BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

АРТЫНДА ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫРҒАН

Өмір өлшеулі. Аллаһ тағала әр адамға өлшеулі ғұмыр береді. Сол уақыты біткенде адам пәниден бақилыққа аттанады. Жақсы адамның артында өшпес ізгі, өлмес өнеге қалады. Сонысы ол елімен бірге жасайды. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» - деп дана халқымыз тегін айтпаған. Осындай жандардың бірі осы Ұлытау өңірінің тумасы саналы өмірінде халқына адал қызмет еткен, өзі өлсе де аты халықтың есінде сақталған Қатира Мақашұлы еді. Ол кісі Сарыкеңгір өзенінің бой- ындағы «Көпжасар» қыстағында 1928 жылы дүниеге келген. Осы қыстаққа аты берілген Көпжасар Қатираның атасы. Қиын уақытта ала сапыран заманда дүниеге келген Қатира кешегі қызылдардың қасақана жасаған қастандығынан болған алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді көрген адам. Осындай аумалы-төкпелі заманда өмір сүруді бастаған. Ол ауылдан ұзап шыға алмады. Десекте өзінің талабымен білім алды. Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында мектепте оқып, колхоз жұмысына араласып үлкендермен еңбек етіп, шыңдалып, шымыр болып өсті. 1952- 1956 жылдары Алғабас ауылдық кеңесінің хатшысы, төрағасының қызметтерін атқарды. Осы қыз- метте жүріп қарымды қабілетімен, тамаша талантымен танылған Қатира Мақашұлын аудандық партия комитетіне нұсқаушы етіп алады. Мұнда жақсы ісімен көзге түскен оны 1957 жылы жаңадан ұйымда- стырылған «Сарыкеңгір» кеңшарына кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп жібереді. Мұнда еңбек адамдарының жағдайын жасауға, барлық мүмкіндіктерді қарастырып, кеңшар директорына ықпал етіп отырады. Кеңшар табысқа жету үшін ең бірінші халыққа еңбек адамдарына жағдай жасау керек. Олар отбасы жағдайларына алаңдамайтын, үкіметтің қамқорлығын терең сезінетіндей болуға тиіс. Екінші еңбек тәртібі және қоғамдық тәртіп мықты болу керек. Сонда ғана табысқа қол жеткізуге болады –деп отырады екен. Қатира төре Жүнісқызы Шәйзамен 60 жыл бірге өмір сүреді. 13 бала тәрбиелеп өсіреді. Балалары тәуелсіз еліміздің әр саласында жемісті еңбек етіп жүр. Байжұмасы техника ғылымының кандидаты. Қ.Мақашұлы өмірінің соңғы жылында Алғабас кеңшарында ауылдық поштаны басқарып, халыққа қалтқысыз қызмет етті. Жан-жақтан ауыл тұрғындарынан келген хаттарды, жазылған газет-журналдарын уақытылы жеткізіп беріп, халықтың алғысын алып, абыройға бөленді. Қатира елім деп елжіреп, өзінің саналы ғұмырын халыққа қалтқысыз, адал қызмет етуге арнаған азамат. Қазір ол кісі арамызда жоқ болса да, аты ауылдастарының, оны білетін жандардың есінде сақталып қалды. Оның аты ешқашан ұмытылмайды. Алла алдынан жарылқап, жаны жәннатта болсын!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер