BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Кейуана қасіреті

Бәкен онда қойма меңгерушісі болып істейтін. Елдің жағдайы ауыр болды. Ол алдына келген адамды бос қайтармай, көпшілікке көмектесті. Көбіне несиеге берді. Ел мұны әс көтеріп, қатты құрметтеді. Әрине, бірдеңе алу үшін жасанды құрмет көрсетушілер де болды. Мұны көпшіліктің құрметтегені бойжетіп қалған Аюбикеге ұнамады. Неге екені белгісіз Бәкенге қас жауындай қарай бастады. Келе-келе инедей жазығы болмаса да жанжал шығарып, үйдің берекесін алатынды шығарды.

Балжан шешей қызына қанша ақыл айтып, ұрысса да тыңдамай, өршелене түсетін. Бір күні осындай бір қақтығыстан кейін, Бәкен қатты торығып, ауырып жатып қалды. Тіпті, шектен шыққаны сонша Аюбике жеңгесіне қол жұмсайтынды, шашына жармасатынды шығарды. «Келін шыдап жүр. Бір күні қып-қызыл төбелес болуы мүмкін-ау. Күйеуінің түрі анау, бір былжырап қалған сорлы. Осыны да менен туды дейді-ау. Бұл «ит» кімге тартып осындай болды. Мүмкін ауру шығар... Соғыста 4 жыл жүргенде де ысылмапты. «Ертең Күшік аман-сау келіп, құдай тілекті берсе, дүрілдеп кетеміз. Оған дейін жаным тірі болса сіздерге кемістік көрсетпеймін» деген уәдесіне келін жетті. Жарын жалықпай күтіп, арына дақ түсірмей қарсы алды. Ол жоқта оғаш мінездер көрсеткен жоқ. Осы қарындасы араларына сына болып қағылмаса жарар еді. Басында еркелік шығар деп бәріміз елемей жүре беруші едік, бұл еркелік емес, ерсілікке ұласып, еліріп бара жатқан сияқты. Кеш қалмасақ дұрыс болар еді. Жоқ, енді кешігуге болмайды. Сөйлесуім керек, шамам жетсе тоқтатуым керек» деп түйген Балжан қызын оңаша алып келді. — Шырағым, деді ол қызына, — Бәкеннің бізге, оның ішінде саған жасамаған жақсылығы жоқ. Кеше ағаң соғысқа кетіп, атаң қайтыс болып, панасыз қалғанда өгіздей өрге сүйреген осы Бәкен емес пе? Сені үйге келгенде мойынынан түсірмейтін. Жұмысқа еріп баратын. Өз балаларынан да артық көретін. Сені оқытты, тәрбиеледі, адам қатарына қосты. Күйеуі соғысқа кеткендердің кейбіреулері кетіп қалды. Ал, қатарда қызмет істеп жүрген, қылшылдаған жап-жас келіншекке жігіт табылмады дейсің бе?

Құдайға шүкір, тіпті әңгіме, сөз ерместен еріне жетті. Бізді жеткіземін деп көрген азабы аз болғандай, енді рахат көремін дегенде сен неге оған тиісе бересің. Ағаңның түрі анау жасыратыны жоқ, шикіөкпе сияқты. Мұншама неге бос болғанын білмеймін. Ештеңемен, ешкіммен жұмысы жоқ. Ал, айналайын Бәкенді көріп жүрсің, қолынан бәрі келеді, мінезі қандай? Ағаңның әйелі ғой. Сен оны қалай болған күнде сыйлауға міндеттісің. Сен онымен шатыса бергенді қой.— Осы ма айтайын дегенің. Ақылыңды андағы ақ шашыңа езіп жақ. Менде шаруаң болмасын. Ағам мәжүн болса, мен адаммын. Мен үйге иемін. Мен ол қатынға әлі итаяқтан сары су ішкізіп, үйден қуып шығып, қаңғытып жіберемін. Оны істемей тынбаймын — деп Аюбике шапшып шыға келді.— Соншама не жазды саған ол. Оның жолына қарасаң шешең емес пе? Ертең ел естісе сенің бетіңе түкіреді ғой деді шешесі. — Түкірік деген су емес пе, сүртіп тастап жүре беремін. Әркім өздерін жөндеп алсын. Елдің сандырағын қайтем мен — деді, шешем деп илікпестен.— Шырағым мынауың сұмдық екен. Өзің не болып барасың? Елге тіліңді тигізбе. «Көпті көмусіз қалады» деген бар. Тәубаңа кел, сауап болады деді.— Құдайың да, сауабың да өзіңе, басымды қатырма. Бұдан былай менде жұмыстарың болмасын. Мен ойыма келгенді істемей, діттеген жеріме жетпей тынбаймын. Сенің күнің бітті. Берген тамақты ішіп, жайыңа отыр, — деді. Сөзіне шыдамаған Балжан қызын жаққа тартып жібергенде ол, қарияны кеудесінен қойып жіберіп, шалқасынан түсіріп, кеудесіне атша мініп алып, шешесін қылқындырып, жанындағы стол үстінде жатқан пышақты алып, қарияның алқымына қадағанда шып-шып қан білінді. «Айт иманыңды қақбас қойша қорқыратып, бауыздаймын сені» — деді. «Бауызда қарабет, қаншық. Сені менің ақ сүтім ұрсын» — деді анасы да тайсалмай. Сол кезде көрші келіншек, қарулы Сәлима келіп, қызды желкесінен алып лақтырып жібермегенде шешесінің өмірмен қоштасуы да мүмкін еді. Қыз тұра сала Сәлимаға пышақ ала ұмтылғанда, ол теуіп жіберіп қызды шалқасынан түсірді.

«Ит ашуын тырнадан алады» демекші, қырғынның көкесін Бәкен келгенде көрсетті. «Сен сайқалдың қырсығыңнан шешемнен, айдаладағы оңбаған бір әйелден таяқ жедім. Мен сені бұл үйде тұрғызбаймын», — деп Бәкенге пышақ ала ұмтылғанда өзі етпетінен түсті. Шешесі пышақты жыл-дам ала қойды. Сол әлек түнімен басылған жоқ. Бір саябырсыған кезде Бәкен енесінен «мойыныңызға не орап алғансыз» деп сұрады. Енесі болған оқиғаны жасырмай бүге-шүгісіне дейін айтып берді. «Мен бөлек шығайын, Күшекең ерсе ерер, ермесе қала берсін. Бұл бір басылмайтын дауыл болды ғой» — деді Бәкен енесіне.— Шырағым, бұл қызға бола шаңырақты шайқалтпайық. «Өзін не Құдай алмайды, не бай алмайды». Біздің маңдайымызға біткен сор болды ғой бұл.— Мұның өзі бала күнінен қисық, қыңыр долы еді ғой. Оны біз еркелікке жорыдық. Олай болмайды. Бұл зұлымдыққа бала жасынан қалыптасқан болды. Нағыз мыстан, жүрген жері өрт, маңайына ешкім жоламайды. Бұл осылай дүниеден қызық көрмей өтеді — деді Касмагүл.Жеңгесі есіктен кіріп келіп:Құрбылары мұны «Анаконда», «Бүйі» дейді ғой.— Иә, мен «Анакондамын», «Бүйімін», сені шағып өлтіремін — деді Аюбике.— Мен сені табаныма басып, езіп тастаймын — деді жеңгесі.— Қисық темірді түзетуге болады, қисық ағаш түзелмейді. Ол сынып тынады. Бұл қисық тікенек болды — деді шешесі.... Бәкен онда тұтынушылар қоғамында қойма меңгерушісі болып істейтін. Ештеңеден тар-тынбай нашарларға көмектесіп тұрды. Соғыстан кейінгі ауыр кезең еді.

Бір күні тұтыну қоғамына Бөлтірік Қисымбаев деген жаңа басшы келді. Ол ауданның бүкіл дүкендеріндегі бүлінген, өтпей тұрған заттарды, азық-түліктерді жинатып, «сен арқылы шығыстан шығарамыз» деп кірістетті. Көп уақыт өтпей жаңа басшы тағы ауысып, орнына Күннияз Торғауытов деген қатал бастық келіп, бүкіл дүкендерді, қойманы тексерткенде Бәкен Ашықбаеваның мойнына көлемді қаржы мініп, ол заң орнына беріліп, 6 жылға сотталды. Бірақ, Бәкеннің 4 баласы болуына байланысты бір жылы екі жылға есептелетін болды. Және сот өзге дүкендерден өтімсіз тауарларды қоймаға жинатқанын, оны уақытында тұтыну қоғамы басшыларының шығыстан шығармағанына қойма меңгерушісі кінәлі емес деп есеп теді. Шығыстан шығару жөнінде үш рет өтініш берген.

Алайда, басшылар Бәкеннің өтінішін ескермеген. Оған елге берген несиелері бәле болып жабысты. Біразын жинап салғанмен бәрібір ол қылмыс болды. Оның жасаған қол қайырлары, өзін бүгін шаян боп шағып отыр. Түрмеде үш жыл отырды. Енді босатар кезде төрт баланың куәлігі керек болып, соны сұратып, үш-төрт рет хат жазды. Бірақ жауап болмады. Босайтын уақыты өтіп барады. Бірақ жауап болмады. Бәкен не істерін білмей аласұрды. Ал, осы кезде Аюбике оған қарсы әрекет жасап жүр еді. Келген хатты, сөйлесуге шақырған қағазды өзі оқып, артынша оны өртеп жіберіп, ешкімге тіс жармай жүре берді. Ол кейде үй адамдары жиналып отырғанда «Тәтемді қатты сағынып отырмын» деп кәдімгідей жылайтын. Оған үй іші сеніп, «қайтсын айналайын, жайда ұрысып қалғанымен, қазір бәрін түсініп, сағынып жүр ғой. Ол бардағы жағдаймен қазіргі жағдайды салыстыратын да шығар» - деп оған іштері жылып, мүсіркей қарайтын.

Ал, шындығында Аюбике оны сағынып емес, оның келетін болғанына, өзінің қарсы әрекеттерінен ештеңе өнбейтіндігіне долданып жылайтын еді. «Бәрібір енді саған бұл табалдырықты аттатпаймын. Бұл үйдің есігінен кіргізбек түгілі, терезесінен қаратпаймын» деп іштей өзіне ант берсе, сырттай Бәкеннің балаларын оған қарсы қоярлықтай әрекеттер жасап, оларға үнемі теріс үгіт жүргізіп отырды. Олардың бойындағы кемшіліктердің бәрін «шешелерің жасаған, ол тек қана арақ ішумен жүрді. Тапқаны болмаса сендерді тәрбиелеуден бас тартты. Талай рет ішіп келіп, бесікте жатқанда тұншықтырып өлтірмекші болғанда сан рет айырып алғанбыз. Сендердің бауырларыңды менің жас кезімде тұншықтырып өл-тірді. Сендердің жандарыңды мен сақтап қалдым», — деп құлақтарына үнемі құйды да отырды. Алғашқысында балалары тұрмай өле бергені рас. Олар Бәкеннің қолынан емес, өз ажалдарынан өлген. Біреуі ғана үйде қайтты, басқаларының бәрі ауруханада шетінеген. Аюбикенің осынша жауыздық ойлайтындай Бәкен-нің жазығы жоқ. Бірақ мұның оған деген титтей де жанашырлығы жоқ, ел болмайтын ежелгі дұшпан болып алды.Бірде Балжан шешей поштаға барып, хат тасушы Әлім қартты тауып алып, келінінен көптен бері хат ала алмай жүр-генін айтты. — Неге, осы айдың өзінде үш рет хат келді. Ол аз ба? — деді.— Әлеке біз осы айда бірде бір рет хат алғанымыз жоқ. Қателесіп отырған шығарсыз, — деді.— Мен қателеспеймін, үш рет хат келді, үшеуін де Аюбикеге бергенмін — деді. Осыдан үш күн бұрын сөйлесуге шақырған жеделхат келген. Оны да балаңа бергенмін.Шешей үйіне келген соң Аюбикеден хаттарды сұрады.— Ол шал алжымасын, ол маған жігіттерден келген хат — деді Аюбике шімірікпестен.— Ал жеделхат қайда? — деді.— Ол менде, сөйлесуге барғанмын. Бірақ ол өзі келе алмады. Басы бос адам дейсің бе, келем деген уақытта келе қоятын.Дегенмен, көпті көрген, ақылды қария мұның өтірік айтып тұрғанын анық сезді. Қатты айтып, «хаттарды әкел» дегенмен одан ештеңе шықпайтынын да білді. Басқа айла табу қажет — деп түйді. Сөйтіп, өзінің Орысқали деген қайнысын шақыртып, жиған-терген ақшасын қолына беріп, жеңгеңе барып, жолығып, хабарын біліп кел. Бірақ мұны ешкім білмесін — деді. Ол есіктен шыға бере пошта тасушы қарсы кездеседі.— Балжан үйде ме? — деді.— Үйде. Ол үйге кіріп хат бреді. Шешей жаңағы Орысқалиды шақыртып, оны оқытады. Шал да тыңдап отырады, хат Балжан шешейге арналыпты. Амандық-саулығын сұрағаннан кейін: «Осымен бесінші рет хат жазып отырмын, Неге үндемейсіздер апа? Менің бір жылым екі жылға есептеліп және төрт баламның болуына байланы-сты босайтын болдым. Осыған байланысты балалардың куәлігі керек. Оны Аюбикеден шұғыл беріп жіберіңіздер. Болмаса Орысқали дұрыс болар. Оған да хат жазып жібердім. Сөйлесуге, шақырғанда неге келмедің-дер? Жарайды, куәлік қай күнге келсе сол күні босаймын. Қолы тисе Орысқалидың да келгені дұрыс болар еді» деп жазыпты. Әлекең, орнынан атып тұрып: «Кемпір қуаныш құтты болсын! Таңертең Аюбике хат сұрап келгенде бермей, жоқ – деп едім. Өз қолыңа әкеп берейін дегенім дұрыс болды-ау», — деп күліп шығып кетті. Балжан шешей алғысын айтты.Ол кеткен соң қайнысына бес хатты Аюбикеден көретінін, сол не тығып қойды, не өртеп жіберді деп ойлайтынын айтты.— Оны білу оңай – деді Орысқали. Мына хатты мен жаңағы кісіге апарып бере кетейін. Ертең Аюбикеге берсін. Ол бұл хатты әкеліп оқып берсе, онда хатқа кінәлі емес, оқымаса сол кінәлі болады деді. Бұлар солай істеді. Пошташы қарияға бәрін түсіндірді.

Мағзұмбек Машайықұлы

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

(Жалғасы бар).


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер