Фото: «Орал өңірі» газеті
Облыс тұрғындары арасында кездесетін тері псориазы ауруы «жасарып» келеді. Бүгінде 665 батысқазақстандық осындай ауру көрсеткішімен есепке алынған. Олардың ішінде бір жастағы сәби де бар. Облыстық тері-венерологиялық диспансерінің дәрігерлері тері псориазынан толықтай құтылудың әзірге мүмкін еместігін айтады, деп жазады «Орал өңірі» газеті.
Ел-жұрттың назарын созылмалы, қайталанбалы дертке аударту мақсатында диспансерде «Ашық есік» күндері өткізіледі. Ондай шара барысында кез келген адам алдын ала тіркеуге тұрмай-ақ, тегін әрі аты-жөнін айтпай, жасырын түрде тері және жыныстық жолмен жұғатын ауруларға, АҚТҚ-жұқ-пасына тексеріле алады. Осының барлығы тұрғындардың арнайы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, аурулардың алдын алу, адамдардың өз денсаулықтарына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Тері-венерологиялық диспансер мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесі ретінде тұрғындарға тері аруларына қатысты кеңестік-диагностикалық және емдеу көмегін көрсетеді. Сонымен қатар жұқпалы тері және жыныстық жолмен берілетін аурулардың шығуының және таралуының алдын алуға бағытталған шараларды жүргізеді. Диспансерде негізінен псориазға, экземаға, түрлі бактериялардың жұқпаларына, венерологиялық ауруларға тексереді. Емдеу мекемесінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде псориазбен 282, артропатиялық псориазбен 106 адам есепте тұр. Мамандар соңғы жылдары тері псориазының «жасарып» кеткеніне, яғни жас адамдар арасында жиілегеніне алаңдаулы. Әдетте псориаздың алғашқы белгілері 16-25 жастағы жалындаған жастарда білінетін болса, қазір псориатикалық түйіншектер туғанына бірнеше апта болған кейбір сәбилерде кездеседі. Медицина бұл дерттің алдында әлі осалдау, өйткені псориаздың даму себептері нақты ашылмаған.
– Псориаз аурының дамуына қатысты медицина ғылымында бірнеше теория бар. Дерттің түп-тамыры ата-ана ағзасының дұрыс болмауынан, иммундық жүйенің әлсіздігінен, зат алмасу үрдістерінің бұзылуынан, тұқым қуалаушылықтан болуы ықтимал. Сөздің реті келгенде айта кетсек, негізі гендік бейімділік бұл аурудың дамуына түрткі болады. Тері псориазы көбіне ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Егер ата-ананың біреуі ауырса, онда баласының ауру ықтималдылығы 10 пайызды, ал әке-шешесінің екеуі де ауырса, онда ауру ықтималдылығы 40 пайызды құрайды. Бұл дерттің бастау алуына күйзеліс түрткі болады. Бүгінде медицина ғылымында күйзеліс пен тері аурулары арасында байланыс бары анықталған. Дерматологиялық емханаларда емделушілердің 80 пайызы тері ауруларынан жүйке аурулары негізінде емделеді. Қатты күйзеліс кезінде ағзадағы қабынуды қоздыратын гормондар деңгейі көтеріліп, тері өзгерістеріне соқтыруы ықтимал, – деді облыстық тері-венерологиялық диспансердің директоры Екатерина Ольховская.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта атопиялық псориаз кең тарап отыр. Бұл – аса ауыр әрі терінің аллергиялық зақымдануымен ерекшеленетін дерт. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, атопиялық дерматит ауруының таралуы 12 пайыздан асады немесе 100 адамның 12-сі осы аурумен ауырады. Соңғы жылдардағы бұл дертке қатысты ізденістерге қарамастан, атопиялық дерматитті емдеу күрделі мәселе, ол дәрігердің, науқастың және оның отбасының бірлескен жұмысын қажет етеді. Аурудың белгілері көп жағдайда сәбилерде 6-12 айлық шамасында байқалады, ал 1-5 жас аралығындағы балаларда сиректеу кездеседі.
Е. Ольховскаяның айтуынша, тері аурулары – ауру адамның ішкі ағзалары жағ-дайының айнасы. Сондықтан терідегі дақтардың, ойық жаралардың, бөрткендердің неліктен пайда болатынын түсіну үшін, бірінші кезекте, адам ағзасының басты тазартқыштары бүйрек пен бауырды тексерткен дұрыс.
– Ауырған жағдайда өз бетімен емделіп, ауруды асқындырып жібермей, міндетті түрде маманның кеңесіне жүгіну керек. Екіншіден, дене шынықтыру жаттығуларын жасаған жөн. Спорт теріс ойлардан арылтады. Медиациямен айналысудың пайдасы көп. Үшіншіден, бауырлармен, туматуысқандармен жиі араласып, жүйкеге салмақ түскенде жақын адамдардың қолдауын сезінгеннің көмегі бар. Сондай-ақ психотерапевт немесе психолог маманның қызметіне жүгінуге болады. Олар психологиялық ауыр жағдайдан шығуға көмектеседі, – деді Екатерина Ольховская.
Директордың сөзіне сүйенсек, диспансерде бұдан басқа жыныстық жолмен берілетін жұқпаларға қатысты кеңестік-диагностикалық және емдеу-профилактикалық көмек көрсетіледі. Соңғы бес жылда өңірде мұндай аурулар көрсеткіші азайып келеді. 2016 жылы венерологиялық аурудың 554, былтыр 516 жағдайы тіркелген. Жұқпалы ауруларды ерте кезінде анықтау, жастар арасында қажетсіз жүктілікті болдырмау бағытында жастар денсаулық орталықтары жұмыс істейді. Онда гинеколог, дерматовенеролог, психолог дәрігерлер қабылдайды. Денсаулық орталықтары қаладағы №4, 6 емханаларда, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында, Зеленов ауданының орталығы Переметный ауылында орналасқан.
Одан басқа облыстық АҚТҚның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы жанында достық кабинеті жұмыс істейді. Онда дерматовенерологтың кеңесін алуға және жыныстық жолмен берілетін ауруларға тексерілуге болады. Өңірде жыныстық және терінің паразиттік аурулары бойынша тұрғындар арасында санитарлық-ағартушылық жұмыстары кеңінен жүргізілуде.
Гүлбаршын Әжігереева
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!