BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұлы мәртебелі су

Газет оқырмандары назарына «Жамбыл су құбыры» кәсіпорнының директоры Келжан Қожамқұловпен мекеменің міндеті, жаңа су жүйесіне қосылу ережелері, басқа да көптеген сауалдар төңірегінде жүргізілген сұхбатты ұсынамыз.

– Келжан Әбжанұлы, «Жамбыл су құбыры» кәсіпорыны туралы қысқаша не дер едіңіз?
– Су құбыры – бұл күрделі қондырғы. Оның көмегімен қаланы, ауылды, өндіріс пен шаруашылық орындарын бір орталықтан сумен жабдықтауға болады. Тұрмыстық су құбыры тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етеді, зауыттар мен мекемелердегі адамдардың тұрмыстық қажеттілігін өнеркәсіптік су құбыры қанағаттандырады.
«Жамбыл су құбыры» аудандық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2004 жылы 6 маусымда ашылған. Штат кестесі бойынша ол кезде оншақты адам болып жұмысын бастаған. Қазіргі таңда жұмыс ауқымының кеңеюіне байланысты штатта 40-45 адам бар. Олар Ұзынағаш ауылын ауызсумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары бұл мекеменің техникалық базасы нығайып, мынадай техникалармен толықтырылды. Атап айтқанда, 2 ассинизатор автокөлігімен, МТЗ-82 маркалы 2 трактормен, экскаватормен, 1 автокранмен тағы басқа техникалармен жабдықталған.
– Жалпы Ұзынағаш селолық округі бойынша қанша абонент ауызсумен қамтылған?
– «Жамбыл су құбыры мекемесінің» сумен қамтамасыз ететін ауылдарына – Ұзынағаш, Ынтымақ, Жаңақұрылыс елдімекендері жатады. Бүгінде 3668 абонент сумен қамтылған, яғни ол адам басына шаққанда 11370 тұрғынды құрайды. Кәріз жүйесіне 516 жеке тұлға, 198 заңды тұлға қосылған. Жоспарда тағы 3500 абоненттің қосылуы күтіліп отыр.
– Жаңа су жүйесін орнату бойынша қандай бағдарламалар жүзеге асуда?
– Тәуелсіздіктің 25 жылында Үкімет халықтың әл-ауқатын, білімі мен денсаулығын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламаларды қабылдады. Солардың бірі, 2011 жылы халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» салалық бағдарламасы. Мұндағы негізгі міндет – ауыз су мәселесі болып табылады. Ибн Синаның: «Ауру көбінесе ішкен астан пайда болады, соның ішінде, әсіресе, ауыз судан болады» деп ескерткеніндей, халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы зор.
Елбасы Жолдауында атап көрсеткеніндей, осыған дейінгі «Ауыз су» бағдарламасын жүзеге асыру барысында ауылды жердегі халықтың орталықтандырылған сумен қамту жүйелеріне қолжетімділігі 41 пайызға, ал қалалық жерде 72 пайызға дейін артып, суды тасып ішетін адамдардың саны 4 есеге дейін төмендеген. Сондықтан бұл көкейкесті мәселелердің бірі болып қала береді.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету, суды есептегіш құралдарды қалалық және ауылдық жерлерде орнату, сондай-ақ елді мекендерге ауызсу жүргізу шаралары қарастырылған.
Ұзынағаш ауылының ауыз су жүйелерін жаңғырту құрылысы 2 кезеңнен тұрды. Негізгі мердігер компания «КА Строй ЛТД» ЖШС болды. Жүйе құрылысы 2016 жылдың 30 қазанында толығымен пайдалануға берілді.
«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 2011-2012 жылдары бірінші іске қосылу кезеңі өтіп, 2015-2017 жылы Ұзынағаш ауылының ауызсу жүйелерін жаңғырту толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда «Жамбыл су құбыры» мекемесінің иелігіне өтуде. Ұзынағаш бойынша жаңа су құбырының жалпы ұзындығы 125 шақырымды құрайды.
– Көпқабатты үйлердің сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары туралы не айтасыз?
– Көпқабатты үйлерге тиесілі су құбыры жүйесінің тозығы жетуіне байланысты, кейбір аулалардың су құбырын ауыстыру керек. Себебі, орталықтандырылған сервистік құдықтан үйге дейін тартылған су құбыры мен кәріз жүйесі үй иелеріне тиесілі. Осыған байланысты тұрғындар мен «Жамбыл су құбыры» мекемесінің арасында түсініспеушілік туындап отыр. Мысалы, кейбір аудан орталықтарында ол коммуналдық қызмет көрсететін кооперативтер (КСК) міндетіне жатады. Ұзынағаш ауылында да осындай кооператив құрылуы қажет деп санаймын. Су құбыры үй иелерінің есебінен ауыстырылады. Толықтай мәлімет алу үшін тұрғындар «Жамбыл су құбыры» мекемесіне келуі керек. Елді сумен «Жамбыл су құбыры мекемесі» қамтамасыз етеді. Алайда, ол қазір жаңа су құбырларын ауыстыру жұмыстарына толық қосыла алмай отыр. Соған байланысты хабарлама таратып, газетке жариялап жатырмыз. Жаңа су құбырына қосылам деген тұтынушылар біздің мекемеге келіп, техникалық шартын алуы тиіс. «Жамбыл су құбыры мекемесінің» техниктері сызба жоспарын сызып, қай құдықтан қосылуға болатынын көрсетеді. Сондай-ақ, техникалық шартын алмай тұрып су құбырын қазу жұмыстарын жүргізуге болмайды, оған арнайы айыппұл салынады.
– Тұрғын үйлерге су жүргізу үшін қандай ережелерге сүйенесіздер?
– Тұрғын үйлердің ауласына су құбырын жүргізу үшін әрбір абонент «Жамбыл су құбыры» мекемесіне келіп, техникалық шартын алғаннан кейін ғана жұмыс жүргізеді. Ары қарай жерді қазу, су құбырын үйге тарту мердігер компанияның немесе үй иесінің техникалық шарт ережелерін бұзбай жұмыс істеуіне байланысты. Бұл жұмыстың дұрыс жүргізілуі «Жамбыл су құбыры» мекемесінің бақылауында. Техникалық шарт алып, қазу жұмыстары аяқталғаннан кейін су есептегіш құралдары қойылады, одан кейін келісімшартқа отыру қажет.
– Судың сапасы туралы не дер едіңіз?
– Ұзынағаш ауылының орталықтандырылған жаңа су қоймасы бойынша 6 су ұңғымасы бар. Әрқайсысы 250 метр тереңдіктен суды сорғымен тартып шығарады. Су аудандық ҚДС Басқармасында тоқсан сайын толығымен зертеледі және өзара келісімшарт қарастырылған. Суды хлорлау жұмыстары жүргізіліп, арнайы сараптамадан өтіп тұрады. Сондай-ақ, өз күшімен жерді бұрғылап су шығарған тұрғындардың арнайы сараптамадан өтпеген, 10-15 метрден тартылған суларының ішуге жарамдылығы да күмәнді. Ол түрлі аурулар туғызуы мүмкін. Сондықтан әрбір тұрғынның «Жамбыл су құбыры» мекемесінің су жүйесіне қосылуын сұраймыз.
– Әр тұрғынға берілетін су тарифінің құны қанша?
– Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің бұйырығына сәйкес 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап Ұзынағаш ауылындағы су жүйесі тарифінің бағасы жеке тұлғалар үшін бір текше метрі 132,16 теңге, ал кәріз жүйесінің тарифі жеке тұлғалар үшін 75,30 теңге.
– Алдағы уақытта өз салаңыз бойынша атқарылатын жұмыстардың жоспары қандай?
– Болашақта жаңа су құбырының қолданысына Ұзынағаш ауылын толық қосуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта атқарылар міндеттер көп. «Жамбыл су құбыры» мекемесінің штат кестесін ұлғайтып, техникалық базасын өсіріп, тағы да елді мекендерді сумен қамтамасыз ететін жоспарымыз бар. Жыл сайын орындалатын бағыт-бағдарламалар бойынша біз өз жұмысымызды атқарып келеміз.
– Ауданда түрлі қайырымдылық іс-шаралары өтеді. Оған сіздер қаншалықты үлес қосасыздар?
– Қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысамыз. Аудандық білім басқармасынан түскен ұсыныстарға қарсылық білдірген емеспіз. Мысалы, жетім, көпбалалы отбасынан шыққан, тұрмыстық жағдайы нашар балаларды лагерьге жіберу, киіндіру сияқты түрлі қайырымдылық іс-шараларына қолғабыс беріп тұрамыз.
– «Атамекен» газетінің оқырмандарына қандай тілек айтар едіңіз?
– Аудан өмірінің айнасы – «Атамекен» газетінің оқырмандары көбейе берсін. Оларға айтарым, бұл басылым аудандағы оң өзгерістерді, игі істерді насихаттауда алдыңғы лекте тұрғандықтан оны сүйіп оқыңыздар, қол үзбеңіздер. Сіздердің әрбір күндеріңіз қуаныш пен қызыққа, шаттық пен берекеге толы болсын деймін.
– Әңгімеңізге көп рахмет.


Сұхбаттасқан:
Майра Алдабергенова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер