BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Зұлмат кезең запыраны

«Жақсы кітап - жан азығы» дейтін еді кітап көп оқылатын заманда. Бүгінде осы бір қағида секілді қанатты сөз аз айтылатындай. Елдің аңсары қағаздан гөрі «көгілдір шаршыға» көп ауатын болыпты. Әйткенмен, қағазға құндақталған шығарма біржола қаңтарылды деуге әлі ертерек. Әредік көркемдігі келісіп, кемелдігі толысқан шығармаларға кезіккен сайын осындай ойға ұйыйсың. Жанболат Башар - бала кезден балапан қаламын баптап, қара сөздің қаймағын қалқуға бекем дайындықпен келген қаламгер. Мұны бұдан бұрын жарық көрген бес-алты кітабын қалдырмай парақтағанда байқағанбыз. Жақында оның Астанадағы «Профи Медиа» баспасынан «Қабір үстіндегі зұлмат» атты повесть пен әңгімелер жинағы жеке дүние болып түптеліп шықты. Қазір не көп - кітап көп заман. Оның шыққанына емес, не айтқанына елеңдейсің. Біз де елеңдедік. Осының алдында ғана жарық көрген «Кепиет- тен» қандай айырмашылығы барын бағамдауға тырыстық.

Кітаптың негізгі ұстынын «Қабір үстіндегі зұлмат атты» повесть ұстап тұр екен. Қозғайтын мәселесі - өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қазақтың тең жартысын қынадай қырған ашаршылық. Кезінде Кеңес үкіметі жабық ұстаған, қазірде де қайсыбір шенділер шіміркене қарайтын күбірткелі тақырып. Ұлы аштықтың қаламгер туып-өскен Ақтоғай - Балқаш атырабындағы ащы мысалы, ауыр ақиқаты. Қазақ үшін өткен ғасырдың отызыншы жылдары ең бір зұлмат кезең болғаны белгілі. “Кедейдің өкіметі боламын” деп келген қызыл кеңестің қиғылығы ақ патшаның әуселесінен асып түсті. Жарлыны орташаға, орташаны байға, байды кулакқа теңестірген олар «тап жауларын» жою ұранымен бүкіл әулеттің берекесін келтіріп отырған дәулетті адамдарға бүйідей тиді. Ақыл мен парасаты асқан Аймырза да сол кәмпескенің құрбандығы. Малы талауға түсті, бауырындағы ағайын-туыстың берекесі кетті, өзі жер аударылды. Балалары «балшабектің» бұғалығында бұлқынып, үш- төрт немереден бүгінде тоқсанның төбесінде отырған Елхан ғана тірі қалды. Повестің әңгімешісі де сол оқиғаларды бір кездегі өзінің алты жасар кезімен баяндайтын осы ақсақал. Бұл - бір байдың басындағы ғана емес, бүкіл халақтың басына төнген нәубет еді. Егінді енші етіп көрмеген, малмен ғана жан асыраған қазақта тігерге тұяқ қалмады. Мұндай қорлыққа көнгенше намыс жолында өлейін деп, Тоқырауын көтерілісін бастаған белгілі тұлға, беделді ер - Жабайдың Сәдуақасы бастаған әрекет сәтсіздікке ұшырады. Есіл ерлердің басы есер саясаттың қанжығасында кетті. Повесте осындай қабағат қимыл, қауырт жағдайлар өмірде болған оқиғалардың көркем кестеге түскен дәлдігімен оқырманды терең әсерге бөлейді. Аштықтан әлсіреген әйел, тіске басар түк таппай бұл дүниемен бақұлдасқан бала, қаусаған қарт, қауқары кеткен жас - шашылған өлік, шұбырынды жұрт... Ал ауданның басы мен әлде бір алыс қоймаларда халықтан тартып алған малдың сасып, шіріген үйінділері...

Осындай қолдан жасалған қастандықтың зардабынан Ақтоғай атырабы мен Қусақ қойнауының аштықтап ісіп- кеуіп індетке ұшырыған халқы тарамыс таспасына ілініп шөлден көлге қарай шұбырды. Көбінің шұбыруға шамасы да жоқ болатын. Әйтеуір, «өзенге жетсем, өзегім талмас» деген үміт. Балқаш көлімен екі ортадағы безеріп жатқан шөл дала шашылған адам сүйегінің сұрықсыз мекеніне айналған. Аталған жол бойы ғана емес, жер- жердегі қаншама ауыл, әулеттің есігі ашылмай, отырған орнында жан тәсілім еткен. Әйтсе де, өмір үшін жанталас тоқтамаған. Повестің бір ұтымды жері - әлгіндей ауыр сурет, алапат қырғынды оқырманның көңіл-күйінде ғана көрініс беретін арзан тәсіл ретінде қолданбай, адамның жан-дүниесіне табиғи тебіреніс әкеліп, запыран заманның зар күйін дәл жеткізетін тетік ретінде пайдалана білуінде. Аталған шығармада автор кейіпкер келбетін, оның тағдыр-талайын даралауда мейлінше икемділік танытып, аз сөзге көп мағына сыйғыза білген. Мұнда ұрымтал детальдарды ұтымды пайдалана отырып, мағыналы меңзеулерге бастайтын байыптаулар баршылық. Автор айтар ойын да, ойнатар оқиғасын да жалаңаш ұсынудан аулақ.

Мәселен, сәтсіздік салдарынан басына күн туған Тоқырауын көтерілісінің басшысы Сәдуақасты ұстап берген сатқын аңшы Имақай әулетінің тағдыры. Аңшы қызыл қанішердің оғынан құрбан болған батырдың түлкі ішігін олжалап әкеліп, шешесінің иғына жабады. Ал кемер белбеуді ұлы Ескеннің қолына ұстатады. Батырдың қаны жұққан киімнен бойы тіксінген кейуана көп ұзамай ауырып қайтыс болады. Кемер белбеуді ұстаған ұл аштықтан көзі қарауытқан қаныпезерлердің жемтігіне айналады. Баладан айырылған анада не жан қалсын, ақыл-есінен ажырап, ол да ажал қармағына ілігеді. Осынша ауыртпашылықтардан кейін Имақай аңшының өзінің де иманы айдаладағы моланың ішінде үйіріледі. Жазушының сатқын аңшыдан өш алғысы жоқ.

Тек, «бұл дүниенің қысасы о дүниеге кетпейтінін» меңзеумен ғана білдіреді. Түптеп келгенде, бұл бір Имақайдың ғана қасіреті емес, Имақай секілді сандаған әулеттің басына Голощекиндер таңған кесепаттың көрінісі екені тұспалданады. Не көрмеген Тоқырауын бұл?! Аштықты былай қойғанда, намысқа найза сұғатын қорлықты да бастан кешті ғой. Арқаның ардақтысы Аймырза салдырған мешітті атқораға айналдырды. Шатыршаның баурайына жеткен ОГПУ-дің асып-тасқаны сондай, Кейкі төренің моласын кеңсесіне айналдырып, есік- терезе салдырды. Қабірдің бетін тегістеп, төріне күн көсемнің келбетін ілгізді. Және қысастықтың шегі бір осы ғана болса жөн ғой... Повесть көлемінің шағындығына қарамастан, бірнеше желіні қатар жетелеп отыруымен ерекшеленеді. Сәдуақас, Имақай, Тазабала, Ғайни, Пірәдар, Аймырза бастаған кейіпкерлер қатары да қалыңырақ. Барлығы да қызыл империяның солақай саясатының тақсіретін тартқан «кішкене» адамдар. Атағы Алашқа жеткен Аймырза бай да айдаудан оралып, сол кішкене адамдардың қатарын толықтырған. Бірақ ұзаққа бармады. Сәл түзеле бастаған заманның жылуы бұйырмай, ол түгілі, әулеттен қалған жалғыз тұяқ - немересі Елханмен де қауыша алмай, аз күнде бұрынғы бас жылқышысы Зияттың қолында ақырет сапар шеккен. Шетінен өздері кіші, тағдыры үлкен жандар. Автордың тарих алдындағы дәлдікті діттеп, артық бояу, әсіре суретке ұрынбай шынайы толғаған кейіпкерлері. Сонымен, төрт миллионға жуық адамы шейіт болған қазақ қауымының құрбандығына Тоқырауын - Балқаш өңірі де осындай өлшеусіз «үлес» қосты.

Топты жылқы айдап, торыжорғамен шайқалған елдің құты - Аймыр-задай байлар мен бұқара халқы үшін басын балтаға төсеген Жабайдың Сәдуақасы сынды ерлер қан қасаптың құрбаны болды да, тағдыр талапайында талқаны таусылмаған Ғайни, Елхандар ел көшіне ілесті. Автор жаңа шығармасында қызыл империяның қырғынына түскен қарындас-қауымның ауыр халін өз жүрегінен өткізе отырып, өксік-өкініш үнімен өрнектейді. Қорыта келгенде, шешен тіл, шебер толғаумен жазылған бұл повесі өңір тарихындағы тағы бір ақтаңдақтың орнын толтырып, халқымыздың тең жартысын құрбандыққа шалған кезең кесепатын шыншылдықпен айыптаған айғақты дүние дер едік. Жазушы Жанболат Башардың әңгіме жанрына да бейімділігін бұрнағы жылдары жарық көрген жинақтарынан білетінбіз. Автор сөз болып отырған кітабында бұрынғы жайлауын шиырлай бермей, тың өріс, құнарлы қонысқа бет бұрғандай. Моншақтай тізілген оншқты әңгіме осының дәлелі. Бәрі де осы заманның тыныс-тіршілігін қаузайтын құнарлы дүниелер. «Пері мен періште» әңгімесінде автор көкек анасы ауруханада қалдырып кеткен шарананың ауыр тағдырын суреттей отырып, оқырманға тағылымы мол ой тастайды. Өмірдің жантөзгісіз сойқан соқпақтарынан өтіп, бойжеткен жетім қыз ақыры туған анасының (өмірде жүзін бір рет те көрмеген анасы қайтыс боп кеткен) әке-шешесінің қолына түседі. Бірақ екі жағы да туысқан жандар екенінен бейхабар. Тек, араларында күннен-күнге артып бара жатқан бір жылылық бар...

«Соғыстан қалған сыз» және «Үрей» атты әңгімелерінде қаламгер махаббат баяндылығын, өмірдің қызығына кейде кездейсоқ жағдайлар да дәнекер болатынын әсерлі суреттейді. Ал «Моншақбай балуан» мен «Әкім құлағанда» ер мінезді, еркек қимылды дала қазақтарының бүгінде жоқ ірі мінездері кесек қырымен көрінеді. Жанболаттың пенде баласының алуан түрлі болмыс-бітімін қаз-қалпында бейнелейтін «Мен білетін Әлтай», «Сексен бес тиын», «Кісі» т. б. әңгімелерінен жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге үндейтін өнеге лебі еседі. Жалпы, Жанболат Башар тілге төселген жазушы. Халқымыздың шебер әңгімешілік дәстүрін терең игерген ол орайлы ойын өрнекті сөзбен өруге келгенде өзін мейлінше еркін сезінеді. Мәселен, «Ызғыған күннің суығы бірте-бірте күшейіп...таң алдында жел құтырына соғып, ойпаңдағы қалың шидің басын дамылсыз жұлқылады» немесе «Алыс көкжиектен шашқан алтын күннің соңғы қызыларай сәулесі су бетінде ойнап, Көкше көлдің дидарын нұрландырып жібергендей» іспетті бейнелі сөйлемдерге деген жомарттық ол үшін сирек шаруа емес. Жаңа кітаптың ойы анық, бояуы қанық болуының да бір сыры осында жатса керек. Түгел сөздің түбіне келсек, жазушы Жанболат Башар «Қабір үстіндегі зұлмат» кітабына енген шығармалары арқылы шеберлік атты шыңға тағы бір қадам жақындағанын аңғартты. Қаламдас әріптесіміз алдағы уақытта да оқырмандарын құнарлы шығармаларымен қуанта берер деген үміттеміз.

Абзал БӨКЕН, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер