BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Мектебің, мынау класың...»

Фото: Бақтияр Айталы

Биыл ауданда бес жаңа мектеп салынды. Жаңа оқу жылының басында Білім күніне орай Ұзынағаш, Қайназар және Ақсеңгір ауылында үш бірдей жаңа мектеп ғимараты оқушыларға есігін айқара ашты.

Сонымен қатар, Қарғалы ауылындағы орта мектептің 300 орындық жапсаржай құрылысы да аяқталып, бірінші тоқсаннан кейін пайдалануға берілмек.
Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында атқарылған игі шаралардың басым бөлігі осы білім саласына бағытталғанын анық аңғаруға болады. Иә, халық саны артқан сайын мектепке деген сұраныс та артып келеді. Заманауи білім шаңырақтарының іске қосылуы соның айғағы. Жас ұрпақтың кемелді болашағына жасалған биылғы зор қамқорлық та аудан тұрғындарын шынайы қуанышқа бөледі.
Қайназар ауылындағы 600 орындық орта мектептің ашылу салтанатына облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлі мен аудан әкімі Жандарбек Далабаев қатысып, ұстаздар мен оқушыларды және ата-аналарды жаңа оқу жылының жаңа ғимаратта басталғанын жақсылыққа балап, алдағы оқу жылы жемісті болсын деген жүрекжарды лебізін білдірді.
Мектеп құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған еді. Мемлекеттің екі жарым миллиард теңге шамасында қаржысына он төрт айдың ішінде Қайназар ауылының тау жағынан сәулеті келіскен білім ордасы бой көтерді. Бұған дейін ескі мектепте оқып келген шәкірттер енді таза әрі кең, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтары бар пән бөлмелерінде білім алатын болды. Бұрынғы мектепте шәкірт тәрбиелеген ұстаздардың да басым көпшілігі осында.
Құрылысты жүргізген мердігер мекеме «Alatau Construction Group» ЖШС бас директоры Валерий Ильницкий ғимараттың нышан кілтін мектеп директоры Салтанат Сұлубековаға тапсырды. Лента қию рәсімі жасалып, көпшілік қуанышына ортақтасқан, алыс-жақыннан келген құрметті қонақтар мектеп ішін аралап көрді. Мұнда 34 оқу кабинеті, кітапхана, екі спортзал, 127 орындық асхана тиісті талап бойынша толық жабдықталған. Тәулік бойы ұстаздар мен шәкірттерді ыстық тамақпен қамтамасыз етуге әзір. Мұндағы 885 оқушының сапалы білім алуына, оларға дәріс беретін 70 мұғалімнің алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалған. Оқушылар оқулықпен түгел қамтылып, алғашқы оқу жылында бірінші сыныпқа 105 бала қабылданды. Бұл білім ордасы жеті мыңға жуық тұрғыны бар ауылға салынған үшінші мектеп. Кейінгі жылдары халқының саны күрт артып, іргесі кеңейе түскен елді мекенде осыдан төрт жыл бұрын бір ғана мектеп бар еді.
Дәл осы күні Ақсеңгір ауылында да жаңа мектеп пайдалануға берілді. Мектептің ашылу салтанатына елді мекеннің барша тұрғыны тегіс жиналды. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлі мен аудан әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев ақсеңгірліктерді арнайы құттықтау үшін мерекелік шараға қатысты. 450 орындық орта мектептің салынуы бұрынғы үш ауысымдық тәртіпті түбегейлі жойды деуге болады. Өйткені, бұған дейін ақсеңгірлік оқушылар ескі мектепте үш ауысымда оқып келген еді. Мердігер мекеме «Іргетас Құрылыс-2» ЖШС осы құрылыстың басын өткен жылдың маусымында бастап, биылғы тамызда сапалы аяқтады. Мінеки, Ақсеңгір ауылында 409 оқушы мен 43 ұстаз биылғы оқу жылын заманауи үлгіде салынған, су жаңа құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа ғимаратта бастады. Мұнда да кең әрі келбетті екі спортзал бар. Асханасы 150 орынға арналған. Бірінші сынып табал-дырығын 24 бүлдіршін аттады.
Оқу жылы қарсаңын-да аудан орталығында 1200 орындық жаңа мектептің ашылуына облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысқаны туралы газетіміз арнайы хабарлаған болатын. Сол Ұзынағаш ауылындағы орта мектеп білім күні өзінің алғашқы шәкірттерін салтанатпен қабылдады. Оқу кабинетінің саны 60-қа жететін үлкен мектепте 47 интерактивті тақта, екі кітапхана, 230 орындық асханасы бар. Ауыл шетіндегі жаңа көшеде бой көтерген сәулетті білім шаңырағында 850 шәкіртке 60 ұстаз дәріс береді.


Серік Сатыбалдиев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
05 Қыркүйек 2014, 15:48
Мектебің осы – класың...
Пікірлер