Егіздер ел назарында - Ағайын|12 Маусым 2016, 12:01
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Егіздер ел назарында

Астана. 12 маусым. Baq.kz - Әуесхан есімді кейуана Қытайда, Құлжа өңiрiнде өмiрге келген екен. Бiрақ сыңары Әсия екеуi екi шаңырақта тәрбиеленген. Соған қарамастан, бүгінде екеуі де 16 шөбереден сүйіп, бақытты ғұмыр кешуде

Кейуаналардың басынан кешірген жағдайды "Жас Алаш" басылымына оқырмандардың бірі баяндаған. Оның басылымға жазған хатын сол күйі назарларыңызға ұсынамыз:

1936 жылы Құдайберген деген кiсiнiң үйiнде егiз қыз дүние есiгiн ашады. Бiрақ әйелi босанғанда Құдайберген түзде жүрсе керек. Құ­дайбергеннiң атасының Зақи атты қарындасы болыпты.

Зақи 40 жасына дейiн бала көрмеген, бiр нәрестеге зар болып жүрген адам екен. Әлiмхан апамыз жас босанып жатқанда “құтты болсын” айтып келген ол, егiз қыздың бiрiн етегi­не орап, сұрамастан алып ке­тедi.

Ол кездегi тәрбие бөлек қой, Әлiмхан апамыз “бермей­мiн” деп айта алмайды. Мұны кейiн естiген Құдайберген ата мырс етiп күлiптi де қойыпты.

Зақи күйеуi Сейтаймен бас­қа жақта тұрған екен. Бiрақ Әуесхан мектепке барар кезде Құдайберген тұрған ауылға көшiп келедi.

Осы тұстағы бiр әңгiменi Әуесхан апа былайша еске алады: “Бiр күнi екi әкем көкпарға барыпты. Құдайберген атымен бiрге жардан құлап, өзi аман қалады да, аты өледi. Мұны көрген Сейтай “мынаған сен мiн” деп астындағы жалғыз биесiн Құдайбергенге мiнгiзiп, өзi үйiне жаяу қайтқан. Кiм бiледi, өзегiн жарып шыққан баласын да бердi ғой, адамның қасында жылқы әулие боп па дедi ме, әлде кейiн қызын қайта сұрап жүре ме деп қауiп қылды ма, мен ол жағын айта алмаймын. Әй­теуiр осы оқиға екi шаңырақтың арасын әбден жақындатып жiбердi”.

Сейтай ата Әуесхан бойжеткенде, «Айналайын, мен сенi 18-ге келгенше бағып-қақтым, ешкiмнен кем қылған жоқпын. Ендi тұрмысқа шығам десең, қарсылығым жоқ. Бiрақ еркектiң дәулетiне қарама, тегiне қара», – деп өсиет етiптi.

Одан берi қаншама жыл өттi. Құдайберген ата да, Сейтай ата да, тiптi әжелерiмiздiң шалдары да өмiрден өттi. Қазiр бұл кiсiлердiң бiрi Қапшағай қаласында,екiншiсi Еңбекшi­қазақ ауданының Масақ ауылында тұрады.

Әуесхан апаның жеті баласы, 25 немересi, 16 шөбересi бар. Әсия апа да жеті бала тәрбиелеп өсiрiп, одан 21 немере, 16 шөбере сүйiп отыр.

Екi әулеттiң темiрқазығына айналған әжелерiмiз биыл 80 жасқа толады. Тағдыр жөр­гегiнде екiге бөлгенiмен, Жаратқан өнегелi өмiр сыйлаған қос әжемiз арамызда жүре берсе екен деп тiлеймiз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер