BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Егінші – мәрт, жер – жомарт

«Елде болса ерніңе тиеді», – деген сөз тегін айтылмаған. Бел шешіп еңбектенген диқанға берекесін үйіп төгетін боз далада дәл осы күндері қызу тіршілік жүріп жатыр. Қажырлы еңбектің өнімін жию науқаны басталып кетті. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» демекші, биылғы егіннің де берері мол көрінеді.

«Елде болса ерніңе тиеді», – деген сөз тегін айтылмаған. Бел шешіп еңбектенген диқанға берекесін үйіп төгетін боз далада дәл осы күндері қызу тіршілік жүріп жатыр. Қажырлы еңбектің өнімін жию науқаны басталып кетті. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» демекші, биылғы егіннің де берері мол көрінеді.
Сары бидайын сапырған қызу науқанның барысымен танысу үшін аудан әкімі Жандарбек Далабаев мырза егін басына арнайы келді. Аудан басшысымен бірге жүрген топ ең әуелі Үлгілі ауылының егістік алқабын аралады. Мұнда «Империя Фуд» ЖШС-нің 200 гектар бидайы ораққа дайын тұр. Заманауи су жаңа төрт комбайн астық оруға кірісіпті. Іріктелген дән бірнеше жүк көлігіне тиеліп, қырманға жөнелтіп жатыр.
Аудан әкімін осындағы шаруашылық-тың басқарушы директоры Бағдат Алыбаев жұмыс барысымен таныстырды. Ол өз сөзінде түсім жылдан жылға артып жатқанын айтты. Орта есеппен әр гектардан 18 центнерден өнім алынуда. Үлгілі селолық округінде осы серіктестіктің 100 гектарға жуық жері бар. Мұнда күздік бидайға қоса арпа, жүгері, мақсары, екпе шөп егілген. Үш мың басқа арналған мал бордақылау алаңы бар «Империя Фуд» ЖШС қажетті мал азығын өзіне тиесілі осындай шабындық, егістік жерлерінен дайындайды.
Бұдан кейін Жандарбек Ермекұлы Үңгіртас ауылының маңында жайқала өскен жүгері алқабына аялдап, дала аруын күтіп баптаушылармен тілдесті. Жүгерінің бұл сортынан ірі қараның жұғымы жақсы азығы – сүрлем дайындалады.
Науқандық жұмыстың көркін келтірген тағы бір ұжым Аққайнар ауылының айналасын еңбек дүбіріне бөлеуде. Мұнда «Төре» шаруа қожалығының 50 гектарлық арпа алқабы бар. Қожалық иесі Қамбар Үмбетов және оның серіктесі Александр Першин ұйымшылдықпен екпінді еңбектеніп жатқанын айтты. Бірі жеріне дән егіп, екіншісі қолда бар техникасымен қарайласып қауырт жұмысқа кірісіпті. Бірін-бірі осылайша толықтырып, өзара келісіп атқарған адал еңбектің берері мол, әрине. Бұдан бөлек қожалықтың тағы 200 гектар арпасы ораққа дайын екен.
Ал, Қарақыстақ ауылына кіре берістегі 255 гектар алқапқа себілген жүгері «Табыс» шаруа қожалығына тиесілі. Аудан әкімін осы қожалықтың басшысы Талғат Естібеков егін жайымен таныстырды. Түбінен арық суы сылдырап ағып жатқан жүгерінің биылғы өсу қарқыны да ойдағыдай. Осы жер телімінен жыл сайын гектарына 455 центнерден өнім алынып, сүрлем дайындалады.
«Табыс» шаруа қожалығы ауыл маңынан 600 басқа арналған тауарлы сүт кешенін ашып, осы жылы жұмысын бастаған болатын. Неміс технологиясымен салынып, израильдік аппараттармен жабдықталған жұмыс орнында сиыр сауу компьютермен басқарылады. Асыл тұқымды сауын сиырлар осы сүрлеммен азықтандырылады. Сонымен қатар малға қажетті жоңышқа, арпаны да егумен айналысады. Ауыл шаруашылығы техникаларының түр-түрі қожалықтың өзінде бар. Аудандағы шаруашылықтың көбі міне, осылай егін және мал шаруашылығының жұмысын қатар жүргізуде.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл ауданда 47 мың гектарға жуық алқаптан астық жиналады. Оның 19 мыңы күздік бидай, 28 мың гектарға жақыны арпа. Әзірше, егіннің тең жартысы орылды. Ораққа 66 комбайн және өзге де техника түрлері тартылыпты. Комбайндар өртке қарсы құралдармен жабдықталып, шабыс кешендеріне соқалы тракторлар әзірленген. Ал, осы жиын-теріннен шыққан астықты сақтайтын 17 қойма толығымен дайын. Оның жалпы сыйымдылығы 78500 тоннаны құрайды. Ендеше, іске сәт. Қамба дәнге, ел іші әнге толсын!


Бақтияр АЙТАЛЫ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер