BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Отбасы - кішкентай Отан

Фото: news.kaznmu.kz

Ізгіліктің бастауыда бақ басы, Болатуғын шаттық дәурен қақпасы. Ұялаған мол мейірім, ынтымақ, Жұмақ төрдің сая бағы -отбасы. Отбасы - сыйластық, жарастық орнаған, адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Ол белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы, әлеуметтік институт болғандықтан, сөзсіз, қоғамның ықпалында болады. Отбасының өзгеруінің заңдылығы жалпы қоғамда болып жатқан өзгерістермен бағыттас. Сондықтан қазіргі кездегі отбасының жағдайын түсіну үшін және оның дамуының болашағын бағалау үшін бүкіл 20-шы ғасыр бойы қоғамдық өмір мен бұқара санасында болған түбегейлі өзгерістерді ескеру керек. Өткен ғасырдың ортасынан бастап отбасы институты елеулі және қайталанбас өзгерістерге ұшырады. Қазіргі таңдағы көптеген отбасыларында болып жатқан келеңсіз өзгерістер (ғұмырлық некеге тұрақтылықтан бас тарту, айырылысу мен некенің бұзылуы, ұрпақты тәрбиелеудегі риясыз қарым-қатынастан бас тарту, толық емес отбасы мен өгей ата-аналы отбасы санының артуы, баланы алдырып тастау мен некесіз бала туу) адамзат баласын сөзсіз алаңдатуда.

Отбасы — адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-анасының шексіз махаббатына бөленіп, жағымды іс-әрекеттеріне қанығып өсуі қажет емес пе? Алайда қазіргі нарықтық қоғамда көптеген ата-аналар тіршілік қамымен жұмыс басты болып кеткендіктен бала тәрбиесі екінші орында қалып қойды. Ал үйде қалған жәудіркөздерді көгілдір экрандағы шетелдік телехикаялар мен ғаламторың түпсіз тұңғиыққа толы көріністері тәрбиелеуде.Сондықтан да отбасы құндылығы әлсіреп, періштедей пәк сәбилер адам аузы бармайтын сұмдықтардың құрбанына айналып жатса, енді біреулері соның жанды кейіпкері болып отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, Отан - отбасынан басталатынын ескерсек, осындай келеңсіз жайттардың алдын алуға тиісті екеніміз айтпаса да белгілі сияқты. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз...Көпке үлгі боларлық, немере-шөбере сүйген, «Күміс», «Алтын», тіпті «Бриллиант тойларын» жасап, үлкен бәйтеректей жайқалып, тереңге тамыр жайған үлгілі отбасыларымыз жетерлік. Қалай десек те, қоғамның дамуына бірден бір себепкер ол, әрине отбасы. Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі - бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады. Отбасында еңбекке тәрбиелеу, баулу мен кәсіптік бағдар беру баланың қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген сапалы көзқарасты тәрбиелеудің, жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады. Сондықтан да отбасы құндылықтары арта берсін дегіміз келеді... Сөз соңында жерлестерімізді «Отбасы күні» мерекесімен құттықтай отырып, шаңырақтарына шаттық, өмірлеріне бақыт тілейміз.

Лида ЖАНБОТАҚЫЗЫ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер