Бұл дүниеде баланың қуанғанына ештеңе жетпейтін шығар. Әсіресе, асыр сала ойнайтын балауса кезінен өмірдің ауыр тауқыметіне ұшыраған балаларға бақыт сыйлаудың өзі неге тұрады?! Өмірде баланың қуанған сәтіне куә болу –әр ата– ана үшін қайталанбас бақыт деп ойлаймын. Сондай балаларға бақыт сыйлаған ананы біз Тараз қаласынан кездестірдік.
Жетім балалар – қай қоғамның болмасын өзекті мәселесі. Ата - бабамыз жетім-жесірін жылатпаған. Дана халқымыз ежелден - ақ «Баланың маң- дайынан сипасаң, күн күліп тұрады» деген ұлағатты сөзді ұстанған. Ал, қазіргі таңда өз баласынан бастартып жатқан безбүйрек аналар жетерлік. Сол тастанды балаларды бауырына басып, жетімдерді аналық махаббатқа бөлеген жанды «батыр ана» десек артық болмас. Өзгені өз баласындай қабылдаған кең жүректі Зүлфия Сатымбекқызының шаңырағына барып әңгімелесіп қайтқан едік. 12 баланы асырап алған Зүлфия Сатымбекқызы Тараз қаласында тұрады. Қайсар анамызға қарап, «бақытты адамның бірі» деуге болатын шығар. Жұбайы Бақтыбек Нұрхалиевпен бірге 12 баланы қамқорлығына алып, бір шаңырақ астында тәрбиелеп келеді. Бәрі тумаса да, туғанындай өзінікі. Кезінде балалар үйінде жұмыс істеп, сол жерден бала асырап алған. Мүгедек балаларды асырап алуыма жұмыс орным мен өз баламның ауыр дертке шалдығуы себеп болды - дейді ана. Міне, содан бері, тас жүрек аналар тастап кеткен балаларға бас - көз болып отыр. Еңбекқор жанның ертеден қара кешке дейін қолы босамай жүреді. Өйткені әр балаға мейірім шуағын төгу қажет. Асырап алған балалары туабітті мүгедек. Мейірімді ана жетімдерге медеу болып, оларды қоғам қатарына қосу өз парызым деп санайды. Балаларын бағып - қағып қана қоймай, түрлі ауруханалардың табалдырығын тоздырып жүр. Бірінің қолы қимылсыз қалса, бірінің аяғы адым аштырмайды. Бірақ, қайсар ана ешқашан мойыған емес. Қайсарлығының арқасында қиын күндерді бастан кешіріп, балаларының болашағына үлкен үмітпен қарайды. Өмірде түйгені мен балалары жайлы Зүлфия Сатымбекқызы кеңінен әңгіме өрбітті: - Елімізде тастанды балалар көп. Ең алғаш Тараз қаласындағы №1 мүгедек балалар үйіне жұмысқа орналастым. Сол жерде жүріп балалардың тағдырына алаңдап, ата-анасының мейірімінен айырылған мүгедек балаларды бауырыма басқым келді.
Асырап алсам қалай болар екен деген ой үнемі көкейімде тұрды. Балалардың ата – аналары келіп, өз еріктерімен бастартып, асырай алмаймын, баға алмаймын деп мүгедек болғанынан тастап кетіп жатқандарды көрдім. Көптеген безбүйрек аналарды кездестірдім. Келіп тұрамыз деген отбасыларда болды. Бірақ, олар тастаған бойы қайтып келмеді. Көздері қалай қиып тастап кетеді екен осы? Мүгедек болғанымен, бұлар да Алланың жаратқан пендесі ғой. Олар да қоғаммен тең өмір сүруге құқылы. Баланың бөтендігі жоқ. Жұбайыммен ақылдасып, асырап аламыз деген шешімге тоқталдық. Сөйтіп осы балаларды асырап алдық. Тағдырыма ризамын, ешқашан налыған емеспін. Әр қиыншылықтың артында бір қуаныш болады емес пе? Көп адам қазіргі кезде сау баланы асырап алғысы келеді. Ал бұларды біз мүгедек екен деп, шектеп тастауымызға болмайды ғой. Мен балаларымды көпшілік орындарда алып жүруге ұялмаймын, ұялған да емеспін. Қоғам көрсін, түсінсін деймін. Сол үшін ортаға алып жүрем, еш уақытта шеттетпеймін. Ұлым Леонид үйімізге келгелі қазақ болдым, деп мақтанады. Әпкесі екеуін бірге асырап алғанмын. 12 баланың ішіндегі 12 мүшесі сауы осы екеуі ғана. Балаларымның арасында орыс, дүнген, өзбек, татар мен қырғыз ұлтының балалары бар. Әңгімеміз бірден балалар тәрбиесіне ойысты. Әдетте, мұндай сұхбаттарда тым әсерлеп сөйлеу, кейбір жоқ нәрселерді бар деп көрсету де кездесіп жатады. Бұл жерде біз ондайды байқамадық. Әрбір айтылған сөздің мәнін жүздері қуанышқа толы балаларды көргенде көз жеткіздік. -Кем туғанмен бала адамның мейірімін өте терең ұғынады. Оларға қаншалықты қамқорлық көрсетілгенмен, бала отбасының, үйдің, әке мен ананың жан жылуын іздеп тұрады. Нұрбол деген ұлымызды екі қолсыз туғаны үшін туған анасы сәбиінен бас тартып еді. Туылғанынан сондай. Ас-ауқатты аяғымен ішеді. Жазады, сызады. Өзі сондай ақылды. Біраз жыл өткеннен кейін туған анасы бізге хабарласты. Содан кейін нәрестелі бола алмай, қиналып жүр екен. Нұрболды қайтып алғысы келетінін айтты. Бірақ, балам маған бауыр басып қалды ғой. Мен одан қалай ажыраймын?
Ол маған қазір «Апа, мен сенің балаңмын. Мені сен тудың» деп отырады. Егер қаржылай қолдау, көмек болып жатса, осындай балалардың тағы біразын асырап алар едім. Мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, бұл балаларға жіті қадағалау, үлкен қамқорлық керек. Балалардың күтіміне күтушім көмектеседі. 2013 жылы сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаев бізге жаңа үй тұрғызып берді. «Балалы үйрек көлден кетпейді, балалы жесір елден кетпейді» деген қазақтың қағидалы сөздері бар. Облыс басшыларына, балаларды асырап алуыма көмек көрсеткен жандарға алғысым шексіз. Қазақ жетімін жылатпаған. Қазақтың баласы болсын, орыстың баласы болсын бөтен бала болмайды. Алдағы уақытта тағы бала асырап алсақ деген ойымыз бар – деді Зүлфия Сатымбекқызы. Ерлік деп осыны айт. Балаларды асырап, бауырына басқан Зүлфиядай анаға қалай құрмет көрсетсе де әбден лайық. Ол көп адамның бойынан табыла бермейтін асыл қасиеттің иесі. Барлық аналарымыз осындай болса екен деп тіледік.
Ұлжан АЙНАҚҰЛОВА
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!