BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Өндірісі өркен жайған

Ауданымызда ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Арман Қайратұлы Евниев іссапармен болды

Егемендік алған 25 жыл ішінде еліміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекетімізде мектептер мен балабақшалар, мәдениет ошақтары бой көтеріп, қаланы былай қойғанда, аудан орталықтары мен ауылдар абаттандырылып, көріктене түсті. Ауылшаруашылығы саласы қарқынды дамып, өндіріс орындары жандануда.

Байзақ ауданы – негізінен аграрлық бағыттағы аймақ. Елдімекенімізде егін шаруашылығында өндірілген өнім көлемі мен гектар түсімі жыл сайын артуда. Сонымен қатар, жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына баса назар аударған ауданымызда уақыт талабына сай өндіріс өркен жая бастады.

Кеше, ауданымызға арнайы іс-сапармен Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Арман Евниев келді. Арман Қайратұлы әуелі ауданымызға қарасты Қызылжұлдыз елдімекеніндегі «Rola-7» ЖШС-не атбасын бұрды. Макаронның отызға тарта түрін шығаратын өндіріс орнының өнімдерін бүгінде тек біздің ел тұрғындары тұтынып қоймай, көршілес Қытай, Ресей мемлекеттері қызығушылық танытып отыр екен.

Серіктестік басшысы Тұрсынбек Нұрбаев арнайы келген қонақтарға мекеменің құрылу тарихы, меншік иесі, негізгі айналысатын кәсібі, онда жұмыс істейтін жұмысшылар саны, өндіріс орны тарапынан қызметкерлерге көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектер, өндірілетін өнім түрлері, олардың өтімділігі, бағасы, сапасы, қажетті шикізат мәселелері жайында кеңінен мәлімет беріп, цехтарды аралатып көрсетті. Ал, ең маңыздысы еліміздің ұлық мерекесі қарсаңында «Rola» маркасымен шығатын макаронның түрлері тағы оншақты өніммен толықпақшы екен. Бұл үшін бүгінде қызу жұмыстар қолға алына бастаған. Яғни, арнайы лағман цехы ашылып, онда тиісті құрылғылар орнатылып, жұмысшылар қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Өндірісі өрге домалаған «Rola-7»-нің осындай оңды істерін өз көзімен көрген ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы оған жоғары баға беріп, болашақта да жұмыстарының жандана түсуіне тілектестігін білдіріп, келесі нысанға аттанды.

Келесі нысан, осыдан бірер жыл бұрын жеке кәсіпкер Алтынбек Жәмішжановтың бастамасымен Бәйтерек ауылдық округінде ашылған «Еңлік» балабақшасы. 75 орындық балалар үйіне кіргеннен-ақ сәбилердің сыңғырлаған күлкісі естілді. Кіші, орта және «Бәйтерек» топтарында тәрбиеленіп жатқан балалар үш тілде ән айтып, өлең оқығаны қонақтарға ерекше әсер етті.

Ал, бұл уақытта Сарыкемер орта мектебінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздік-шыңына» концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып жатты. Мерекелік шараның үстінен түскен А.Евниев аталмыш білім ошағындағы кітапхананы, акт залын, спорт кешенін аралап көріп, тілек кітабына өзінің қолтаңбасын қалдырды.

Мұнан кейін Арман Қайратұлы Диқан ауылдық округіндегі ең ірі қожалық- «Талап» шаруа қожалығына табан тіреді.

Тамшылатып суару технологиясы бойынша 2,5 гектар алқапқа жылыжай орналастырып, онда қияр егіп отырған «Талаптың» талабы таудай. Шаруашылық басшысы Мауыт Фазуловтың айтуынша мұндағы жылыжай кешені Оңтүстік Кореялық «JD AQRO» компаниясының ұсынысымен тұрғызылған және ондағы құрылғылар асбистті құбырлардан жасалған. Үйшіктер үш қабатты пленка жабындыларымен жабылса, жылыжай кешені газбен жылытылып, жарықпен қамтамасыз етілген. Жайнаған жылыжай жұмысына жергілікті тұрғындардан 30 адам қызметке тартылған. Маусымына 100-150 тонна өнім өндіретін «Талаптың» қиярлары Тараз қаласы мен облыс аудандарының дүкендері, сауда үйлерінің сөрелерінен орын алған.

Байзақта білім саласын дамытуға да айрықша көңіл бөлініп келеді. Өңіріміздегі Түймекент елдімекенінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой көтерген №1 орта мектепте болған ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Арман Евниев білім ошағындағы ағылшын, химия-биология, информатика сыныптарының жабдықталуын сұрастырып, оқушылардың дәрістеріне қатысты.

- «Болашақ – білімділердің қолында. Мемлекетімізде жастарымыздың білім алуына барлық жағдайлар қарастырылған. Соның айғағы заманауи үлгіде салынып, қолдануға берілген сендердің білім ошақтарың. Сондықтан осы мүмкіншіліктерді пайдаланып, жақсы оқуға ұмтылыңдар» деген мемлекеттік инспектор, жастармен еркін ой алысып, пікірлерін тыңдады.

ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Арман Евниевтің аудандағы іс-сапары «Батыс Европа- Батыс Қытай» автокөлігі дәлізінің бойында орналасқан «ТауДос» сервистік орталығында жалғасты.

Іссапар кезінде мемлекеттік инспектордың жанында аудан әкімі М. Шүкеев еріп жүрді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер