BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ел алдындағы антына адал

Әрбір елдің даму тарихында бір сәт кешегіні саралап, ертеңгіні бағалайтын кезең болады. «Кешегісіз – бүгін жоқ» дейді халқымыз. Өткеніңді еске алып бар мен жоқты түгендегенде ғана болашақты бағамдап, алдағы күнге батыл қадам жасауға болады. Осыдан тура 25 жыл бұрын егемен ел атанып Тәуелсіздікке тәу еткен Қазақстан Республикасының бес жыл бұрын, дәлірек айтсақ 2012 жылы бір сәт аялдап артына көз салып, өткенін саралап, қол жеткенді бағалап ертеңге еркін қадам басатын оңтайлы сәтте өз қорытындысын жасағаны барша жұртқа мәлім.

Соның нәтижесінде ел болып, жұрт болып бірауыздылық, ынтымақ, бірлік, өзара шынайы келісім арқылы тағы бір мемлекеттік мереке дүниеге келген еді. Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған бостандықты ту етіп, егемендікті еңсеріп, қандай да бір қиын да, қытымыр кезеңнен ешбір қағажу көрмей, жасқанбай, алып елді аршынды қадаммен алға бастаған көшбасшы, тұңғыш қазақ Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ұлықтап бірінші желтоқсан Президент күні болып белгіленді. Әр нәрсенің өз уақыты бар десек міне сол күн де келіп жетті. Ширек ғасыр бойы ел басқарып келе жатқан әлемдегі ең көрнекті мемлекет және саяси қайраткер, жүздеген жылдық тарихы бар кәрі құрлық Еуропа, Қытай, Америка сияқты атағынан ат үркетін елдердің өзі санасатын, пікіріне құлақ асатын Президент туралы қандай да бір пікір айту қарапайым қаламгер үшін оңай іс емес. Дегенмен әр пендедегідей патша көңілім ол кісіні өзімнің ең бір жақынымдай жақсы көріп, біліп, танып жүрген аралас- құралас адамдай сезінеді. Философтар «Адамдағы ең бір құдіретті қасиет адамшылық және қандай да жағдайда адам болып қалу – үлкен ерлік» дейді екен. Ал жоғарыда айтқандай жерінің өзіне тоғыз Франция сыйып кететін алып елді басқарып отырғагн адамның бойындағы қарапайымдылық, отансүйгіштік қасиеттер кімді де болса «Мен Назарбаевты жақсы білемін, Нұрсұлтан менің досым» деген шын жүректен шыққан ақжарылқап ойды еркін айтқызатыны ақиқат. Оның үстіне таңдаған өмірлік мамандығым да осыған мүмкіндік берді. Журналистік тапсырмаларды орындау барысында үш рет Нұрсұлан Әбішұлын жақыннан көріп, тілдесіп, суретке түсудің және кейінірек ол кісінің достарымен әңгімелесудің сәті түсті. 1990 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясы сәуір айының аяғында Алматы қаласындағы Үкімет үйінде өткен еді. Бұл 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін қазақтың рухы көтеріліп еркіндік, тәуелсіздік, бостандық туралы емен- жарқын ашық әңгімлер айтыла бастаған кез.

Демократия белең алып жергіліктіден бастап Жоғарғы Кеңеске дейін депутаттардың баламалы түрде сайлануы іске асқан-ды. Тұңғыш рет қарапайым халық өзінің ой-пікірін, көз- қарасын ашық айтып жұрттың сөзін сөйлейтін адамдарға дауыс беріп, еркіндіктің тәтті дәмін татып үлгерген, демократия ұшқыны қаламгерлердің де қолын ұзартты. Тұңғыш рет Жоғарғы Кеңестің сессиясына әрбір облыстық газеттен бір-бір журналист қатысатыны туралы хабар келді. Бұл бақытқа сол кезде облыстық «Жезқазған туы» газетінде совет құрылысы бөлімі бастығы болып жүрген мен ие болған едім. Ел астанасындағы бұл жиын екі күнге созылды. Барлық материалдарды телефонмен редакцияға жеткізіп тұрдық. Осы сессияның ең тарихи маңызы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР- ның Президенті болып сайлануы еді. Әр облыстан халықтың аманатын арқалап келген қалаулылар қазақстың тұңғыш Президентін сайлау мәртебесіне ие болды. Н.Назарбаев ант қабылдады. Бұл бір аса маңызды тарихи оқиға еді. Сессия соңында әр облыстан келген депутаттар қазақтың тұңғыш Президентімен суретке түсіп жатты. Сонда мен ұялып шеттеп тұрған едім Филаретова деген кісі Жезқазған кен- металлургия комбинатының директоры Урумовты баламалы сайлауда жеңіп шығып, көпшіліктің қолдауымен Жоғарғы Кеңеске депутат болған аса батыл мұғалім еді. Сол «Тұңғыш Президентпен суретке түсейік» деп ертіп барып бір шетке тұра бергенімде Нұрсұлтан Әбішұлы маған қарап «мына жерге таяныңыз» деп мені дәл алдына тұрғызып қойды, қысылып бір саты төмен тұрдым, міне сол сурет біздің отбасылық альбомымыздағы ең қадірлі ескерткіш ретінде сақталып келеді. Кейінгі жылдары Елбасымыздың Қазақстан шойынының 40 жылдығы, Магнитканың 50 жылдығы мерейтойларына қатысу үшін Теміртауға арнайы келіп, өзі 19 жыл еңбек еткен, темірдің от-жалынында шыңдалып шираған үлкен өмірге қадам басқан қалада болған кездерін газетке жаздық. Сондай бір есте қаларлық салтанат 2008 жылы өткен еді, оған Президенттің көптеген достары жиналды жан-жақтан. Қалалық «Теміртау» газетінде жұмыс істеп жүргем- ді, журналистік тапсырмамен солардың біразымен әңгімелестік. Сонда бәрінің де айтатыны осындай үлкен қызмет атқарып жүрген, әлемдік деңгейде танылған басшының бауырмалдығы, достарын ұмытпайтындығы және қарапайымдылығы.

– Біз 1958 жылы Магниткаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген онсегіздегі өрімдей жастар едік, металлург мамандығын игеруге Украинаның Днепродзержинск қаласына жол түсті. Біздің тобымызды өзімізбен қатарлас Нұрсұлтан басқарды, староста бола жүріп әрқайсымызға ағамыздай қамқор, жанашыр болды. Біз досымызға барлық тұрмыс-тіршілігіміздің жай-күйін сеніп алғанымыз сондай екі жыл оқуды бітіріп Қарағандыға келгенде де Теміртауға жеткізген, жатақханаға орналастырған, ақшамыз таусылғанда 50 сомнан жалақы жаздырып беруге дейін жүгірген осы Сұлтан, – деп еске алады олар. – Бір топта оқыған достар әрбір 5 жыл сайын кездесуді дәстүрге айналдырған едік. Бірде сол басқасуға Шымкенттің алыстау ауылында тұратын Рахымжан Мырзахметов келе алмай қалды. Сонда Нұрекең: «Рахымжанның жағдайын біл, хабарлас келесі кездесуге міндетті түрде келуіне жәрдемдес» деп маған тапсырды. Әрине мен бұл міндетті мүлтіксіз орындадым. Сонда іштей шіркін Нұрсұлтанның досқа деген көңілі қандай кіршіксіз адал, адам баласының бәрі бірін-бірі осылай іздеп, қамқорлық жасаса деп терең ойландым, – дейді курстас достардың бірі Алтай Сәлімов. Ана бір жылдары Сарыағашта тасқын болып су алып кеткенде аралап өз көзімен көріп, елді тыныштандырып, көмектесіп, соңынан үлкен жиын болғанда қатар отырып әңгімелеске едік. – Мен әйтеуір мына көршілердегідей халқымның күнкөріс іздеп қаңғып кетпегеніне қуанамын, барлық қиыншылық артта қалды, алда тек жақсы күндер, ал қазіргідей табиғаттың қытымыр мінезіне көп болып қарсы тұра аламыз, – деп жұбатты Елбасы жұртшылықты деп еске алады тағы бір досы П. Спаев. «Менің тағдырым Теміртаудың тағдырымен, оның адамдарының өмірімен ұштас» деп Елбасы өзі айтқандай үзеңгілестерінің қай-қайсысымен сөйлессек те Нұрсұлтан Әбішұлының қарапайымдылығын, достарын ешқашан естен шығармайтынын тілге тиек етеді. Ана бір жылы институтта бірге оқып, кейін комбинатта қатар қызмет еткен қызметтесі Виктор Никоновтың туған күнін құттықтап барған едік. Сонда ол кісі: «Бір таң қалатыным Нұрсұлтан Әбішұлы кездескен сайын біздің зайыбымызды, бала-шағамызды аттарын атап хал жағдайын сұрайды, әзілдеп көңілімізді көтереді, «сендер қартайып қалдыңдар ма, мен әлі жұмыс істеймін, кәне сендер де еріңдер соңымнан» деп шабыттандырады, мен сондайда кәдімгідей елжіреп, осындай адамнан айналып кетсе болмай ма деп сүйсінемін» деген еді шын жүректен толқып тұрып.

Ал Днепродзержинскдегі топта бірге оқыған Марат Ақматаев деген азамат: «60 қазақтың ішінде бір қырғыздың болуы Нұрсұлтанның ықпалы, біздің әкелеріміз Алатаудың етегінде қатар қоныстанған, Әбіш ақсақал жылқы, ал менің әкем қой баққан екен, менің Нұрсұлтаннан сәл үлкендігім бар, бір итжейдені бұрын тоздырдым. Бірақ ол кісі ылғи үлкен адамдай маңайындағыны алға жетелеп жүреді ғой, мен де оның айтуымен алдымен Теміртауға, кейін Украинаға барып металлургияны игердім. Бұл жылдар менің өміріме үлкен сабақ болды. Қазір туған жерімде еңбек етемін. Өзім қырғыз болсам да Нұрсұлтан досымды құрметтегендіктен бала-шағаммен Қазақстанға қызмет жасаудамын» деп еске алады. Селеулі қырлар жусанды, Көшімді көріп бусанды. Құдайым қуат берсе екен Жұртымның жоғын қусам, – бір деп жазған екен сегіз қырлы, бір сырлы Елбасы «Астана бүгін шуақты» деген жырында. Бұл тек өлең ғана емес Елбасының асқақ арманы, асыл мұраты, қазақ халқының бақыты үшін жаратылған бүкіл ғұмырын елге қызмет етуге арнап келе жатқан ұлт көшбасшысы әр адамның жүрегінен жылы орын алған ұлы тұлға, өйткені ол жұртшылықтың сүйіктісі жалпақ елге жаққан азамат. Тағы бір өлең жолында: Ойланарым елге берген антым бар, Сол үшін де шыбын жаным шарқ ұрар, – дейді тұңғыш Президент. Иә ол мың өліп, мың тірілген қазақты әлем сахнасына шығарып жарық жұлдыздай нұрландырған көшбасшы, тұңғыш Елбасымыз 25 жыл бойы елге берген антына адалдық танытқан арда азамат, оның жан жүрегін жарып шыққан жырларының өзінен бүкіл болмысын көреміз. Тұңғыш Президент күні құтты болсын халайық!

Серікгүл Алтайбаева


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер