Фото: «Сарыарқы самалы» газеті
Өкінішке қарай, соңғы уақытта балаларға қатысты қылмыс саны көбеймесе, азайған жоқ. Жеткіншектердің денсаулы-ғына зиян келтіріп, психикасын бұзатын жантүршігерлік жағдайлар мен қатыгез қылмыскерлерге тұсау салу мүмкін болмай тұр. Тіпті, кей кездері қылмыскерлердің жеңіл жазамен құтылып кетіп жатқанын көз көріп жүр. Осындай жағдайларды болдырмай, балалардың құқықтары мен міндеттерін жүйелеу мақсатында елімізде Балалар кодексі әзірленбек. Бұл құжатта қандай тұстар ескеріліп, нені назарға алу қажет? Осы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік, деп жазады «Сарыарқы самалы» газеті.
Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
- 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар құқықтары жөніндегі комитетінің төртінші кезеңдік есептік қорғауында Қазақстанға бірқатар ұсыныс айтылған болатын. Соған сәйкес, мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге жүйелі түрде кездесіп, жұмыстар жүргізудеміз. Соның аясында үш заң жобасын әзірлеп, Балалар кодексінің тұжырымдамасын жасауға кірістік. Әлбетте, ол таяу арада дайын болады деп айту қиын, себебі бізді ауқымды іс күтіп тұр. Алдымен отандық ғалымдардың бала құқықтары тақырыбындағы еңбектерімен танысып, керегін түртіп алдық. Бұл бағыттағы жұмысқа барлық сарапшының қатысқаны жөн. Өйткені, Қазақстанға балалармен жұмыс істейтін әр адам, кез келген бала білуі тиіс құқықтар мен міндеттер айқындалған заң керек. Аталмыш құжат балалардың құқықтарын жан-жақты қорғай алуы тиіс. Бастысы, бұл ретте осы саладағы құқық қорғау жүйесінің шетелдік тәжірибесі міндетті түрде ескерілетін болады. Кейін кодекс қолданыстағы «Балалар құқықтары туралы» Заңға, сонымен қатар отбасылық, құқықтық және азаматтық кодекстердің жекелеген баптарына қосылуы мүмкін. Осылайша, еліміздегі балаларды заң жүзінде қорғау саясаты күшейе түспек. Бұл өз кезегінде жеткіншектерге қатысты қылмыс санының азаюына айтарлықтай әсер етеді деген ойдамыз.
Светлана Ковлягина, адвокат:
- Елімізде балалардың құқықтарын қорғайтын заң бар. Бірақ, заңда жалпылама түсініктер мен принциптер ғана қамтылған. Ал оларды жүзеге асырудың механизмі қарастырылмаған. Бұл құқық қорғауға қатысты мәселені едәуір қиындатады. Мәселен, менің тәжірибемде мынадай бір жағдай болған: бойжеткен жүкті болып қалып, баланың биологиялық әкесі анадан да, сәбиден де бас тартқан. Бұл жайтты білген биологиялық әкенің әкесі баланы бауырына басып, өзінің атына жаздырып алады. Арада жылдар өткен соң қарт қайтыс болып, мұрагерлік туралы хатын ашқан кезде мұрасын немересіне қалдырғаны белгілі болады. Мұнымен келіспеген биологиялық әке сотқа арыз түсіріп, оны әкесі ретінде тануды сұрады. Сот бұл өтінішін қанағаттандырды. Сөйтіп, алты жыл бойы баласына қарайласпаған сол адам әкелік құқықтарын қайтарып алды. Бұл жағдайдың арғы жағында таза ниет емес, мұрагерліктен айыру бар екені айқын аңғарылғанымен, тиісті Кодекс болмаған соң мұны дәлелдей алмадық. Себебі, баланың тегі мен әкесінің есімін жазу туралы процедура бір ізге келтірілмеген. Осындай жайттар кездесіп тұрады. Бала отбасына, біліміне, денсаулығына, тұрғын үйіне қатысты құқықтарын қорғай алмай жатады. Ал Кодекс осы және өзге де мәселелерді қамтыса, әлдеқайда дұрыс болар еді. Сонымен қатар, шетелдік тәжірибені назарға алу керек. Мәселен, соңғы уақытта жасөспірімдер арасында суицид жиілеп кетті. Оған қарсы күрес, мәселені шешу жолдары нақты болмай, тұтас қоғам бұдан жапа шегіп отыр. Ал әлемде бұл жағдай заң жүзінде жүйеленіп, заңда көрсетілген құқықтардың іс жүзінде орындалуының әдістері қалыптасқан. Балалар кодексі осы жайтқа қатысты шетелдік тәжірибені де қолданысқа енгізуі қажет.
Жадыра Кепешова, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Күнделікті жаңалықтардан балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың орын алғанын естіп, жанымыз түршігеді. Қандықол, қатыгез қылмыскерлер санының артуына заң жүйесінің әлі де толыққанды жетілмегені себеп деп ойлаймын. Соның салдарынан құқық қорғаушылардың құрығына түспейтін қылмыскерлер әрі қарай да қитұрқы әрекеттерін жалғастыра береді. Мектеп оқушыларын қорқытып, ақша бопсалайды, аңқаулығын пайдаланып арам әрекеттері үшін пайдаланады және тағысын тағылар. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін балалар, олардың ата-аналары, тәрбиешілері мен мұғалімдер балаға қатысты құқықтар мен міндеттемелердің барлығын білгені дұрыс. Бұл ретте елімізге арнайы кодекс керек-ақ. Тек ол әлемдік тәжірибеге сүйенуімен шектеліп қалмағаны жөн. Себебі, шетелдіктер мен қазақстандықтардың менталитеті, пайым-түсінігі ұқсамайды. Балалар кодексінде ескерілуі тиіс тұстарды талқылау үшін осы мәселеге жауапты мамандар өз кабинеттерінде отырып, өзге елдердің заңдарын қопарып қана қоймай, ата-аналармен жүздесіп, олардың ой-пікірін білсе, құба-құп. Жоғары сынып оқушыларымен тілдесуді де ұмытпау керек.
«Алаңды» үйлестірген – Құндыз Қабылденова
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!