BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Меркі қант зауытына 5 мың тонна қызылша жөнелтілді

Фото: Хабар

АЛДАҒЫ УАҚЫТТА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛЕДІ. ОСЫҒАН ОРАЙ, АУДАННЫҢ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫН БАСҚАРАТЫН, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Ә.Ә.БАЛҚЫБЕКОВПЕН КЕЗДЕСІП, БІРАЗ САУАЛДАРҒА ЖАУАП АЛҒАН ЕДІК. БІЗ ТӨМЕНДЕ СОЛ СҰХБАТТЫ ОҚЫРМАНДАР НАЗАРЫНА ҰСЫНЫП ОТЫРМЫЗ.

-Құрметті Әлихан Әбіләшұлы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында ауыл еңбеккерлері қол жеткізген жетістіктер жайлы айтып берсеңіз?

-Мерейлі мерекеге лайықты тарту-таралғылар жасау жолында ауыл еңбеккерлері аянып қалған жоқ. Әсіресе, аудан диқандары егіншілік мәдениетін арттыра отырып, жаңа технологиялық тәсілдерді тиімді пайдалану нәтижесінде едәуір табыстарға қол жеткізді. Атап айтқанда, биыл дәнді дақылдардан аудан бойынша 69513 тонна өнім жиналды. Бұл түсім өткен жылмен салыстырғанда 22966 тоннаға артық. Күздік бидайдың әр гектарынан 25,8, жаздық арпаның әр гектарынан 23,9 центнер өнім алынды. Сондай-ақ, дәнге арналған жүгеріден, бақша өнімдерінен, майлы және көкөніс дақылдарынан жиналған өнім түсімі де өткен жылға қарағанда әлдеқайда жоғары болды. Мәселен, пияз дақылын тамшылатып суару әдісімен өсірген сегіз шаруа қожалық, олардың ішінде «Бірлікүстем» шаруа қожалығы 110 гектардан, «Агропродукт-2020» ЖШС-і 140 гектардан, Жаңа жол ауылындағы «Сәлима» шаруа қожалығы 80 гектардан және тағы басқалары пияздан жоғары өнімдер алуды қамтамасыз етті.

-Қант қызылшасын өсіру жайы қалай болды?

-Аса бағалы бұл техникалық дақылды өсіруге ерте көктемнен кірістік. Дайындық барысында Франция мемлекетінен қызылшаның «Авантаж» атты тұқымы сатып алынды. Оның тазалығы 100 пайыз, шығымдылығы 96 пайыз екендігі ескертілді. Сонымен қатар, Алматы облысынан да сапалы тұқым сорты жеткізілді. Осындай ізденістердің нәтижесінде Ақсу ауылындағы «Бек» шаруа қожалығы (жетекшісі Ж.Шотарбаев) әр гектардан 300 центнер тәтті түбір жинады. Ал Қонаев ауылындағы «Алимжан» шаруа қожалығы (жетекшісі И.Закрияев) әр гектардың түсімін 478 центнерге көтерді. Балуан Шолақ ауылындағы «Ниет» шаруа қожалығының (жетекшісі Ж.Шатанов) және Төле би ауылындағы «Табыс-Шу» АТК-сының (төрағасы Н.Кәденов) көрсеткіштері де көңіл қуантады. Сондай-ақ, Жаңа жол ауылынан «Низами» шаруа қожалығы (жетекшісі З.Гасанов) әр гектардан 700 центнерден тәтті түбір жинады. Дегенмен, біраз шаруа қожалықтары қант қызылшасын күтіп-баптауда агротехникалық талаптарды дұрыс сақтай алмады. Орын алған олқылықтар мен жіберілген кемшіліктердің себептері анықталып, алдағы уақытта бұл дақылға аса жауапкершілікпен қарау мәселесі міндеттелді. Жалпы, ауданнан Меркі қант зауытына 5 мың тоннадай қызылша жөнелтілді.

-Ауылшаруашылық кооперациясы туралы не айтасыз?

-Ауыл шаруашылығы кооперациясын құру жұмыстары Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29-қазандағы №372-V-ЗРК Заңының талаптарына сәйкес жүргізілуде. Ағымдағы жылғы наурыз айында облыс әкімінің қолдауымен Алматы қаласындағы экономика ғылыми зерттеу институтының бір топ ғалымдары, экономика ғылымының докторы Ғалия Акимбекованың басшылығымен ауданда ауыл шаруашылығы кооперациясы заңы кеңінен түсіндіріліп, тауар өндірушілердің басшыларымен кездескен болатын. Кооперация құру мәселесі қолға алынуда. Нәтижесінде 22 шаруа қожалығы 389 гектар жерімен 4 ауылшаруашылық кооперациясына бірігіп, әділет басқармасынан тіркеуден өтті. Бұдан басқа 7 ауылшаруашылық кооперативтері институт мамандарымен бірлесіп, құжаттарын дайындау үстінде. Сонымен қатар, «Тайлақ Шу» ЖШС-і (директоры М.Жұмағұлов) және «Айгерім и компания» ЖШС-і (директоры Е.Жұмалиев) ет дайындаушы мекемелер болып ашылды. Бұл шаруашылықтардан басқа осыған дейін ауданда құрылған 25 АТК және 14 су пайдаланушылар кооперативтері жаңа заң талабына сәйкес қайта тіркеуден өтеді.

- Техникаларды жаңарту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

- Шаруашылықтарымыздың әл-ауқаттары көтерілген сайын техникалары жаңалануда. Биыл осы уақытқа 117 млн. 962 мың теңгеге 23 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. «КазАгроФинанс» АҚ қоғамы арқылы лизинг тәсілімен 26,2 млн. теңгеге 6 трактор және өз қаражаттарына 91,7 млн. теңгеге 17 дана техника алынды. Техника түрлері жылдан-жылға жаңарып келеді.

- Мал шаруашылығы туралы не айтасыз?

-Мал шаруашылығы бойынша өткен он айда өндірген өнімнің көлемі былтырғы жылдан кем емес. Союға сатылған мал мен құстың тірідей салмағы 12 574 тоннаға жетсе, сауылған сүт 31 363 тонна болды. 554 тонна жүн қырқылды. Мал басына келетін болсақ, мүйізді ірі қара 27 228, оның аналығы 15 585, қой мен ешкі 297 613, жылқы 10 603, оның аналығы 4453 басқа жетіп отыр. Жемшөп қоры мол дайындалды. Жоспардағы 104 100 тоннаның орнына 142 700 тонна жемшөп дайындалып, жоспардың орындалу пайызы 137,1 пайызды құрады.

-Мемлекеттік «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының орындалу барысы қандай?

-«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 470 бас мүйізді ірі қараны сатып алу жоспарланса, 12 шаруашылық 111,4 млн. теңгеге 630 бас сиыр және 22 бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, жоспар 134 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша биылғы жылы 9 шаруашылық 46 млн. теңгеге 1823 бас қой сатып алып, жоспар 101,3 пайызға орындалды. «Құлан» бағдарламасы бойынша Жаңақоғам ауылдық округінен бір шаруашылық 50 бас жылқы малын сатып алуға тапсырыс берді. Жайылымдарды суландыру бойынша 2016 жылы берілген тапсырмаға сәйкес 4 құдық қазу керек болғанымен, 7 құдық қазылып, жоспар 175 пайызға орындалды. «Сыбаға» бағдарламасын орындауда «Тахир», «Білдебай», «Абылай хан» шаруа қожалықтарының, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Жидебай», «Нұр» және «Өлмес» шаруа қожалықтарының жақсы жұмыстарын атап өтуге болады. «Құлан» бағдарламасын орындау да жан-жақты қарастырылуда. -Ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қандай тілек айтасыз? -Ауыл еңбеккерлерін мемлекетіміздің азық-түлік қорын жасаушы әрі толықтырушы деп жоғары бағалаймыз. Олардың атқарып отырған жұмыстары өте зор. Сондықтан еңбеккерлерімізге мықты денсаулық, отбасыларына амандық, атқарып отырған жұмыстарына береке тілеймін! Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі құтты болсын!

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДЫРБЕКОВ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 18:34
500 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЛЫҚ ТІЛЕЙМІН!
Пікірлер