Биыл еліміздің 4 өңірі бойынша, атап айтқанда, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облысында Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы аясында Жастар корпусын дамыту атты пилоттық жоба құрылып, өз ісін бастап кетті.
Осы жоба бойынша 18 жас пен 29 жас аралығындағы 3000-ға жуық жастарға 1 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз грант бөлініп, жастардың кәсіп ашуына мол мүмкіндік туындады. Бұл жобаға біздің ауданнан да бірнеше жас буын өкілдері өз ұсыныстарын білдіріп, арнайы грант ұтып алған еді. Солардың бірі – Жанаркүл Оңашыбай. Жанаркүл осы жоба аясында «Ақбота» сауда үйінің екінші қабатынан шаштараз ашып, өз ісін бастап кетті. Оның ашқан шаштаразы жобаның талаптарына сай қызмет етіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға, ардагерлер мен зейнеткерлерге, жетім балалар мен көп балалы аналарға, сондай-ақ жағдайы төмен отбасыларға 5 ай бойы тегін қызмет етуді көздеп отыр.
Жобаға қатысқан әрбір жасқа мемлекет тарапынан ай сайын сыйақы (жоғарғы оқуды бітіргендерге 61 000 теңге, орта білімі барларға 26 000 теңге) беріліп тұрады дейді Жанар.
Жанаркүл сияқты жобаның грантын ұтып алып, кәсіп ашқан жастарға кәсібіңнің нәсібін көр демекпіз.
Елдар Жақыпбек.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!