BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Баланың тілі қайтсе шығады?

Фото: inntehcom.ru

«Бала тілі – бал» деп сөзге шешен данышпан халқымыз дөп басып айтқан ғой. Расында, «бауыр етім – балам» дейтін əрбір ата-ана үшін көзқуанышының əрбір қылығы, тəй- тəй басқан қадамы, əсіресе, былдырлаған тəтті тілі ерекше қымбат екені сөзсіз. Дегенмен, қазіргі қоғамда үш жастан асқан баланың да тілінің кеш шығуы мезгіл мəселесіне айналып отырғандығы жасырын емес. Сондықтан да, перзентінің болашағына алаңдаған ата-аналар балаларын арнайы орталықтарға сүйреп, логопед кеңесіне жүгінуге мəжбүр. Соған сай бүгінде аталмыш сала мамандарына сұраныс та айтарлықтай өскен.

Ғылымның көптеген əдіс- тəсілдерін пайдалана отырып, баланың жасына сай сөйлеу мүмкіндігін арттыруды көздеген олар қазіргі таңда логопед көмегіне жүгінетіндер санының қатары көп екенін айтады. Сөйтіп, өз тараптарынан кəсіби біліктіліктері мен түрлі жаттығулар жасату арқылы баланың тілін дамытуға жұмыс жасайды. Тəжірибелі мамандардан шығатын нəтиже де жаман емес. Екі-үш ай өткен соң баланың тілі икемге келіп, сөйлеуге белсенді ұмтылыс жасай бастайды екен. Бұл – бүгінгі ғылым жетістігі. Ал, ілім-білімі жолға түспеген сонау ықылым замандарда ата-бабаларымыз ұрпақтар арасындағы кездескен бұл кемшілікке қалай тосқауыл қойған? Ертеден келе жатқан «Өңешпен қылғындыру» деген ырымды естіп-көргеніңіз бар ма? Бұл жоралғыны көнекөз қазыналы қарттар жатқа білсе де, бүгінгі жас шаңырақтардың басымынан көбі бейхабар болуы əбден мүмкін. Себебі, қазақылықтың қаймағы бұзыла қоймаған біршама ауылдарда ғана болмаса, бұл ырым қазірде қолданыстан мүлдем ысырылып кеткен десек қателеспеген болар едік. Айтпағым, жақында ғана ауылдан осы бір ырымның жасалу жоралғысына өз көзіммен куə болып қайттым. Көрдім де, шынымен таңғалдым. Дана халқымыздың осыншама тапқырлығы мен данышпандығына бас имеске болмады. Ауылдағы жиен інім үш жастан жеті ай асса да, тілі кешеуілдеп жүрген еді. «Мама» деген сөзден басқасының бəрін ым-жыммен немесе қолмен нұсқап əйтеуір түсіндіретін. Алғашында «əлі кішкентай ғой», «еркелікті асырып жүр», «əкесінің де тілі кеш шықты» деген сан түрлі сылтаулар алға тартылып, онша мəн берілмеген болатын. Кейіннен үш жастан асқан бала еркін əңгімелесе білуі керек дегенді естіген мамасы алаңдаушылық танытып, арнайы орталыққа апаруды құп көрді. Дегенмен, əкем ертеден бар ескі ғұрып «Өңешпен қылғындыру» ырымын алға тартып, ата жоралғысын жасап көруді ұйғарды. Мен де бұл ырымның мəн-жайын сол кезде ерекше қызығушылықпен сұрап алған едім. – Негізінен, бұл ырымды баланың нағашысы жасауы керек.

Сонда ғана ем болады деген тұжырым қалыптасқан. Біздің кішкентайымызда оған көп куə болушы едік. Қазір ұмытылып кеткен ескі ғұрыптар қатарында. Аталмыш ырым бойынша жаңа сойылған малдың өңешімен тілі шықпаған баланы қылғындыру керек. Бастысы, бала қатты қорқып кетіп, шыңғырып дыбыс шығаруы қажет. Содан кейін ұзамай-ақ бала еркін сөйлеп кететін болады. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Бұл талай бабаларымыздың өмірлік тəжірибесінен сұрыпталып қалған дүние, – дейді əкем көрген-білгенін айтып. Айтайын дегенім, жиен ініме ырым жоралғысы осы бойынша жасалды. Малдың жанында қызықтап алаңсыз тұрған інімнің мойына қызыл өңеш орала кеткенде баланың көзі шарасынан шығып шыңғырып жібермесі бар ма? Жүрегі атқақтап, зəресі ұшқан ол «мама» деп еңіреп қоя берді. Содан не керек, інімді екі- үш күн əдейі бақылап жүрдім. Ананы-мынаны айтып, əңгімеге тартсам, бұрынғыдай емес балада кері жауап беру үдерісі пайда болғанын байқадым. Ертесіне тағы солай. Енді қажет нəрсесін ишара-ыммен түсіндірмей, бес-алты сөзді кəдімгідей біріктіре сөйлей бастады. Өз басым бұл көрініске ерекше таңданыспен қарағанымды жасырмаймын. Халықтық емнің озық үлгісіндей болған ырымды ойлап тапқан халқымыздың данышпандығына тəнті болдым. Себебі, нəтижесін көзбен көрген соң, оны бос наным- сенім деп жоққа шығарудың əсте жөні жоқ. Бүгінгідей ғылымның түбін қуып, оқып- тоқымаса да бабаларымыздың сөзсіз сауаттылығы бұл.

Əрине, заманына қарай ілесіп, кəсіби мамандардың көмегіне жүгінгеннің де айыбы жоқ. Десек те, осы тектес ертеден қалыптасқан дала медици- насы бүгінгі талай заманауи ілімді шаң қаптырып кететінін мойындаған лəзім дейміз.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
22 Желтоқсан 2018, 15:24
БАЛАНЫҢ ТІЛІ
Пікірлер