BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

БАР БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫНДА ТҰРЫППЫЗ

Тәуелсіздік таңы атқанда мен Жамбыл селолық кеңесі аппаратында 12 жылдай еңбек етіп, әжептеуір іс-тәжірибе де жинақтап қалған болатынмын. Әйтсе де, егемендіктің алғашқы жылдарының оншалықты оңай болмағаны белгілі. кеңестер одағы тарап, бұрынғы экономикалық байланыстар үзілген шақтағы қиындықтар ауыл-ауылға да келіп, тықсыра түсті. Балабақшалар мен мәдениет ошақтары оңтайландырылып, күнделікті қажетті тауарлармен қамтамасыз ету ауқымы тарылып, олар біресе тізіммен, біресе талонмен беріле бастады.

Осындай, нарықтың не екенін түсініп үлгермеген қиын шақта, селолық Кеңес төрайымы Қасымова Кеңескүл Әбілқайырқызы ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, әр шаңырақтың ахуалын назарына ала білді. Бізді, қарамағындағы қызметкерлерін де ортақ істерге жұмылдырып, қай мәселені қалай шешу керектігіне бағыт- бағдар беріп отырды. Кеңескүл Әбілқайырқызы өте іскер, қиыннан қия жол таба алатын жан еді. Өйткені, ол бұрын Гранитогор поселкелік Кеңесінде басшылық еткен, біздің Жамбыл селолық Кеңесіне келгеніне де он жылға жуық уақыт өткен болатын. Оның басшы ретіндегі нағыз іскер шағы еліміздің Тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс келді, өзі де мұны үлкен мәртебе санайтын. Селолық Кеңес аумағындағы елді мекендердің, олардағы әрбір шаңырақтың жағдайынан хабардар-тын. Бізді де солай жан- жақты болуға, қай іске болмасын ұсақ- түйек деп қарамауға үйрететін. Сондай басшының арқасында көп нәрсені игердік, көппен иық тіресе еңбек еттік. Сөйтсек, бүгінгідей бақытты өмірдің бастауында тұрған екенбіз ғой... Әңгімемізге арқау болған Қасымова Кеңескүл Әбілқайырқызы еткен еңбегінің зейнетін көріп, Астана қаласында, бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Біз әркез ол кісінің амандығын тілейміз. Міне, Тәуелсіздігіміздің Көк байрағы аспанымызда желбірегелі 25 жыл.Қазақ елі жан-жақты дамып, өзі таңдаған дара жолмен жүріп, еңсесін тіктеп келеді. Алға қойған мақсатымыз да, қол жеткізген жетістіктеріміз де айқын. Оның ішінде Меркі өңірінің табыстары да мақтанарлық: электр жарығы тұрақты, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген, мектептер мен балабақшалар, мәдениет ошақтары, денсаулық сақтау мекемелері бой көтеріп, халыққа қызмет етуде. Бүгіндері кәсіпкерлікке кең өріс ашылған, таңдау жаса да, еңбек ет! Тек, ынта-ықыласың болса болғаны.

Вера Жұмағұлова, Жеміс-жидек ауылының тұрғыны суретте: Кеңескүл Қасымова


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
13 Желтоқсан 2018, 20:24
Әр нотада шабыт бар
Пікірлер