BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Имандылық – адамгершіліктің асыл қасиеті

Өмір – сынақ, жақсылықпен қоса қиындықтар да қатар жүреді. Сол қиындықтарға мойымай сабырлық таныту – біздің ісіміз. Адамзатты адамгершілік тұғырына жетелейтін, адалдыққа, мейірімділікке, парасаттылыққа апаратын жол – имандылық. Міне, осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, халықты имандылыққа, сабырлыққа шақыратын адамдардың бірі - Саран қалалық мешітінің бас имамы Саликов Мұқаметқали Сапарғалиұлы. Биыл Мұқаметқали қажы Сапарғалиұлы мерейлі 55 жасқа толып отыр. Осыған орай бас имамды мерейтойымен құттықтап, сұхбаттасып қайтқан едік.

- Мұқаметқали Сапарғалиұлы, мерейтойыңыз құтты болсын! Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

- Рахмет. Мен 1961 жылы 5 желтоқсанда бұрынғы Ульянов ауданы, Пушкин совхозы (қазіргі Бұқар жырау ауданы, Ақбел ауылы), Алабас ауылында дүниеге келдім. 1979 жылы 10 жылдық мектепті бітіріп, 1980 – 1982 жылдары əскер қатарында азаматтық борышты өтедім. Əскер қатарынан оралған соң, РТБ кентіндегі технологиялық техникумында білім алып, 1994 жылы Саран қаласының бұрынғы мешітінде азаншы жəне молда болып бастадым. 2000 жылы Саран қалалық мешітіне имам болып тағайындалдым. 2003 жылы Алматы қаласындағы «Имамдардың білімін жетілдіру» ислам институтында оқып, диплом алып шықтым. Осы жақта отбасын құрып, жұбайым Гүлмирамен бірге 2 қыз, бір ұл тəрбиелеп өсірдік. Үлкен қызымыз Мөлдір – Саран қаласында мұғалім қызметін атқарып жүрсе, екінші қы зымыз Махаббат – кəсіпкер. Нұрсұлтан атты ұлымыз көлік тасымалдау саласында қызмет етсе, келініміз Айгерім – сот саласының қызметкері. Нұрислам, Алланазар атты екі жиен-немере сүйіп отырмыз.

- Дін саласына қалай келдіңіз?

- Атам намаз оқып, дінге берілген адам болған. Бала кезімізде бізді қасынан тастамайтын Əліпбиді, таспих тарту тəртібін үйретті. Үнемі ораза кезінде сəресіне оятып, тарауық намазына қатыстыратын. Содан бері ынта қойып, 90-жылдары намазға жығылып, мешітке барып жүрдім. Саран мешітінде ең бірінші дəріс алған ұстазым Айдос деген имам жəне 95 жылдарыСаран мешітінде бас имам болған Қанат Сансызбаев болды. Міне, содан бері дін жолында жүрмін.

- Тілер тілегіңіз

- Ең бірінші – имандылық. Имандылық – адамгершіліктің асыл қасиеті. Халыққа, əр отбасына имандылық пен сабырлық тілеймін. Көп нəрсеге сабырлық таныту қажет.

Əр нəрсеге ақылмен қарау, қанағатшылық, жанашырлықпен қарау керек, елінің патриоты болу қажет деп ойлаймын. Əр адам өз ісіне жауапты болса, берек, ынтымақ болады. Міне, сонда баянды болашақ болмақ. Сондықтан, тілейтінім де айтарым да ол – имандылық, сабырлық, қанағатшылдық. Мұқаметқали қажы Сапарғалиұлы қызмет еткен жылдар ішінде еңбегі еленіп, Ел- басының «Тəуелсіздіктің 10 жылдығына орай» төсбелгісімен, облыс жəне қала əкімінің бірнеше мақтау қағаздары мен алғыс хаттарына ие болған. Қаламыздың бас имамы Мұқаметқали қажы Сапарғалиұлын мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, отбасына амандық, еңбегіне жеміс, қажымас қайрат тілейміз!

Сұхбаттасқан Нұрбану БАЙМУХАМБЕТОВА Суретті түсірген автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер