BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Американы бағындырғысы келетін Қайрат Әшім («Ақ жол» газеті)

Фото: әлеуметтік желіден алынған

Осыдан екі ай бұрын BRIF Research Group агенттігі жастардың өмірлік ұстанымы мен көзқарасына қатысты зерттеу жүргізгенде қазақстандық жастардың басым бөлігі қарапайым және консервативтік сипаттағы өмірлік мақсаттарға ұмтылады деген байлам жасаған еді. Сауалнамаға тартылғандардың жауабына қарай олардың жұмысты – бұл тек ақша табу көзі деп есептейтіні, көп жағдайда кейінгі толқынның еңбектенгісі келмейтіні, бірақ жақсы табыс табуды көксейтіндері айтылған. Сонымен қатар өскелең ұрпақ оқып, білім алуды ұнатпайды және көпшілігі болашақ мамандығын дұрыс таңдамайды дейтіндер де жоқ емес, деп жазады «Ақ жол» газеті.

Меніңше, бұл – біржақты жасалған тұжырым. Себебі елімізде алға қойған мақсаты айқын, білім қуған арманшыл жеткіншектер көп. Бір ғана Жамбыл өңірінің өзінде жыл сайын 40-қа жуық жас дарын халықаралық білім бәсекелерінде үздік шығып, олжалы оралады. Біразы бүгінде әлемнің озық оқу орындарында жоғары білім алып, еңбек етіп жүр. Соның бірі – АҚШ-та Массачусетс технологиялық институтында оқып, қазір Сан-Франциско қаласында жұмыс істеп жатқан Тараздағы дарынды ұлдарға арналған «Білім-Инновация» лицейінің түлегі Қайрат Әшім. Жақында Қайратпен хабарласып, сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қайрат, мектепте оқып жүргеніңде-ақ әлемнің бірнеше қалаларын аралап көрдің. Қателеспесем, 2012 жылы АҚШ-тың Вашингтон қаласына барып, 78 мемлекеттің үздік оқушылары бақ сынаған 44-халықаралық химия олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атандың. Осы елде жоғары білім алдың, енді еңбек етіп жүрсің. Шетелде оқу бала күнгі арманың ба еді?
– Тараз қаласында «Білім-Инновация» лицейінде оқып жүргенімізде біз көптеген халықаралық білім бәсекелеріне қатысатынбыз. Соның арқасында әлемнің бірқатар елдерін аралап көруге мүмкіндік туды. Бірақ шетелге шығу үшін оқуға АҚШ-қа кеткен жоқпын. Өздеріңізге белгілі, әлемде ІТ саласы бойынша терең білім беретін Америка Құрама Штаттарының Массачусетс технологиялық институтына тең келетін оқу орны жоқ. Сондықтан таңдауым осы институтқа түсті.

– Қазір қай қалада тұрасың, оқуыңды аяқтаған соң жұмысқа орналасу қиын болған жоқ па?
– Оқуымды аяқтаған соң, Ұлыбританияның Лондон қаласында «Safari Mobile» деген компанияда 3 ай жұмыс істедім. Қазір АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы «Yelp.com» компаниясының инженер программисімін. Осы қалада тұрып жатырмын. Мұндағы жұмысым 2017 жылдың қыркүйек айында басталды.

– Компаниядағы негізгі міндетің туралы айтып берсең…
– Мен компанияның төлем жасайтын жүйелеріне жауаптымын. Мысалы, сатып алушы біздің сайтты қолданып, тамаққа және басқа да қызмет түрлеріне тапсырыс жасады делік. Электронды түрде олардың төлем жасауға қолданған банк картасынан ақшаны аударуға қажетті жүйе жұмыс істейді. Міндетім – осы жүйенің дұрыс жұмыс істеуін бақылауда ұстау. Осы компанияда жұмыс істеп жатқаныма 8 айдан асты.

– Шетелде, яғни АҚШ-та жас мамандарды қалай бағалайды екен?
– АҚШ-та жас мамандарға сұраныс көп. Әсіресе ІТ саласында. Ақпараттық технология – әлемде өте үлкен және тез дамып жатқан салалардың бірі. Бұл елде ғылыммен айналысатын, технологияны жетік меңгерген студенттерге 3 жылға дейін жұмыс істеп, тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік беріледі. Мен институтта оқып жүргенімде-ақ технологиялық лабораторияларда жұмыс істедім. Атап айтқанда, MIT-тің медиалабораториясында (Media Lab) көптеген зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Мақсатым – осы саланы бағындыру. Соған жетсем деймін.

– Біздің елде жас маманға ата-анасы қолдау көрсетпесе, бастапқыда тапқан табысы жетпей жатады, шетелде өмір сүру қиын емес пе?
– АҚШ-та білікті (квалифицированный) мамандарға сұраныс жоғары болған соң, жалақыны өте жақсы төлейді. Сондықтан өз тәжірибемнен өмір сүру қиын деп айта алмаймын.

– Білікті маман ретінде өзіңді мойындатқан кезде елге келіп қызмет ету жоспарда бар шығар?
– Иә, әрине. АҚШ-та пайдалы және маңызды тәжірибе жинап, елге оралып, сол тәжірибемді Қазақстанда енгізіп, қызмет ету жоспарда бар.

– Тілегіңе жет!

Ардақ Үсейінова


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер