25 жылдыққа - 25 "Серпер" - Қоғам|08 Желтоқсан 2016, 18:04
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

25 жылдыққа - 25 "Серпер"

Сафон ауылдық округінде тұратын көп жылдан «Каспий таңы» өндірістік кооперативінің төрағасы Бақытжан Қарамалайұлы Темиров ініміздің телефонның арғы жағынан жау қуып келе жатқандай асығыс - үсігіс зор дауысы естілді.

-Тәуелсіздіктің 25 жылдығына сіздің ұжым үшін тартуым болсын, аға, 25 дана «Серперге» поштыға ақша төледім, түбіртегі қолымда, сіздер ме, округ әкімі Есенбек пе, қарияларға, тағы кімдерге бөліп - бөліп берерсіздер,-деді. Тұтқаны қоя салды. Дың-дың еткен үзік-үзік телефон үнін тыңдай тұра ойға беріліп кетіппін.

Аллаға шүкір, Тәуелсіздік бізге осындай ел жұртқа қарайласпаса жүре алмайтын имандыларды берді. Бақытжан сынды ер көңілді, мәрт жүректі жігіттер әр ауылда бар. Нұрлан Құсайынов ініміз басқасын былай қойғанда ғасыр жасын иектеген анаға үй салып берді емес пе? Салауат Мырзағалиев қыруар шығынға барып аудан мешітін жөндеп берді емес пе? Жұмажан Шакупов те аудан мүддесіне тірелер шаруада қалтасын қағып жүр емес пе? Аудандық мәслихат хатшысы, белгілі кәсіпкер Болат Жүгінісов шаруа салып келгеннің көңілін қуанышқа бөлеп келеді емес пе?

Ал, солармен қатар сафондық Бақытжанның бағыты да адамдарға болсын деуден тұратыны анық. Ауылдастары оны кооператив төрағасы емес, баяғыша колхоз басқармасы деп ойлайтын көрінеді. «Ананы бер, мынаған көмектес» деп тепсініп тұрып алатындарын қайтерсің, ұяласың, өлім - жітімге онсызда кергіп тұрмайсың, той-томалағынан да аянып қалмайсың, «балама автокөлік алатын едім, сәл жетпей тұр, демеп жібер, басқармасың ғой»-ды айтып қинайтындарын қайтерсің» деп жымияды ол.

Талай үйге көлкітіп көгілдір отын кіргізіскен де бұл Бақытжан. Түннің бір уағында қатқыл науқасты өз көлігімен аудандық ауруханаға алып келетін де ол. Наурыз мейрамында, Жеңіс тойы, т.б. мейрамдарда киіз үйін тігіп, ақсақал - қарасақалдардың көңілін көкке көтеретін де Темиров. Округ әкімі Сатылғанов Есенбек қаржыға тірелетін шаруа салып келгенде жүгенін бауырына алып тулап - тулап алғанымен, артынша күнгейдің қарындай еріп сала беретін де Қарамалайұлы.

2010 жылы осы Сафондағы «Боташым» балабақшасына 3 миллион 200 мың теңгенің шығынына барып қосымша топ ашуға орын салып берген де бақыттан басың айналғыр Бақытжан. Айта берсе көп ғой. Жарысқан жылдармен бірге оның ел - жұртқа, жарым көңіл жандарға жасаған жақсылығының алды біртіндеп ұмытылып барады. «Ой, Таңатар аға, мен жақсылықты санасып жасамаймын, көмектестім, қалды сол жерде, құдай көріп тұр ғой, бәрін» дегені бар.

Бір сұраған жерге округ әкімі Есенбек Сатылғанов тамаша мінездеме жазып беріпті, соған алып та адуын, батыр пошымды Бақытжанның балаша мәз болғанын көрсең...

Енді бір «шикі өкпе шікілдеуік» оны жаман адам ретінде көрсетіпті. Налыды, реті келсе мойнын бұрып жұлып алуға бар екенін айтты. «Қой, Бәке, қайтесің иттермен - ит болып, өзің айтқан «құдай бәрін көріп тұр ғой» дедік батырдың көңілін жұбатып.

Айтпақшы, ол 25 данаға «Серперге» өз қаржысына жаздырғанынан бөлек ұжымын түгел «Серперге» (40 адам), басқа да басылымдарға жаздыртыпты. Тәуелсіздік нұрымен қызыл шырайлы жүзің таң шапағындай алаулап, алашапқын тірлікте алабөтен қуанышпен қуаттан, Бақытжан!

Т.Дәрелұлы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер