BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылша алқабында қызу тірлік

Бүгінде ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінен ең негізгісі бұл қант қызылшасы болып отырғаны белгілі. Қазір күз мезгілінің орта тұсы, берекелі қазан айы болғанымен шаруа қауым үшін қолайсыздық танытып отыр. Айдың алғашқы онкүндігінде әлегін салған алғашқы қардың соңы жауын-шашынға ұласып, дихандардың күзгі жиын-теріміне кедергі келтіруде. Дегенмен, өткен жұма-сенбі күндері аспанды торлаған сұр бұлттар ыдырап, күн көзі көрінісімен шаруалар қызу еңбекке араласып кетті.

Өткен сенбіде аудан әкімінің бастамасымен “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 25 қайырымды іс” шарасы аясында аудандағы бірқатар мекемелер мен бөлімдердің қызметкерлері қант қызылшасы алқаптарында кешке дейін тәтті түбірді жинауға тегін көмектесті. Аудан басшысы өзі бас болып, “Талап” шаруа қожалығының иелігіндегі қант қызылшасы танабында тәтті түбірді жинауға атсалысты.

Осындағы «Талап» шаруа қожалығының 110 гектар қызылшасы көз сүйсіндіреді. Біркелкі өсіп-өнген қызылша алқабы алыстан менмұндалайды.

– Міне, еңбек. Қызылшалы алқаптың ішіндегі озық көрінетін, үлгі тұтатын, тамшылатып суару технологиясымен егілген қызылшаның бірі осы дер едім. Тек күннің осы жылығанын тиімді пайдаланып қалуға тырысу керек, – деді аудан әкімі М.Шүкеев төңірекке көз тастап.

Израил елінің тамшылатып суару технологиясымен егілген қызылша танабында біз барғанда сексенге жуық адам қызу еңбек көрігін қыздырған сәттің куәсі болдық. “МТЗ-952”, “МТЗ-80” маркалы тракторлар дала төсін дүбірге бөлеген. Олардың бірі қызылша жапырақтарын қырқып, енді бірі қызылшаны қопарып жүр. Келесі бір агрегат дайын өнімді жүк көліктеріне тиеп жатыр.

Қожалық басшысы Мауыт Фазулов тәтті түбірдің француздың “Авангард” тұқымынан себілгенін, бүгінгі күні қызылшаның он гектарға жуығы жиналғанын, ауа-райының осы жылылығын барынша тиімді пайдаланып қалу мақсатында бар күшті жұмылдырып жатқанын жеткізді. Осы мақсатта “Алға” автобазасымен келісім-шарт жасалып, қосымша “КамАЗ” автокөліктері тартылған.

Егін алқабындағы қызылша жапырақтарын жауып жүрген Түймекент ауылдық округінің тұрғындары Алия Мақашева мен Жанар Түгелбаеваларды әңгімеге тарттық. -”Жұмыс тұрақты, күндік ақшамызды төлеп тұрады. Таңертең шаруа қожалықтың арнайы берілген автокөлігімен келеміз, жұмыс уақыты азанғы сағат тоғыздан кешкі сағат алтыға дейін болады. Ерте көктемнен бері қант қызылшасы алқабында еңбек етіп келеміз, тәтті түбірді жекелейміз, жүйекаралық төселген су жүретін шлангаларды сыртқа шығарамыз, енді қызылша жапырақтарын шауып жүрміз”-дейді еңбеккерлер.

“Мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар болып жатыр. Тек, ерінбей еңбек ете білсең болғаны. Олай дейтін себебім, осы алқаптарға тамшылатып суару технологиясымен егілген қызылшаның әр гектарына 90 мың, тоннасына 2250 теңгеден, қызылшаның әр келісіне 17 теңгеден төленеді. Бұдан бөлек, аммофос, селитра, МПК сынды минералды тыңайтқыштарды субсидиямен алсам, жуырда ғана арзандатылған бағамен 5 тонна жанар жағармай берілді. Сондай-ақ, техниканың 30 пайызы, тұқымның 75 пайызы субсидиямен берілуде. Бұдан артық біздей шаруаларға қандай көмек керек. Кеше Тараз қаласындағы қант зауытына 120 тонна өткізсек, бүгін кемінде 400 тоннаға жуық өткізбекпіз. Сондықтан, келер жылы тәтті түбірді екі жүз гектарға егуді жоспарлап отырмын-дейді Мауыт ағамыз бізге берген сұхбатында.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер