BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сынақ – мың сұрақ

Фото: www.youtube.com

Әрине, өткенсіз бүгін жоқ. Тарихтың тіні осылай тереңдей береді. Демек, өткенге ой жүгіртіп, бүгінмен сабақтап, барымызды бағалап, жоғымызды түгендесек, саналы істің сағын сындырмаймыз. Рас, қазақ даласы қаншама қиянатқа иілмей, тосқауылға Толағайдай төтеп берген, сол секілді дәуір саясатының салқын лебіне сабыр сақтаған халықтың тоқтам-тобасы да таң қалдырады. Оның бір дәлелі Семей полигоны еді. Оны ел азап алаңы деп те атады. Биыл Елбасы Н.Назарбаевтың «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы күшіне еніп, сынақ алаңы біржола жабылғанына 25 жыл толып отыр. Өткен күндердің өкініші мен жылдар жаңғырығын жадымызда ұстап, болған оқиғаны бағамдасақ ешкім әбес көрмес.

Әуелі шамалы шегініс: КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық объектісі болған Семей жерінде орасан атом бомбалары сынақтан өтті. Арнайы бөлінген 18 млн. гектар жерде бастапқыда адамға, сосын флора мен фаунаға тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Соның салдарынан ра­диациялық әсер аймағында тұра­тын 500 мыңдай адам азап шекті.

Дәлелді деректер базасына сүйенсек, Курчатов қаласын (Семей – 21), реакторлар кешенін, «Балапан», «Сары-Өзен», «Г» (Дегелеңдегі сейсмокешен),­ «Ш» («Тәжірибелік алаң» дейтін) сынақ алаңдарын, толып жатқан басқа да ұсақ тәжірибелік алаң­дарды қамтыған құрылымда 456 ядролық жарылыс жасауға жол ашты. Мұнда атом қиратқыш қаруын сынауға мүмкіндік жа­сал­ды. Мамандардың мәлім­де­уінше, Семей полигонында әуеде және жер бетінде сы­нақ­тан өткізілген ядролық зарядтар­дың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болған. Осындай зардапты зейінге ұстаған зиялы қауым 1989 жылдың ақпанында «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы митингісін өткізді. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов бастап шықты. Сөйтіп Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсыныс қабылданды. Бұл бейбіт­шілік аңсаған азат қазақ елінің қан төгісті қаламайтын нақты нышаны еді. Семей полигоны­ жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигонында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің әлемдік деңгейдегі беделі мен бастамасы тарихтың жарқын бетінде тамаша табыс болып ескерілді.

Бүгінде сынақ алаңында бол­ған, тіпті кеңестік кезеңнің кө­лең­келі көрінісін көзбен көр­ген куә аймақта баршылық. Со­лар­дың бірі «Невада-Семей” қо­ғамдық бірлестігінің облыс бо­йынша ардагерлерінің төраға­сы Сәбит Әбіш екен. Екеуара әңгі­ме барысында шындық пен шырға­лаңның шымылдығын ашуға тырыстық. Менің алғашқы сауалыма ол абдырап қалды да мұңлы көзімен алысты шарлап кетті.

– Ядролық полигон үшін Семей жері таңдалуының өзіндік себебі бар. Оның бірінші бет­бұрысы аумағында адам ең аз қоныстанған, сонымен бірге не­гізгі коммуникация­ сонша­лық­ты қашық емес орынға Се­мейдің орналасуы сәтті еді. Географиялық орналасуы­ және биологиялық жағ­дайы мақсатқа сай деген ұйға­рым болған сыңайда. Ұлы Отан соғысы аяқталысымен мұнда алып құрылыстар жүрген, соның нәтижесінде 1949 жылдың 29 тамызында Семейде алғаш атом бомбасы жарылды. Кей құжат­тар бойынша полигонда ұзақ жылдар бойы ядролық зымыран қозғалтқышының жеке элемент­тері ғана емес, жер үсті прототипі де сыналған. Мен полигонда­ 1971-1973 жылдары әскери борышымды өтеу барысында осы мәліметке қаныға бастадым.­ Бі­рақ сарбаз үшін бұйрық талқы­лан­байды, оны орындау борыш. Іштегі шерді енді тарқатып жүр­міз. Бұл да болса, ел тәуелсіз­ді­гінің шарапаты, - дейді сұқ­баттасым.

– Айтыңызшы, Семейдің сы­­нақ даласында өңірден қан­ша әскери сарбаз қызмет етті?

— Қазір ештеңе құпия емес, жариялылық заманы. Оның үсті­не әскери комиссариат есебінде бәрі тіркеулі. Біздің есеп бойынша, әр жылдары Семей полигоны кезеңінде облыстан 10 мыңнан аса адам әскери қызметте болған. Бір өкініштісі, олардың қатары сирей бастады.

– Атом жарылысынан ал­ған зардапты қаншалықты жоя алдық?

– Семей полигоны сынағының тоқтағанына 25 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін сол аумақта жоғары радиациялы жерлер бар. Кейбір жерлерге қазір де баруға болмайды. Сондықтан зардапты толығымен жоя алдық деп айта алмаймын. Олай дейтінім, атом зардабын көрген кісінің ұрпағы да тауқыметін тартып отыр. Жалпы, сынақ қасіреті – бұл қазақ жерінің қасіреті. Сол сынақтың астарында мың сұрақ тұр. Бәрі де мұңға толы меңіреу мазасыздық. Қысқа қайырғанда, біздің экологиямызға түскен жа­рақаттың молдығы сондай, оны қалпына келтіруге енді қаншама ғасыр қажет!

– Апатты жоюға қатысқан азаматқа мемлекет тарапынан қандай көмек бар?

  • Қаржылық қиындыққа қа­ра­мастан, мемлекет ешқашан өз азаматтарын назардан тыс қал­дырған емес. Полигон зардабын шегушілерге айына бір мәрте жәрдемақы төленсе, жылына бір рет ауруханада ем қабылдауға мүмкіндік берілген. Семей поли­гонының жабылғанына 25 жыл толуына орай аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың тікелей қолдауымен «Жарылыс жаhанға жат» атты жинақ жарық көреді. Кітапта ешкім ескерусіз қалмайды, олардың ерлік істері, міндетке жауапкершілігі толық көрсетіледі.

P.S. Қырық жыл бойы біздің халқымыз жаһандық ядролық қарудың сынақ алаңында тұрып келді. Одан қалса, әскери және міндетті қызметін атқарды. Семей полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту – тәуелсіз Қазақстанның тамаша табысы ер едік. Себебі мемлекеттің басты байлығы – халық, оның амандығы мен денсаулығы. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 29 тамыз Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күн болып белгіленді. Бұл бекерден бекер белгіленген жоқ. Мұнда бейбітшілікті қорғау мен саяси тұрақтылықты сақтаудың сенімді жолын ұстанған бағалы бастама бар. Ендеше ел аман, тыныштық заман болсын!

Ерасыл Шәрібек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 18:34
500 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЛЫҚ ТІЛЕЙМІН!
Пікірлер