Ауданға «Рухани Керуен» келді - Аймақтық БАҚ|09 Қыркүйек 2017, 09:41
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ауданға «Рухани Керуен» келді

Фото: Елдар Жақыпбек

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев-тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Алматы облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен қыркүйектің 5-нен бастап барлық аудан, қалаларда «Рухани Керуен» жобасын іске асыру жоспарланған болатын.

ің ауданнан басталып, өз жұмысын ары қарай жалғастырды. Алдымен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойған облыстық Дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов пен аудан әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев бабалар рухына тағзым етті. Бұдан кейін керуен мүшелері аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активімен кездесу өткізді. Активпен кездесу барысында облыстық Дін істері басқармасы-ның басшысы Рахмет Есдәулетов: – «Бұл керуен кеше облыс орталығы Талдықорған қаласынан шығып, бүгін арнайы Жамбыл ауданына ат басын бұрды. Себебі, керуеннің алғашқы сапарын біз киелі ақындар мен батырлар жерінен бастағанды жөн көрдік. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көптеген мәселелер қозғалды. Соның ішінде тіл мен дінге, салт пен дәстүрге аса мән беруді атап өтті. Біз де осы мақсатта сіздердің ауданға арнайы дін мамандарын алдырып, зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып келіп отырмыз.
Біз тәуелсіз елдің азаматы ретінде бүгінгі күнімізге шүкір етуіміз керек. Әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстар біздің асыл дінімізге қара күйе жағу мақсатында орындалып жатқан саяси қитұрқы әрекеттер. Сирия мен Ирактағы қанды оқиғалар мен кеше ғана Мьянмада болып жатқан мұсылмандарды аяусыз қыру әрекеті де бізді алаңдатып отыр. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін біз алдымен бірлігімізді бекемдеп, тәуелсіздігімізді бағалай білейік. Ел болып еңсемізді түзеп, өздерін «сәләфи», «таблиғи жамағатпыз» деп атап жүргендерге тойтарыс берсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін алдымен жастардың сауатын арттырып, кешегі бабаларымыз ұстанған дәстүрлі Ислам дінінің құндылықтарын бойына сіңіргеніміз абзал. Сонда ғана біз әлемде болып жатқан келеңсіздіктердің елімізде орын алмауына себепші боламыз. Рухани жаңғыру үшін өткен тарихты терең ұғынып, бабалар салған сара жолды берік ұстанғанымыз жөн», – деп сөзін қорытындылап, керуеннің алға қойған мақсаты мен жоспарын таныстырды.
Дін істері басқармасының басшысынан кейін жарыссөзге шыққан сазгер, ақын, Талғар ауданының құрметті азаматы Камнұр Тәлімұлы: – «Біз қазақ жерді «ана», елді «ана», Отанды «ана», тілді «ана» дейміз. Өзімізді жарық дүниеге алып келген адамды «ана» дейміз. Сол аналарымыз аман болсын! Бірақ, осы «ана» деген қасиетті сөздің қадірін білмей жүрген «құранидтер», «сәләфиттер» деген ағымдар қаптап кетті елімізде. Олар намаз оқымаған анасы мен бауырларын «кәпірге» теңеп, ата дәстүрімізде ширкке балап, қатты адасуда. Ал біздің дінімізде алдымен Аллаға құлшылық қыл, кейін ата-анаңа жақсылық жаса демеп пе еді? Тіпті, шариғатта «Ата-ананың разылығын алсаң, Алланың разылығына бөленесің, ата-анаңды ренжітсең, Алланың қаһарына ұшырайсың», – деген. Осы сөздің қадірін әлгі адасып жүрген топтағы қаракөз қарындастарымыз бен қарадомалақ балаларымыз ұғынса екен. Жайнамазға кеше ғана маңдайы тие сала, бүгін келіп намаз оқымайтындарды кәпір деушілерден үлкен қатер тууы мүмкін. Ақылың – қолдаушың, білімің – қорғаушың, иманың – сенімің, рахымың – серігің, қанағат – қамалың, ғибадат – амалың, ой-өріс – орманың, мінезің – қорғаның. Осы сегіз амалды жұмылған жұдырықтай бірге ұстасақ, бізді алатын жау, бізді тоқтататын дау болмас еді», – деп сөзін қорытындылап, батасын берді.
Жиында сондай-ақ, аудандық «Ақ әжелер» халықтық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі, ардагер-ұстаз Күміс Кемелбекова, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Қуаныш Наржанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қырғызбек Атагелдиев рухани жаңғыру, ұлттың асыл мұраларын сақтау төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Аудандық кітапханада «Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» тақырыбында зиялы қауым өкіл-дерімен сұхбат өтті. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев жүргізді. Оқырман залындағы «Туған елім – тұғырым» атты кітап көрмесімен танысқан көпшілік рухани керуеншілердің тағылымды әңгімелерін тыңдап, өздері де пікір білдірді.
Аудан елді мекендерінен келген ақсақалдар, ардагерлер, ерікті жастар қатысқан басқосуда дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, Жақсылық Үшкемпіров, сазгер Бақберген Асқарбеков ой бөлісті. Аудандық жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Таңжарық Болатхан жамбылдық жастардың атқарған жұмысымен таныстырып, еңбек ардагері Дүйсебек Малдыбаев кейінгі буынды еңбекқорлыққа шақырды.
Сонымен қатар осы бағдарлама аясында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Дінаралық татулық – болашаққа нық қадам» деген тақырыпта діни бірлестік жетекшілерімен кездесу өтті. Облыстық Дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов пен аудан әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев Жамбыл ауданынан бастау алған «Рухани керуеннің» мәніне тоқталып, зайырлы қоғамдағы имамдардың артықшылықтарын, әлеуметтік желі тетіктерін игерудегі мүмкіндіктері туралы ойларын ортаға салды. Жамбыл аудандық мешітінің наиб имамы Нұрдәулет Тоқанұлы өз кезегінде сауатты діни уағыздар салынып тұратын әлеуметтік парақшалардың жұмыс істейтінін айтты.
Өзге ағымдардың еліміздің өркендеуіне кері әсері болмас үшін имамдардың біліктілігін арттыру мәселесі күн тәртібінен түспейді. Қазір Жамбыл ауданы бойынша 38 мешіт бар. Осы шарадан кейін имамдар «Дін бірлігі – ел тұтастығының кепілі», – деп аталатын спорттық жарысқа қатысты. Жарысты тамашалаған көрермен «Рухани мұра» атты концерттік бағдарламаға зер салу үшін аудандық мәдениет үйіне қарай бет түзеді. Концерттен соң көрермендерге облыстық Б.Римова атындағы драма театры «Дертке дауа – Хақ жолы» әлеуметтік драмасын ұсынды. Қойылым баласын шетелге оқуға жібергелі жүрген ата-аналар мен сырттан білім алуға талпынған жеткіншектерге ой салды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында аудан бойынша әлі де талай жобалар іске асырылатын болады. Иә, рухани әлеуеті мықты ел ғана болашаққа нық қадам басатынын бәріміз ескеруге тиіспіз.

Елдар Жақыпбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер