BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қостанайда көше атауларын өзгерту қолға алынды

Бүгін қалалық әкімдік ғимаратында облыс орталығындағы Герцен және Таран көшелерінің атауын өзгертуге қатысты көпшілік пікірі тыңдалды. Нақтырақ айтқанда, Герцен көшесін Қобыланды батыр даңғылы етіп өзгерту, Герцен көшесіне академик Зұлқарнай Алдамжар есімін беру және Таран көшесін Тәуелсіздік деп атау қызу талқыға салынды. Облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мекеме-ұжым басшылары және қала тұрғындары көзқарастарын ортаға салды.

Алғашқы мәселе бойынша, тарихшы Аманжол Күзембаев баяндама оқып, Қобыланды батыр туралы деректер келтірді. Орыс ұлты өкілдерінің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сөз алғандар ішінде бұл бастаманы қуаттағандар да, наразылық танытқандар да болды. Пікірлер екіұдай. Бірі көше атауын З.Алдамжармен байланыстыруды жөн деп есептеді, енді бірі өзгеріссіз қалдырған абзал екенін айтты. Соңында көпшіліктің басым дауыс жинауы арқылы Герцен көшесі Қобыланды батыр даңғылы болып өзгертілетін болды. Таран көшесін Тәуелсіздік деп атау мәселесі де қызу сөзталқыға салынды.

"Неге нақ Таран көшесі? — деді наразылық танытушылардың бірі. — мән-мағынасыз атаумен тұрған солтүстік-батыс, әуежай, юбилейный сынды шағын аудандар бар емес пе. Таран да тарихи тұлға… Тіпті, Тәуелсіздік атауын алаңдарға берсе жарасымдырақ". Ал әріптесіміз Қыдырбек Қиысхан бұл бастаманы қолдаушылардың сөзін қоштап: "Тәуелсіздік тарихы кеңестік дәуірмен шектеліп қоймайды. Тамыры тереңде. Ал Таран мен Аманкелдіні салыстыру – қателік! Аманкелді – халық батыры, Таран – белгілі бір жүйенің қолшоқпары ғана. Қасиетті Тәуелсіздік қаланың қақ ортасындағы осы көшемен аталуы керек!",- деді. Пікірқағыстар ұзаққа созылды. Тарихи тұрғыдан ойлар қозғалды, мән-маңызына оңды-солды зер салынды. Ақырында депутаттардың көп дауыс беруі арқылы көше атауы өзгертілетін болды.

www.kostanaytany.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер