Сылбырлық танытудың соңы өмірімізге қауіп төндіруі мүмкін - Қоғам|09 Желтоқсан 2016, 09:40
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Сылбырлық танытудың соңы өмірімізге қауіп төндіруі мүмкін

Аталмыш учаскедегі жас мамандардың бірі Асхат Әбдуахитов еңбек жолын 2007 жылы Нұрқазған кенішінде өздігінен жүретін жерасты машинасының жүргізуші болып бастады. Жүк машинасының тәжірибелі жүргізушісі Ұлан Дүйсенбаевтың мектебінде шыңдалып, шеберлігін арттыра түсті. Сәтбаев қаласында туып-өскен ол №1 кәсіби училищеде білім алып, болашағына осылайша қадам басты.

Негізінде өндірісші болуды ағасы Рамазан Əбдуахитовқа қарап таңдаған Асхат онысына еш өкінбейді. Ұзақ жылдар кен бұрғылаушысы ретінде шыңырауда тер төккен Рамазан ағасы қазір құрметті еңбек демалысында. Бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ол кісі Асхатқа өз мамандығының қыр-сырын айтып, əркез білгенін үйретуден жалықпайды. Осы жылдар ішінде өз ісінің шеберіне, жауапты жүргізушіге айналып үлгерген Асхат бүгінгі күні өз түйгенін соңынан ерген інілеріне сіңіріп жүр. Қажет кезде көмек қолын созудан тартынып қалмайды.

Жұмыстан сəл босай қалса үй шару ашылығымен айналысқанды жөн көретін жас жігіт еңбек ұжымында жиі өткізілетін мəдени-спорттық шаралардан қалыс қалған емес. Бірнеше рет «КəсіпҚазақмыс» кəсіподақ ұйымы мен «Жастар одағы» ұйымдастырған байқаулардың жүлдегері атанды. Міне, шыңырауда шыңдалғанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында ол жеке басының бақытын да ұмыт қалдырмады. Ұнатып, тағдыр қосқан қызына үйленіп, отбасын құрып, шаңырақ көтерді. Ол бүгінде екі баланың əкесі. – Балаларым өнерлі. Күнде бір жақсы жаңалықпен қуантады. Осылардың болашағы үшін де өнімді еңбек етіп, еліміздің гүлденуіне үлес қоса беремін, – дейді ол.

Жақында ғана кəсіби шеберлік байқауына кəсіподақ ұйымының Алғыс хатына ие болған жас жігіт үшін қауіпсіздік техникасы бірінші орында. «Көлікті тізгіндемес бұрын бірінші тежегішті ретке келтіріп алу керек. Техникалық ақаулары байқалса, бірден жөндеуге кірісемін. Кейінге қалдыруға болмайды. Себебі, сəл сылбырлық танытудың соңы өмірімізге қауіп төндіруі мүмкін. Ал, мені үйде отбасым күтіп отыр. Олардың арасына аман-есен оралуым керек», – дейді А.Əбдуахитов.

Сымбат КЕНЖЕЕВА, «Мысты өңір».

Суреттерді түсірген Ердос МҰҚЫШЕВ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер