Азық-түлік неге қымбат? - Экономика|28 Қыркүйек 2016, 09:55
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Азық-түлік неге қымбат?

Осыдан бірер апта бұрын Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті аймақтарда, әсіресе, Астана қаласында күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы едәуір өскенін хабарлаған болатын. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режимдегі Үкімет мүшелерінің кезекті отырысында күннің басқа да өзекті мәселелерімен қатар әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының өсуін ұстап тұру бойынша шаралар да кеңінен талқыланды.

Мемлекет басшысы Үкімет және Ұлттық банк кабылдаған дағдарысқа қарсы жоспар аясында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырған болатын. Ресми статистика мәліметтері бойынша жыл басынан бастап тұтыну бағасының индексі 5,4, оның ішінде азық-түлік тауарлары 5,2 пайызға өсті. 2016 жылғы 30 тамыздағы жағдай бойынша жыл басына әлеуметтік маңызы бар тауарлар баға индексі 9 пайызды құраған. Ұлттық экономика министрлігінің нарықтар теңгеріміне жүргізген талдауы нәтижесінде ішкі нарықтағы әлеуметтік мәні бар тауарлар бағасының өсуіне әсер ететін бірқатар себептер анықталды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндап, тауарлар бағасының қымбаттау себептерін түсіндірген ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың мәлімдеуінше, біріншіден, әлемдік нарықтардағы баға жағдаятының өзгеруі және ұлттық валютаның әлсіреуі импорттық жеткізулерге тәуелді тауарларға әсер етіп отыр. Олар бойынша отандық тауарларды тұтынудың қамтамасыз етілуі 60%-дан төмен. Екінші себеп ретінде министр ағымдағы жылы табиғи монополиялардың қызметтеріне тарифтердің және ЖЖМ бағасының артуын атады. Үшіншіден, маусымдық ауытқудың да әсері бар. Жыл сайын тауардың жекелеген түрлері бойынша қоймадағы қордың азаюына байланысты олардың бағасы құбылып тұрады. Бұл ең алдымен көкөністер: картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қызылша. Баға, әдетте, мамыр-тамыз айларында көтеріледі. Төртіншіден, экспорттық жеткізудің әсері. Еуразиялық экономикалық одақ аясында, Ресей мен Қырғызстанның шекара маңындағы бағалар өскен жағдайда ішкі нарықтағы тауарлар құны да көтеріледі. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған факторлар бағаның өсуіне әсер етті, жыл соңына дейін айтарлықтай өсім болмайды деп күтілуде.
Соңғы екі жылдағы тұрақтандыру қорларының жұмысын талдау көрсеткендей, олардың әлеуеті тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Бас экономист бағалардың күрт өсуі азық-түлік тауарларының қорлары төмен өңірлерге тән екенін айтты. Сондай-ақ Қ.Бишімбаев нарық субъектілерінің жосықсыздығына тоқталып өтті. Атап айтқанда, тауарлардың үстеме бағалары 200%-дан астамды құраған жағдайлар анықталған. Министрлік әлеуметтік мәні бар тауарларға бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында жұмыс жүргізуде. Монополияға қарсы орган ағымдағы жылдың басынан бері 27 тексеру жүргізді, олардың 12-сі аяқталып, 15 тексеру әлі жалғасуда. Монополияға қарсы орган жүргізген тескерулердің қорытындысы бойынша материалдық санкциялардың жалпы сомасы монополиялық кірісті есептегенде шамамен 23 млн. теңгені құрап, оның ішінде мемлекет бюджетіне 12 млн. жуық теңге түсіпті.

Осы ретте министрлік әлеуметтік мәні бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу үшін нормативтік құқықтық базаны жаңартуды ұсынып отыр. «Бөлшек сауда бағаларының реттеу тетігін жетілдіру және құқықтық базаны жаңарту жұмыстарын жалғастыру қажет. Осыған байланысты ағымдағы жылдың жазында министрлікте барлық тауар өндірушілер, көтерме және әлеуметтік мәні бар тауарлардың дистрибьюторлары бойынша мониторинг жүргізетін сараптамалық база құрылды. Осы тұрғыда біз заңнамалық және ұзақ мерзімді шаралар ретінде құралдарды ең төменгі және шекті бағаларды заңнамалық деңгейде пысықтауды ұсынамыз», – деді Қ.Бишімбаев.
Министр сондай-ақ отандық өндіру­шілердің нарықтағы және базардағы орындарға тікелей мүмкіндік алу мәселесін кеңейту ұсынылғанын атап өтіп, барлық бөлшек нарықтарда әлеуметтік мәні бар азық-түлікке ұсынбалы баға орнатуды ұсынды. Сондай-ақ, орта мерзімді перспективада импорт тауарларын арттыру шараларын қабылдау, жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының сауда интервенцияларын жүргізу, тұрақтандыру қорларында жеткілікті ресурстарды тиімді пайдалану және оларды уақытылы жүзеге асыру үшін тұрақтандыру қорларының жұмысын жүзеге асыру қажеттігі баса айтылды.
Премьер-министр тұрақтандыру қорларына азық-түлік алуға бөлінген қаржыны тиісті деңгейде игеру керектігін мәлімдей келе, облыс әкімдерінен тұрақтандыру қорларын азық-түлікпен толтыруға бөлінген қаржы депозиттерде неге бостан бос игерілмей жатқанын түсіндіруді талап етті.
Б.Сағынтаев еліміздің өңірлерінде қарақұмықтың бағасы едәуір өскенін айта келе, жақын арада бұл мәселені шешуді тапсырды. Өз кезектерінде селекторлық бай­ланысқа шыққан өңірлер әкімдері бұл бағыт­тағы жұмыстарды таяу арада ретке келтіруге уәде етті.
Үкімет басшысы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жұмыстарында әкімдіктердің қадамдарын сынға алды. «Әрине, бірінші кезекте біз бағаның негізсіз өспеуін бақылап отыруымыз керек. Маусымдық және басқа да себептермен тауар құнының жоғарылауы орын алады. Бірақ та бағаға қатысты тиісті шешімдер жасалғанымен, көп жағдайларда жұмыстардың атқарылмауы салдарынан өсіп жатады. Бізде өндірісті және өнімнің сау­дасын іске асыруды ынталандыруға байланысты бағаны ырықтандыруға тетіктер жеткілікті. Алайда бұл тетіктер жұмыс істемей тұр. Отырыста байқағанымыздай, жергілікті жерлерде әкімдіктер тарапынан қадағалау болмай тұр», – деді Премьер-министр.
Осы ретте Б. Сағынтаев бағаны ырықтан­дыруда жүйелі шаралар қабылдау керектігін қадап айтты. «Біздің кейбір әріпстестеріміз лауазымдарын алғаннан кейін базарларға барып, бағаларды инспекциялап жатады. Дегенмен де олар барған кезде, базарларда тауарлар мен өнімдер бағасын саудагерлер лезде төмендетіп тастайтынын өте жақсы біледі. Олар кеткеннен кейін саудагерлер ескі бағаны қайта қояды. Бұл өз кезегінде беделқұмарлықтан басқа ештеңені бермейді. Сондықтан нақты да жүйелі шараларды жүзеге асырыңыздар», – деді ол.
Бұл тұрғыда Үкімет басшысы Қазақстанда өндірілетін өнімдер бойынша бағаны ұстап тұруға толық негіз бар екенін жеткізді. Сонымен қатар Б.Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне баға саясатында реттегіш тетіктерді тиісті деңгейде пайдалануды ескертті.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

economics.kazgazeta.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер