BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

КӨНЕ ПАПИРУСТАҒЫ ЖАЗБА ШЫНДЫҚ ПА?

Ақиқатын айтар болсақ, адам баласы жаратылғанға дейін, жер бетінде өзге бір тіршілік болғанын бүгінгі ғылым жоққа шығармайды. Ғалымдардың кей болжамына қарасақ, көктен түскен беймәлім тіршілік иелері, жерге тірі ағзаға айналатын ұрық шашқан. Біз содан өсіп-өнген ұрпақпыз. Өкінішке қарай, адам баласы қазір өзінің даму сатысына жеткен сияқты. Одан әрі өзін-өзі жою кезеңі күтіп тұрғандай. Бірақ адамзаттың аман қалуы не жоқ болуы бізді көктен бақылап отырған беймәлім саналы тіршілік иелерінің қолында көрінеді-міс. Бір қызығы, ХХ ғасырдың орта тұсынан бастап баспасөз беттерінде жиі қылаң беріп, тосын әңгімелер туғызған ұшатын табақшалар сол кездің өзінде болғанға ұқсайды. Оған мыңдаған ғасырлық ұлттардың аңыз, жыр-дастандары куә. Мәселен, Ирландия мен Франциядағы Ла-Плата, Но, Каро Лоома үңгірлерінде, Испания мен Жапонияның Кюсю аймағында жерленген патшаның табытында ұшатын табақшалар кескінделген. Ғалымдар осы суреттердің жасын зерттеп, біздің дәуірімізге дейінгі 2000-3000 жылдықта салынған деген болжам жасаған. Демек, ол заманның адамдары ұшатын табақшадан хабардар болғаны ғой. Ежелгі Тибет әдебиетінде де аспанда кенеттен пайда болып, ілкім сәтте ғайып болатын белгісіз нысандар жайында сөз болады. Бұл ежелгі Мысыр жазбаларында да бар. Мысалы, қамысқа түсірілген бір жазбада: «Аспанда жарқыраған шамы бар белгісіз нысандар пайда болды. Олар көкте біраз тұрды да, көкжиекке сіңіп жоқ болды», – делінген. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, жазу папирусқа біздің заманымызға дейінгі ХV ғасырда түсірілген. Ол кез Мысыр перғауыны Тумос V патшалық құрған кезбен дөп келеді. Сондай- ақ папируста: «Тумос бүкіл әскерін ертіп жорыққа шыққан. Талай құмды белдерден асып қалжыраған әскер бір қырқаға көтерілгенде, көктен от шашқан белгісіз нысандар көрінді. Перғауыннан бастап бүкіл әскердің құты қашты. «Құдай біздің шапқыншылығымызды қабыл алмай, бізге лағынет айтып жатыр. Кері қайтайық», – десті әскербасылары. Бірақ Тумос: «Алған бетімнен қайтпаймын. Мына Құдайдың жібергендері бізге, керісінше, жеңіс тілеп тұр», – деп бет бақтырмады. Сосын әскерін ертіп алған бағытына жөнелді. Жеңіске жетті. Олжалы болды. «Мені Құдай қолдады» деп Тумос перғауын той жасады», – делінеді. Бұл жолдар түсірілген папирус әлі күнге Ватикандағы мұражайдың Египет бөлімінде сақтаулы тұр. Әлгі жолдарды оқуға болады... Демек, бұл жазбада бір шындықтың жатқаны – ақиқат. Сыры беймәлім ұшатын табақшалар жөнінде Үнді жазбаларында да кездеседі. Бұдан біздің дәуірімізге дейінгі 1-2 мыңжылдықта дүниеге келген «Вайманика шастра» жырында белгісіз нысандардың аспан төрінде ойнақ салғанын үтір-нүктесіне дейін керемет келтірген. Ал жырдың бүгінгі адамзат ғарышқа ұшқан заманында емес, мыңдаған жыл бұрын дүниеге келгенін ескерсек, сол кезде-ақ адамдар зеңгір көкте белгісіз ұшатын табақшалар барын білген. Соны әдіптеп жырға енгізген. Мұның бәрі – аңыз, көңілге қонбайды дейтін болсақ, одан да нақты, өмірде болған адамдар жөнінде тілге тиек етелік. Мәселенки, аты шулы қолбасшы Александр Македонскийді алайық, біздің дәуірімізге дейінгі 332 жылы ұлы қолбасшы Тир шаһарына шабуыл жасайды. Бірақ ала алмайды. Кенет аспанда ұшқан тырна тізбегіне ұқсас жұмбақ нысандар пайда болып, олар қала қабырғасына жарқырата оқ атқан. Қабырға құлап, Александр әскері шаһарға басып кіреді. Бұл туралы ұлы қолбасшы «мені Құдай қолдады» деп мәлімдеген. Шаһардың қабырғасын күйреткен соң, белгісіз нысандар лезде ғайып болған. Александр Македонскийдің бүкіл соғысын тасқа түсіріп жүрген жылнамашылар, болған жайды бүге-шігесіне дейін жазып қалдырған. Бұл жазбалар әлі сақтаулы тұр. Ежелгі грек жазбаларында да ұшатын табақшалар жөнінде айтылған. Тіпті, Плутарх, Аристотель, Цицерон бастаған ғұламалар да көзімен көргендерін, естігендерін қаттап жазып кеткен. Олар көзі жетпеген дүниені хатқа түсірмесе керек-ті...

Америка үндістерінің ұшатын табақшалар жайында айтқандары мен тасқа шекіп кеткендері жеткілікті. Қытай жазбаларында да бұл ғажайып құбылыс жайлы көп жазылған. Мұның бәрін жоққа шығаруға бола ма? Әрине, жоқ. Демек, бөтен ғаламшарда өмір сүретін ақыл-ой иелері сонау ес білмес заманда-ақ жер бетіне келіп тұратын болған. Ал өзіміз өмір сүрген кезге келетін болсақ, 1947 жылы ең алғаш ұшатын табақшамен кездесіп қалған – АҚШ ұшқышы Кеннет Арнольд. Оның қалай кездесіп қалғаны, нені көргені көп уақытқа дейін құпия сақталды. Тағы бірер мысал: өткен ғасырдың ортасында Испанияның солтүстігі мен Францияның оңтүстігінен біздің заманымыздан 12 мың жыл бұрын жартасқа салынған суреттер табылған. Ондағы кескіндер ұшатын беймәлім табақшаға ұқсайды екен. Б.д.д. 1482 жылы Мысыр аспанында белгісіз ғарыш нысандары пайда болған. Олар көкте от шашып, ойқастап жүріп, лезде ғайып болған. Мұны тым арғы тарих дейтін болсақ, бертінгісі – 1883 жылы алғаш рет суретке түсірілуі. Оны түсірген – астроном Хосе Боннило. «Бұл – ешқандай құс емес. Соңына керемет жарқыл қалдырып, көкте жүйткіп бара жатқан беймәлім ғарыш кемесі», – деп жазады ол күнделігіне. 1896 жылы бөгде ғаламшар иелерімен алғаш рет адам баласы кездесіп қалды. Ол Калифорния штатында тұратын полковник Шоу деген азамат еді. Кешкілік орман ішінде қыдырыстап жүрген ол кенеттен шу естиді. Көзді ашып- жұмғанша шағын алаңқайға сұп-сұр дирижабльге ұқсас бір кеме қонып, одан жалғыз көзі бар, ұзын бойлы, қолдары салбыраған адам тектес сұлбалар шығып, полковникке тап берген көрінеді. Бірақ Шоу дер кезінде қашып үлгереді. Сәлден соң әлгі белгісіз ұшақ жерден дыбыссыз көтеріліп, жоқ болған. Бұл оқиғаға тек полковник қана емес, сол маңда қыдырып жүрген өзге азаматтар да куә болған. Бұл жайт кейіннен бүкіл штатқа жайылған таң-тамаша әңгіменің арқауы болады. Мұндай мысалдарды тізе беруге болады. Ең бастысы, адам баласы жаратылғалы бері, көк жүзінде сыры жұмбақ ұшатын табақшалардың сайран сап жүргені. Рас, бүгінде техника жетілді, адам санасы толықты, он сегіз мың ғаламның сырын жартылай аштық дегеннің өзінде, біз сонау ықылым заманда адамдар көріп, үңгір қабырғаларына, жартастарға шекіген ұшатын табақшалардың сырын аша алған жоқпыз. Бұл құпиялық қашанға дейін сақталмақ?


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер