BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

РАҚЫМ АЙЫ – РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса қамқор, ерекше Мейрімді Алланың атымен бастаймын! Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбəрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тəрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейрімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Адамның иманы күшейген сай- ын арсыздықтан арыла бастайды. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы əрі нығметі. Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам бала- сы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мəні мен маңызын баяндаған. Шарапаты мен шапағаты мол айда күнəлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық! Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сəттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға еткен. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тəннің шипасы. Рамазан жан мен тəнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен са- быр мектебі. Аузы берік жандар əдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс- əрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нəпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жəннат. Денсаулығына байланысты немесе кəрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сəлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген. Биыл маусым-шілде айларына тұспа-тұс келген Рамазанда ауыз бекітуге күннің ыстығы кедергі келтірмейді деп сенеміз. Себебі, оразаның рухани дəмін татқан жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ. Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға- тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, əрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нəсіп еткей! Тəуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Əумин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
31 Желтоқсан 2018, 22:18
ҚАБАНДАРЫҢЫЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! 
Пікірлер