"Қаражорғаны" қазақтікі ету - қазақты жарылқау емес, қазақты кемсіту - Қоғам|30 Қараша 2016, 13:01
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

"Қаражорғаны" қазақтікі ету - қазақты жарылқау емес, қазақты кемсіту

Фото: Астана ақшамы

Осы сұрақ сан рет көтерілді, бірақ бір мәмілеге келе алмадық. Себебі, "қазақтікі" дегендер де, "емес" дегендер де ұтымды уәж айта алмады

..."Қаражорға" ата-бабамыздан қалған би екен. Қазақстандық қазақтар "орыстанып, мәңгүрттеніп" кеткендіктен, бұл биді ұмытқан. Ата- бабамыздың мұрасын біз ұмытпай, жоғалтпай әкеліп, қазаққа табыстадық" дейді Қытайдан келген қандастарымыз. Ағайынның ниеті нде алалық жоқ. Бар ниеттерімен қазақтың бір жоғын таптық деп қуанып жүр. Екіншіден, "ел-елдің бәрінде өздерінің ата-бабасынан қалған "меншік" биі болғанда, қазақта неге болмайды?" деп, соған намыстанатын да сияқты. Қазақ тың қазақтығы да сол билемеуінде жатқанын, ата қазақ үшін билемегені намыс емес, билегені намыс екенін бұл бауырлар ойламаса керек. Үшіншіден, өзі "Қаражорға болса, қалай қазақтікі болмайды дейді ғой баяғы қазақ қана ат мінген деген ұғыммен. Анығына келсек, ат жалында туып, ат құлағында ойнаған ел көп екенін енді біліп жүрміз ғой. Біле білсек, "Қаражорға" қазақтың ата-бабасынан қалған би" дегенді айтқан адам қазақтың ұлт ретіндегі нағыз тазақанды қасиетін, ұлт ретіндегі ерекшелігі мен құндылығын, тектілігін, ірілігін, қазаққа ғана тән салт-дәстүр, әдеп-ибасын білмейтін, білсе де білгісі, мойындағысы келмейтін адам. Ол арғы қазақты бергі қазақтың өлшемімен өлшеп жүрген адам. Ақылға сап ойлайықшы: - атасы - келініне, әкесі - қызына, ағасы қарындасына айтатын сөзін тіке айтпай, араға шешені, жеңгені салып қана сөйлесетін қазақ; - әйел заты ата-ене түгілі ерінің бетіне тік келіп сөйлемеген, сөзін бөлмеген қазақ; - әйел заты ер-азаматының алдын кеспей, қашан өтіп кеткенше төмен қарап күтіп тұратын қазақ; - үйге қонақ келсе, қыз баласын бөтен үйге жөнелтетін қазақ; - қыз баласы адымдап жүрсе, адыраңдап сөйлесе, қарқылдап күлсе "көргенсіз" деген қазақ; - махаббаттан өртеніп бара жатса да, ата-ананың көзінше, өз әйеліне "көз салып" қараған жігітті "жетесіз" санаған қазақ енді келіп кемпірі, шалы, келіні, қызы, жігіті - бәрі мидай араласып, бөкселерін бұраңдатып, кеуделерін селкілдетіп, бір- біріне итіне төніп, билейді екен ғой, тегі. Қазақтың өстіп есірткі ішкен дей есіріп жүргенін қай ғасырда кім көріпті? Көрмек түгілі естіген адам бар ма екен? Қыз-келінімен жағаласып, бір еңкейіп, бір шалқайып, қара терге түсіп жүрген қазақ шалын көрген бар ма екен? Кимешегі желпілдеп, кеңкілдеп жүрген кемпір неткен сүйкімсіз. Қазақтың ақсақалы әулиеге баланушы еді, қазақ кейуанасы қасиетке теңелуші еді. "Қаражорға" тәрк етті бәрін...

" Қазақтың тарихы, шежіресі, дастаны, оның өмірінің айнасы - ауыз әдебиеті. Арыға бармай- ақ 18- 21 ғасыр аралығы - 3 ғасырға шолу жасап қарайықшы. Ертегі, аңыз, дастан, жыр, мақал- мәтел, шешендік сөз, айтыс. Бәрінде қазаққа тән сипаттар: жекпе-жек, күрес, атыс, жамбы ату, асық ойнау, қол күресі, көкпар, аударыспақ, жарыс, жаяу жарыс, ат бәйгесі, айтыс, шешендік өнер сайысы, өтірік өлең, тіпті қатын жарыс бар. Бірақ үш ғасыр қойнауына сүңгісең де, "биледі" дегенді кездестірмейсің. Өте көне ертегілерде "жын-перінің қыз- дары билеп жүр екен" деген кездеседі. (Көрдіңіз бе, жын- шайтанның да қыздары ғана билеп жүр. Отбасы, үйелменімен билеп жүрген жоқ.) " Сонан соң 3 ғасырда қазақ жерінен қаншама жиһангез, саяхатшы өтті. Қанша, шежіре, жылнама жазылды. Қазақтар ( не түркілер) "Қаражорға" билеп жүр" деп неге Марко Поло жазбаған. Неге Махмуд Қашғари, неге Әл-Фараби жазбаған? Неге Қытайдың жылнамасында, Моңғолдың жырнамасында жоқ? Неге Орхон жазбаларында жоқ? Арыны қояйық: қазақтың 101 әнін зерттеп жазып алған Затаевич неге бір биін білмеген? Неге Шоқан Уәлихановтың зерттеулерінде жазылмаған? " Жақсы. Қазақ станның қазақтары аласапырандар тұсында, "Байтал түгіл бас қайғы" боп ұмытты, жоғалтты, оларға айтқызбады дейік . Оралман қазақтардың "лайланбаған" ес-жадында сақталды дейік. Онда неге Түркия, Өзбек, Қарақалпақ т.б. шетелдерден келген қазақтар білмейді. Тек қытай қазақтарының ғана есінде қалған қандай би ол? "Қаражорғаны" ата-бабадан қалған қазақ биі" деуге келмейтін бірнеше себеп бар: Біріншіден, жоғарыда айтып кеттік. Қазақы менталитетке жат. Ұлттық, қазақи қасиетімізді жоққа шығарады. Екіншіден, әні, сарыны. Біресе күй, біресе ән. Шегенің ариясы. Үшіншіден, би қимылдары қазаққа келмейді. Моңғолдың, қалмақтың, якуттың билеріне келеді. Қытайда әлі күнге дейін солаң, дағұр деп аталатын аз ұлттар бар. Арғы тектері қалмақ әлде моңғол. Солардың "буын биі" деп аталатын биі бар. "Қаражорға" - тура сол бидің көшірмесі. Қытай түсірген "Шыңғысхан" киносында моңғол сарбаздары тура осылай билейді. Төртіншіден, қолданылымдағы "Қаражорға" мәтінінде елдік рух бәсең, лекілдеген ырғақпен білінбей тұрғаны болмаса, сөздері көркемдіктен жұрдай. "

...Кемпір жүрсін кеңкілдеп, ақ жаулығы желпілдеп, Шалдарына көз қысып, би билесін секілдеп Не деген сұрықсыз сөздер! "Биле, биле, жігіттер, шыққанынша тұнық тер". О, заман да, бұ заман, тердің тұнық болғанын кім көрген. Тер деген организмнен шығарылатын артық-ауыс керексіз зиянды, тіпті улы заттар емес пе. Сол үшін оның жағымсыз иісі болады. Сол үшін қазақ сасық тер, арам тер, жабысқақ тер, жылбысқа тер, ащы тер, қара тер, қалау тер, суық тер десе де, тұнық тер деп айтпаған. Осындай құрақ-құрақ арзан сөзді ата-бабамыздан қалды деу қай қисынға сыяды? Енді осы "Қаражорға" биін анда-санда жарнамалап жүрген Арыстан ақсақал жөнінде бірер сөз: Арыстан ақсақал шекесіне үкісін тағып алып эфирден бірнеше рет "Қаражорғаны" билегені рас. Ол кісі билеп қана қоймай, былай деді: - Мен қазақтың биін тірілттім. Біз келгенше еш қазақ билемеуші еді. (Мәселе сол еш қазақтың билемегенінде болып тұр ғой). Президент маған марапат беруіне болады,- деді. Ау, ақсақал-ау, оралман боп опық жеген жеріңіз бар ма? Алатаудың бауырына ақбоз үйді тіктіңіз. Алдыңыздан шыққан жан болды ма? Шалғынға бие байлатып, сапырып сары қымыз жұттыңыз. Бәйбіше-тоқал - қос қатынды тұттыңыз. Мұның қалай дедік пе? Осының өзі Қазақ елінің, Елбасының сізге марапаты емес пе!? Сахнаға шығып бес минут бұраңдаған сіз түгілі, қан майданда жан беріп, жан алып келген майдангер қарттардың марапат алмай өмірден өткені қаншама? Сахнада қатын-қалаш, бала-шағамен қосылып бұраңдап, селкілдеп жүрген сізге қарап, кеудесі даладай, ақылы данадай, төрде отырып билік айтқан "дария көңіл, тау мүсін" қазақ қарттарын сағындым. Қысқасы "Қаражорғаны" қазақтікі ету - қазақты жарылқау емес, қазақты кемсіту.

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ, сыншы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Алматы қаласы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер