BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елім дейтін ұл болмаса...

Қазақ аңыздарында және шығыс халықтарында ертеден айтылып келе жатқан ерекше қайырымды, жомарт кейіпкер бар. Ол –Атымтай Жомарт. Сонау VI ғасырдан бері халық арасында өзінің ерекше мәрттігімен күні бүгінге дейін елдің жадында аңыз болып қалу тегіннен тегін емес шығар. Әр дәуірдің өз батыры болғаны сияқты біздің мына өмір сүріп отырған қоғамның да ерекше адамдары көп.

Қазақ аңыздарында және шығыс халықтарында ертеден айтылып келе жатқан ерекше қайырымды, жомарт кейіпкер бар. Ол –Атымтай Жомарт. Сонау VI ғасырдан бері халық арасында өзінің ерекше мәрттігімен күні бүгінге дейін елдің жадында аңыз болып қалу тегіннен тегін емес шығар. Әр дәуірдің өз батыры болғаны сияқты біздің мына өмір сүріп отырған қоғамның да ерекше адамдары көп.
Күн сайын қарыштап дамып бара жатқан өркениет заманында бүкіл әлем келешегін кемел етуге бет бұрды. Осы тұста ел болып, тарихи құндылықтарын сақтап қалған елдің болашағы жарқын болмақ. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы дәл осындай тамыры терең, түйткілді мәселені дөп басып және оған ұтымды жол сілтейтін ең негізгі ұлттық құрал.
Аталмыш мақаланың «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы төңірегінде әңгіме өрбітсек, ақындар мен батырлар елінің әр ауылында еліне ерен еңбегі сіңген тұлғалар көп. Ауыз толтырып айтарлықтай Атымтайларымыз да баршылық. Солардың ішіндегі тегеуірінді еңбегімен телегей табысқа жетіп, туған жердің өсіп-өркендеуіне зор көмек беріп жүрген азаматымыз – Темірлан Шәйнүсіповты айтқанымыз жөн болар.
Темірлан Шайнүсіпов 1960 жылы шілденің 3 күні Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Алматы зоотехникалық- малдәрігерлік институтында 1983 жылы зоотехник мамандығын алған. Алғашқы еңбек жолын 1983-1992 жылдары туған ауылындағы «Ақтерек» қой кеңшарының зоотехнигі болудан бастаған. 1992 жылы «Беріктас» қой совхозында бас зоотехник, 1993-1996 жылдары Сүйінбай атындағы қой совхозының директоры болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тіршіліктің саябырсыған тұсында қиындықтарға қарамастан, белсенді және абройлы еңбек еткен Темірлан Шайнүсіпов 1996 жылдың 6 мамыр күні Ақтерек селолық округінің әкімі болып тағайындалып, ауыл әкімі қызметін 1999 жылға дейін атқарды. Осы жылдың 3-ші наурызы күні «Ақтерек» жекеменшік ауылшаруашылық өндірістік коперативінің төрағасы болды. Содан бері бүгінге дейін осы шаруа қожалығының басшы болып жемісті әрі жетістікке толы жұмыс атқарып келеді.
Иә, адамзаттың өмір жолында адал еңбек әрқашан ерекшеленеді. «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайда?» – демекші, ел игілігіне ерен еңбек еткен азаматтардың халық алдында ылғи да жүзі жарқын. Темірлан мырзаның біліктілігі мен еңбекқорлығы өз шаруа қожалығын үлкен табыстарға жеткізді. Бұл жетістіктер кәсіпкердің ғана емес, ауылдастарының да тұрмыстық деңгейін көтере түсті. Ауданның экономикалық қуатына да өзіндік үлесін тынбай қосып келеді.
Кәсіпкер ең әуелі Ақтерек ауылындағы қараусыз тұрған ескі ғимараттарды қайта жөндеуден өткізіп, қолданысқа беруден бастады. Міне, соның нәтижесінде осы ауылдың ішінен «Ақниет» тойханасы бой көтеріп, той-қуаныштың көбі сол жерде атқарылуда. «Болашақ» сауда-сауықтыру орталығы ашылды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмыстық қажетіне керек бірнеше дүкендер ашылды. Осындай игі істерге себепші болған қожалықтың басшысына ел-жұрт дән риза.
Көлік жүрісіне қиындық туғызатын кейбір көшелердің жолын жөндеп, көпірлер салғызды. Ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды өз қаражатымен сатып алып, осы ауылдың егістік жерінің кеңеюіне тікелей себепші болды. Әрине, өндіріс, егін шаруашылығы, мал шаруашылығы сынды тіршіліктің көлемі артқан сайын сұраныс та көбейе түседі. Тұрмыстық қажеттілік те үдей түспек. Осыны ескерген «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіпов ауыл тұрғындарына 60 үй салып берген. Бұл қамқорлықты тұрмысы төмен отбасылары мен жұмысшылар көрді. Ауыл азаматтары 100 жұмыс орнымен қамтылды. Осындай жомарттықпен жасалған сауапқа толы игі істер тоқталған емес. Әлі де арта түсуде. Оған дәлел, дәл осы күні тағы да 20 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлер де сол ауылдың кем-кетігін толықтыратын қыруар көмек. Темірлан мырзаның туған еліне деген шексіз махаббатын атқарып жатқан қайырымдылығынан аңғаруға болады.
Айта берсек, басқа да атқарылып жатқан абыройлы шаруалар жетерлік. Ауылдың көркін келтіру мақсатында мекеме аулаларына 500 түп көшет отырғызылды. Ауыл мешітінің құрылысына да көмегін аяған емес. Сонымен қатар жастардың саламатты өмір салтына бейім өсуі үшін салынған шағын футбол алаңының құрылысына да тікелей демеуші болды. Осы ауылдың жаңадан өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріне арналған «Дария» жекеменшік балабақшасын ашқаны бүкіл ауылдастарын қуанышқа бөледі.
Ауыл шаруашылығы салсындағы қажырлы еңбегі және агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін Темірлан Шайнүсіповтің еңбегі жоғары бағаланып, 2008 жылы желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен марапатталды. 2012 жылы облыс және аудан әкімінің Құрмет Грамоталарына ие болды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 10 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» және 2014 жылғы желтоқсан айының 2-де Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.
Туған жеріне, ел-жұртына ерекше құрметпен қарайтын Темірлан мырзаның осындай ұшан- теңіз сауапқа толы азаматтық ұстанымына ризашылығын білдірген аудан басшысы 2015 жылдың қаңтар айында оған «Жамбыл ауданының құрметті азаматы» атағын берді. Міне, нағыз құрметке лайық азамат деп осындай жомарт жандарды бағалау – көрегенділік! Ауылдастарының мақтанышына айналған, жаны жайсаң, қолы жомарт Темірландай ағаларына қарап өскен ұл-қыздар осы бір асыл қасиетті өз бойына сіңіретіні анық.
Қайырымдылық – қазақ баласы бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Ал оны жасау, қамқорлыққа зәру жандардың жанашыры болу, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін қосу адамның адамзаттық парызы. Әрине, қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беру жомарттықтың белгісі. Жомарт жандар көп болғай!


Бақтияр АЙТАЛЫ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер