленіп, мәңгі мекенін де өзі игерген жер қойнауынан тапқанына да міне, 20 жыл болған екен. Артында жары, балалары, немере, шөберелері қалған, игі істерімен халық есінде қалған Жәнібек Өтегенұлы Агедиловтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, қызметтегі білімділігі мен біліктілігі ұрпақтарына дарысын. «Өзі өлсе де, аты өлмейтін» жандардың ел есінде қалған істерін біз де ешқашан ұмытпайық.

Гауһар Наурызбаева


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер