Фото: ашық дереккөзден
Көркем шығарма да өмір...
Мен Әбеңнің үйіне кіргенімде ақсақал «Қан мен тердің» бірінші кітабын қайтадан редакциялап отыр екен. 94-тегі адамның көзінде көзілдірік жоқ! Тұтас-тұтас абзацтарды қызыл сиямен бояп, үстінен екі рет қара қаламсаппен айқыш-ұйқыш сызып тастап жатқанын көргенде менің өзім жазған, өзім еңбек сіңірген кітабым болмаса да тура қоң етімнен ет кесіп алып жатқандай болдым... Әрине, Әбең тек кесіп тастап жатқан жоқ, көп жерін түзетіп, редакциялап та отыр. Ол кісінің өз кітаптарын кәсіби аудармашылармен бірге отырып аударатын қасиеті де елге белгілі. Сұхбат та осы тіл жайынан басталды, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің тілшісі. Осы орайда бізде әдебиет туралы әдемі өрбіген сұхбатпен бөлісуді жөн санадық.
– Орысшаны қай жерде, қалай осынша терең игердіңіз?
– Мектепке мен өзім қазан айында бардым. Он бес күнде екі әріпті – «а» мен «б» әрпін ғана таныдым. «Әжең өліп қалды» деп ауылға алып кетті. Келесі жылы күзде тағы берген жоқ. Апрель айында ғана, 78 шақырым жердегі балықшылар колхозындағы мектепке бір кісінің атына мінгестіріп жіберіп барып, әліппені бітіріп шықтым. Екі жылда! Үшінші жылы екі жарым ай оқыдым. Ауылға тағы алып кетті, себебі елде ашаршылық басталды. Шалқарда қазақ мектебін бітірдім. Ауылдың жуас баласы болдым.
Атам Нұрпейіс болыс болған, мыңғырған мал біткен кісі еді. Орынборға мал айдап, сауда жасаған. Жем өзенінің бойындағы арпа, бидай, тары егетін қазақтарды көріп, қардың суын тоқтатып, біздің елде бірінші болып егін салдырған адам. Теңіз жағасындағы қыстауда малшылары тұрды. Өз ауылы Үшкөң деп аталды, үш үй отырды. Он шақырым жерде Кеңқора деген үлкен ауылы болған. Мектеп ашты. Сол мектепте оқыған кісілер оқу бір ай кеш басталды дейтін. Жаңа үйленген жас балықшы жігіттің екі бөлмелі үйінің бір бөлмесінде. Оқушылар жерде отырады. Үнді шайы жәшігінің бір жағын тақта еткен. Бор бар. Мен Шалқарда бесінші класта қазақ тілінен жазбаша емтиханды тапсыра алмай күзгі сынаққа қалдым. Себебі – сауатсызбын. Он рет кірсем де тапсыра алмайтынымды білдім. Сосын өз өмірімдегі тұңғыш ерлігімді істедім – күзде теңізбен Аралға келдім-дағы Шевченко атындағы мектептің директорына бардым. «Құжаттарым Шалқарда қалып қойды, кейін бір қатынағанда барып алып келемін» дедім. Алтыншы «а» класына қабылдады. Ересек ұлдар, қыздар... «Ерлігім» деп отырғаным, өзім кіп-кішкентай баламын, сонда да ар жағымда бір нәрсе бар болып тұр ғой...
Герольд Бельгер, ай, айналайын-ай, алғыр, көреген адам еді ғой... Менің жетпіс бес жылдығыма орысша үлкен мақала берді. Оны мен оқып шыққанда таң қалып, мақаланың үстіне: «Ой, ит-ай!» деп алдымен қазақша жаздым. Бұл өзі ия қатты жек көргенде, ия қатты сүйсінгенде айтылатын екі мағыналы сөз ғой. Сосын «Ты оказывается обо мне гораздо больше знаешь, чем о себе я сам» деп жаздым. Соның ішінде оның «У Нурпейисова есть тщеславие, но оно у него здоровое» деген, «бірақ, ұстанымы мықты, онысын білдірмейді» деп жазған жері бар... Көрдіңіз бе, менде сол қасиет болмаса шынашақтай бала қалай миы жетіп, оқуын жалғастыра алады? Үстімде ақ көйлек, бұтымда тобығымнан жоғары шалбар. Келесі жылы Шалқарға қайта бардым.
Ал, тілді мен кейін үйрендім. Әскерде жүріп тек әскери тіл үйренсем, әдеби тілді соғыс біткен соң орыстың, әлемнің жазушыларын көп оқу арқылы үйрендім. Менің бұл білім алу, тіл үйрену әдісім активный – белсенді тіл үйренуге жатпайды, менікі пассивный – селқос, енжар үйрену. Мен кітапты оқып отырып сөздің мағынасын интуитивті түрде аңғару, жобалау, болжарлау арқылы үйрендім.
– Аға, мен мына сәйкестікке таң қалып отырмын. Мен 1-курста орысшаны екі ай бойы күн сайын «Известия» мен «Комсомольская правда» газеттерін аударып, аударғанда алдыңғы сөзден кейін уақытты ұту үшін үшіншісін аударып, ортадағы сөздің мағынасын жорамалдап аудару арқылы үйреніп едім... Және осылай еткенде сөз тез жатталады екен.
– Мен талай рет ой-жорамалым дұрыс па екен деп тексеріп көрдім. Құдай оңдап, менің сол әдісім осы күнге дейін жаңылысуды білмейді, мені жарға жықпай алып келеді. Соның арқасында өз кітаптарымның орысшасын өзім редакциялайтын деңгейге жеттім. Көріп отырсың, сығып жатырмын, сығып жатырмын. Қазіргі оқырман – жалқау. Қазақ жазушылары қолына қалам тиген соң көсіле жазғанды жақсы көреміз. Мен соны кейін байқадым. Міне, мына кітап енді өте салмақты, байсалды дүние болып шығады.
– Сіздің мына қысқартуыңызға айдаладағы менің жаным ауырып кетті...
– Қысқартқан сайын, айналайын, шығарма ширыға түседі, шыңдала түседі.
– Марқұм Герольд Бельгер өз естеліктерінде сізбен бірге аударма жасаудың қаншалықты қиын дүние екенін, сіздің әр сөзге асқан жауапкершілікпен қарайтыныңызға таңғалып та, тәнті болып та, тамсанып та жазып кетті ғой...
– Асқар «осындай бір жақсы неміс бала бар» деді, мен оны жұмысқа алдым. Содан Бельгермен 45 жыл бірге жұмыс істедім. Оның да, менің де арманым жоқ... Мен аудармашыларымды ұзақ – Юрий Казаковты 7 жыл, Анатолий Кимді 12 жыл күттім. Аударманың сапасына орыс жазушыларының өздері таң қалып жүрді. Жазушы С.Залыгин «А.Кимнің тіліне кез келген заманауи ірі орыс жазушысы қызғанышпен қарауы мүмкін» деп жазды. Мен аудармамның кейде орысшасын оқып отырып риза болғаннан зәрем ұшып кетеді. «Әй, менде қалай екен?» деп дереу қазақшасына қараймын. Жоқ, екеуі де бірдей екенін көріп барып тынышталамын...
Қалқам, жазуды әркім өзінің білгенінше, шамасы келгенінше жазады ғой. Ауыз менікі екен деп көпіріп сөйлей берген секілді «ақ парақ, қара қалам қолымда, не істесем де ерік өзімде» деп жаза бергеннен не пайда?! Қазақ бұны «су» дейді, орыстар «жир - май» дейді. Лев Толстойдың өзі осы «маймен» өмір бойы күресіп өткен. Сонда да жеңе алмай кеткен. Өз шығармаңа қатаң қарау – бұл өзі үлкен өнер. Жазу үстінде сен жаза бересің. Қайта қарағанда көп нәрсе байқалады. Эрнест Хемингуэй деген әрқилы жазушы болған. «Килиманджаро қары» деген керемет кітабы бар. Ойды бітірмей тұспалмен аяқтаудың, бұлыңғыр, күңгірт (полутон) бояумен берудің шебері. Солардан үйрену керек.
Мен бұрын қанша кіжінгенмен тым жақсы жазылып тұрған соң қысқартуға қимайтын едім. Қазір – жоқ! Мен қазір әбден қаһарға мінгенмін. «Майды» аямай кесіп, тек қана бұлшық етін қалдырдым. Осы қысқартқаныма өзім риза болып, мақтанып отырмын. Ал, кейінірек оқырман да керемет риза болатынына күмәнім жоқ. Жеңіл, қызғылықты, тез оқылатын болады. Жазу оңай – қысқарту қиын... Сен «осылай да етуге бола ма?» деп отырсың. Болады, айналайын. Осы кітап биыл немесе келесі жылы баспадан шығады, соны оқы, әне, сол кезде екеуміздің әңгімеміз жарасатын болады.
– Сіздің мына еңбегіңізді көрген соң бұны оқуға құмартпау мүмкін емес қой. Одан да бұрын салыстыру үшін трилогияны қайтадан бір оқып шығатын болдым.
– Оқыма! Салыстыратын әдебиеттанушы, зерттеуші ғалым емессің, ол солардың міндеті. «Соғыс және бейбітшілік» алғашқы басылып шыққанда төрт кітабы екі-ақ том болған. Толстой қайта қараған сайын оның көлемі көбейе берген. Аяғында екі есе үлкейіп кеткен.
– Азаюдың орнына көбейіп кеткені қалай?
– Айналайын, бәрі бірден басқа келе қоймайды. Және көркем шығарма да өмір ғой. Өмір қалай өзгеріп отырса, көркем шығарма да соған сәйкес өзгеріп отырады. Кей кезде қосылады, кей кезде кемітіледі...
Олжасты қазақ оқырманына алғаш таныстырған мен едім...
– Соғыс тақырыбына «Курляндия» («Күткен күн») романынан кейін қайтып оралмауыңыздың себебі неде? Қайта қарап шыққыңыз келмей ме?
– Оның себебі, мен дұрыс соғысқаным жоқ, әне, сондай. Жағдай солай болды. Шын соғыстың маңайында жүрдім. Қанды қасапқа, додаға кірмейін демедім, реті келмеді. Ол өзі шамалап жазылған, біліктілікпен жазылмаған роман. Ал, жалпы соғыс жайлы жазылған дүние көп болғанымен, жақсысы аз. Мысалы, мен Василь Быковтың жазғанына сенемін. Ол шылқымай соғыстың ішінде болған адам. Менде ондай материал болған жоқ. Сондықтан, кітабымды қайта қарамаймын...
– Аға, сіз әңгіме, повестер жазбай, аз да болса саз жазайын деп эпопеялық романдар жазуды өзіңіз саналы түрде таңдап алдыңыз ба, жоқ әлде шағын дүниелердің оң жамбасыңызға келмейтінін көріп бас тарттыңыз ба?
– Айналайын, бұған нақты жауап беру қиын. Ол Құдайдың қолындағы нәрсе. Ол сені о баста қандай жазушы етіп жаратты, сол жүлгемен кетесің...
Атам аты Ақжігіт дедің бе? Өмірімде бұндай есімді бірінші рет жолықтырып отырмын. Қазақ ат қоюға шебер ғой. Қазақ фантазер халық. Тілі бұрқыраған бай. Әйгілі шығыстанушы, академик Василий Радлов, ұлты неміс, Шығыс халықтары тілдерінің білгірі, сол түркітектес халықтардың ішінен қазақ тілін ерекше бөлектеп атайды. «Әлемде үш ұлы тіл бар, олар француз, орыс және қазақ тілі» дейді. Олжас Сүлейменовке кезінде қарсы мақала жазғанымда мен Радловтың сол сөзін келтіргенмін. Құдайды сынауға болмайды, ал, жер басқан пенденің бәрін сынауға болады. Бірақ, қазақтың тілін білмесе де, ол тіл жайлы үкім шығарғандар – қасиетсіз, нәсілсіз, дөрекі адамдар. «Правданың» Қазақстандағы тілшісі болған қазақ жігіт, фамилиясы ұмытпасам, Есілбаев болуы керек, сол, сосын тарихшы Нұрболат Масанов пен Олжас Сүлейменов «казахский язык – неразвитый язык» деді-ау...
– Аға, тіл мәселесін, Олжасты айтып қалдыңыз. Олжас Сүлейменов ағамыз «Моноэтносты мемлекет құру қауіпті» дейді, «орыстар – бізді біріктіріп ұстап тұрған «төртінші жүз», олардан айрылмау керек» дейді, әйтеуір, Олжекең одан бері де тілімізге, ұлтымызға тиіскенін тоқтатқан емес...
– Мен біздің ақын-жазушыларымыздың жалпылдақтығын, өзіндік нық позициясы жоқтығын ұнатпайтынмын. Сосын олар мені ұната ма? Марқұм Камал Смайылов комсомолдың шапанынан шыққан жастар серкесі, білімді, ой-өрісі кең, жақсы жігіт болатын, бірақ, табаны тайғақтау еді... Орталық Комитетте бөлім басқарды. Бір күні маған телфон шалды: «Қазір ғана Орталық Комитеттің бюросы бітті. Геннадий Васильевич маған: «Нұрпейісов пен Сүлейменовті татуластыр» деді. Соған ертең 10-ға келіңіз». «Татуласпаймыз. Татуласа алмаймыз! Сондықтан бармаймын!» «Республиканың бірінші басшысы тапсырма беріп жатыр, келмегеніңіз болмайды ғой, ұят қой, келіңіз...» «Онда қояр бір шартым бар: Олжасты мен жақсы білемін. Ақты қара, қараны ақ деп ойланбай айта салатын адам. Сондықтан мықты стенографистка немесе магнитофон керек». «Жақсы, болады!» Ертесіне барсам ұзын үстелдің қабырға жағында Олжас, төмендеу екі орыс стенографистка әйел, өз үстелінде Камал отыр екен, ол менің қасыма келіп жайғасты. Отырыстың стенографиялық есебі 73 бет болды. Жазушыларымыз «Олжеке, Олжеке», «Алжас Амарович» деп иіліп жүгіріп жүргендері. Олжас болса одан сайын ұзын бойын созып, даусын гүрілдетіп, оларды мысымен баса түсетін. Аналар бұға түсетін. Волейболда тордың аржағынан тұрып, допты жоғарыдан төмен бері қарай «тушить» етіп ұрмай ма? Олжас маған да сол тәсілін қолданғысы келді. Камал қазақшалап майда тілмен «Әбеке, Геннадий Васильевич тапсырды, тіл табысу керек қой, мүмкін, сіз бастарсыз?» деді. Орысша сөйледім: «Мен ауылдың баласымын. Оның ішінде Арал теңізінің батыс шетіндегі, Маңғыстаумен шекаралас, өмірінде орыс көрмеген ауылдың. Қазақша мектепті зорға бітіргенмін. Қазақша сөйлеймін, кітаптарымды қазақша жазамын. Әрине, маған қазақша сөйлеген оңай болар еді, бірақ, арамызда біздің тілімізде сөйлеуге қиналатын бір кісі бар. Баста десең бастайын» дедім. «Олжастың өзі мен 1963 жылы қаңтарда «Жұлдыз» журналына бас редактор болып барғанымда оның шығармаларын қазақша бірінші басып шығарған, оны қазақ тілді оқырманға бірінші болып танытқан адам екенімді жоққа шығара алмас. Сол кезде біздің қатарларымыз «орыс тілді жас, ұлтшыл қазақ ақыны пайда болды» деп қуанған еді. «Доброе время востока» деген бірінші жинағындағы өлеңдер «Ей, половецкая степь!». «Ей, аргымаки!» болып келетін. Зейнолла Қабдолов, Тахауи Ақтанов, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, сиректеу болса да Қалтай Мұхамеджанов пен Жұбан Молдағалиев, менің орынбасарым Қадыр Мырзалиев, жауапты хатшы Зейнолла Серікқалиев, Сайын Мұратбеков проза бөлімінде, Герольд Бельгер Асқардың бөлімінде әдеби қызметкер. Кіл жастар! Бәрінің аузынан Олжас түспейді. Хатшым Роза Олжасқа қоңырау шалып, 13-15 өлеңін өзі таңдап беріп жіберуін өтінді. «Лениншіл жаста» істейтін Әбіш Кекілбаев тамаша аударма жасады. Біздің бұл іске үлкен маңыз бергеніміз сондай, Розаға айттым: «Олжастың фотоальбомын алдыр, соның ішінен таңдап береміз суретін». Бәріміз отырып қарадық. Ақ қайыңға аяғын айқастыра, иығымен сүйеніп тұрған Олжастың суретін көргенде керемет қуанып кеттік. Екінші рет тағы да өлеңдерінен топтама бердік. Оны Қадыр аударды. Мен отырыста алдымен осыны айттым.
Екінші жағдай. Мені бір жылдан соң, 1964 жылы 5 мамырда партиялық қатаң сөгіс беріп, оны есеп карточкама жазып, жұмыстан босатты. Неге? Ресейлік Алла Марченко «Әуезовтің «Абай» романы, біз қанша мақтасақ та, фольклордан толық қол үзбеген шығарма еді ғой, нағыз роман Нұрпейісовтің «Қан мен тері» деп жазды. Маған Мұхаңның әйелі мен қызы «Алла Марченконың жазғанына сіз терістеме беріңіз» дейді. «Олай істеу маған ыңғайсыз, мен қалай терістеме берем?» дедім... «Қан мен тердің» 1-кітабы «Ымыртты» Ресей Федерациясында «Сумерки» деп орыстар «Дружба народов» журналында басты. КСРО Жазушылар Одағының басшысы Георгий Марковтың әдебиет жөніндегі кеңесшісі Владимир Дорофеев осы журналдан «Сумеркидің» терілген, бірақ әлі беттелмеген нұсқасын (гранкасын) сұратып алып оқып, 3,5 млн. тиражы бар «Роман-газетаның» редакторы Ильенковқа қоңырау шалып, «осындай керемет дүниені өздеріңде бассаңдаршы» депті. КСРО-дағы ірі баспаның бірі «Молодая гвардия» дәл сол күндері менен қолжазбаны алып, ол да басты. Өмірде болмаған жағдай – үш журналдан қатар басылып шықты! Артынша француздар басып шығарды. Сол бірінші кітапқа пікір жазған француз сыншысы Leurs Fransaіs: «Нұрпейісовтің данышпандығы сонда...» деп бастапты мақаласын. Аса ірі француз қаламгері, Франция Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі Луи Арагон: «...Нұрпейісов пен Әуезовті салыстырғанда тым қарапайым болудың қажеті жоқ, өйткені «Ымырт» қазақ романының прогресіндегі жаңа баспалдақ» деді. Бұл кітап жайлы немістер жазды, бельгиялықтар, болгарлар, испандар жазды.
1967 жылы кітап Францияда шықты. Содан оған керемет пікірлер, мақалалар жазылғанын айттым. Жазда Мәскеуге Луи Арагон келді. Тік тұрып күттік. Луи романды аузының суы құрып мақтады. «Нұрпейісовті жіберіңіздер, біздегі оқырмандарымен жүздесіп қайтсын» деп өтініш жасады. Қараша айында Даниил Гранин екеуміз, оның да Францияда кітабы жарық көрген болатын, 12 күнге Еуропаға жол тарттық. Бір күні Парижде мені Түркиядан қуылған, кемпірі екеуі шатырдың астында, бірақ, «шатырдың асты» деген аты демесең - бізге ондай жоба «мансарда» деген атпен жақында ғана жетті ғой - әп-әдемі екі бөлмелі үйде тұрып жатқан француз суретшісі қонаққа шақырды. Қасында университет профессоры, досы, француз ақыны бар екен. Мен қазақ әдебиетінде ақындардың үстемдік құрып келгеніне, қазақта ақынның, мықты ақынның көп екеніне қарамастан французға бүкіл кеш бойы тек Олжасты мақтаумен болғаным сондай, қайтар кезде ол маған Олжастың өлеңдерін салып жіберіңізші деп өтініш жасады! Мен елге оралған бойда Олжасқа телефон соқтым. Ол өзінің жинағын берді. Парижге салып жібердім. Француз ол жинақтан 5-6 өлеңді аударып, Франция компартиясының органы «Юманите» газетінде басты.
– Ол кез бұл елде коммунистердің қатары өте көп, газетінің тиражы да мол, «Юманите» Еуропадағы беделді басылымның біріне айналған кез еді ғой.
– Міне, мен Олжас пен Камалға осыны айттым. Олжасты жүрген жерімнің бәрінде шамамның жеткенінше насихаттаумен болдым дедім. Олжас не айтты? Олжас шалқайып отырған жерінен тіктеліп, үстелдің үстіне шынтағын тіреп алды-дағы: «Менің жағдайым онша мәз емес екенін көріп отырмын. Егер сәл жастау күнімде болғанда, мен Нұрпейісовке басқаша жауап берер едім!» дегені. Не сөз мынау?.. Менің даусым бірден қатайды: «Мақұл, сен жас жігітсің дейік. Сонда маған қандай жауап қайтарар едің?!» Олжас енді шынтақтап отырған күйі жұдырығын түйді: «Вот так! По-мужски!» Ақын-жазушыларды төбесінен басып, бет қаратпай үйреніп қалған адамның сөзі ғой... «Бұл жағынан мен сенімен тайталаса алмауым мүмкін. Бірақ, солай бола қалған күнде мен өзімнің орныма студент кезінде Мәскеуде үш жыл жапоннан каратэні үйренген кіші қызымның күйеуін шығарған болар едім. Ал, ол Мәжит Бегалиннің ұлы саған не істеді, соны істер еді – түнде сенің бардан шыққаныңды күтіп тұрып бір-ақ соққымен сұлатып салар еді! Сосын сен тағы бір ай миың шайқалып, ауруханада жатар едің!» Олжастың түсі бұзылып кетті: «Сен қайдан білесің оны?!» «Мен неге бүкіл қала білетінді білмеймін? Мен одан басқасын да білемін». «Нені?» «Шәкен Айманов Мәскеуден келген екі қонағын үйіне шақырғанда солардың қасында сен де болғансың. Бірақ, сен солардың біреуімен төбелесіп, ал, ол сыртқы есікті ашып қойып, сені төртінші қабаттан төмен қарай домалатып жіберген. Сен қолың сынып, бір-екі ай гипсте жатқансың... Сондықтан айтар байсалды сөзің болса айт, болмаса мен тұрамын да кетемін».
Олжас шылапшындағы суға түсіп кетіп шыға алмай, мысыққа жем болатын тышқанға ұқсады да қалды... Сәлден кейін барып: «Әбеке, старик, кел, тіл табысайық» деді. «Біздің тіл табысуымыз оп-оңай – ол үшін сен орныңнан кетуің керек. Мен сенің бұл ісіңді – қазақша білмейтін адамның Қазақстан Жазушылар Одағын басқаруын - ия ерлікке, ия бассыздыққа жатқызарымды білмеймін. Кет жұмыстан!» «Неге білмеймін қазақша? Білемін!» Үстелдің үстінде «Жұлдыз» жатқан. Аштым да алдына қойдым. «Міне, оқи ғой, білетін болсаң!» Олжасты қысылту қиын. Бірақ, бұл жолы ол журналды қолының сыртымен, жайлап, жасқана кері ысырды. «Мен қазақша білемін». «Білсең оқысайшы!» «Сен бар жерде оқи алмаймын». «Демек, білмейсің. Кет!» «Кету керек болған кезде кетемін». «Ешқашан кетпейсің сен. Міне, өлең жазбағаныңа 11 жыл болды. Өгей әкең, оның студент қызы бар. Өзіңнің әйелің, әлі кішкентай екі қызың бар. Соның бәрін асырау керек. Өлең жазбасаң, қаламақы алмасаң қалай асырайсың?..»
Әуезов «Өскен өркенді» бекер жарыққа шығарды
– Аға, роман ғана жазуды әдейі таңдап алған жоқпын, табиғи түрде солай қалыптастым дедіңіз. «Қан мен терден» соң араға көп жыл салып тағы да туған жер жайлы жаздыңыз – «Соңғы парыз» деген дилогия өмірге келді. Бірақ, кітаптың дәуірі өткен заманында жазылған шығарма екені көрініп тұрды...
– Даниал Ахметовтің Премьер-министр болып тұрған тұсында Парламенттің екі депутаты, біреуі тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі Ұ.Қараманов, біреуінің атын ұмытып отырмын, «Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кітаптары көп жыл болды қайта басылмайды, Франциядан келген киногерлер тобын жалған намысқа шауып кері қайтардық, онымен түсірілген фильм жоқ» деп биік мінберден айтып, оған Үкімет басшысы «ендігі жылғы бюджетте қарастырамыз» деп уәде берсе де, сөз сөз күйінше қалды. Трилогияның басылып шықпағанына, саудаға түспегеніне 20 жылға айналды. Демек, тұтас бір ұрпақ ондай кітапты, мендей жазушы барын білмейді деген сөз. Әдебиетке келіп жатқандардың өзі де білмеуі мүмкін. «Соңғы парыз» орысшаға 2017 жылы «И был день. И была ночь» деген атпен аударылып, Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан 2 мың дана болып шықты. Романның екінші кітабының соңында мен екі романым жайлы біраз адамның пікірін бердім. Бірақ, соның ішіне 1953 жылдан «Комсомолкада» жұмыс істеп, 1965-1973 жылдары оның бас редакторы болған, газетті елдегі «Литературная газетамен» қатар ең беделді басылым биігіне көтерген, 1991 жылы Кеңес Одағының Сыртқы істер министрі болған Борис Панкиннің «Соңғы парыз» жайлы: «Кейінгі 30 жылда бұл кітапқа балама жазылған жоқ» деген пікірін кіргізе алмадым. «Егемендегі» туған жер жайлы мақаламды оқыдың ба? «Керемет!» дейсің бе?..
– Мен сізге келерде шығармаларыңызды, «Қан мен терден» бастап тағы бір оқып шықтым ғой. Сонда байқағаным «Қан мен тер» ескі таныстай көзге ыстық көрінгенімен, сіз «Соңғы парызда» әбден бабыңызға келген екенсіз-ау деп білдім. Тіліңізге тіпті тәнті болдым...
– «Соңғы парыздың» орысшасын өзім канондық дүние деп бағалаймын. Бұл сөз грекшеден аударғанда ережеге, тәртіпке, дәстүрге айналған деген ұғымды білдіреді. Және ол негізінен «Құран», «Інжіл» секілді жетекші діни кітаптарға ғана қарата айтылады. Көркем шығармаға қарата айтылмайды. Бірақ, мен өз кітабым жайлы осылай сөйлеуге өзіме ерік беріп отырмын. Дегенмен, менде бір «ауру» бар. Өзіме қатты ұнайтын екінші кітаптың екі жерінің құрылымын өзгертіп, өңдеп, жөндеп қойдым. Тым жақсы жазылған заттың өзін ықылас-ниет болса одан да жақсы ете түсуге, жетілдіре түсуге, қызықтырақ, сұлуырақ етуге болады. Қолым осылай қышып отырады. «Қан мен терге» Мәскеудің екі баспасынан тапсырыс алып, оны да өзім істеп жатырмын. Алған білімімнің сиқын айттым. «Соңғы парыздың» қазақша соңғы нұсқасын бастырғанда алғашқы 13-15 бетті де түгел қопарып шықтым. Себебін жоғарыда айттым.
Әлемге әйгілі Хемингуэйдей түрлі жанрлық жазушының түкке тұрмайтын дүниелері бар. Әуезов те «Өскен өркенді» бекер жарыққа шығарды. Зейнолла Қабдолов та «Әуезов ерте өліп қалды-ау» дегенімде маған «жоқ, қайта тірі болғанда сол романның тағы бес кітабын жазам деп, бұрынғы жиған бар абыройынан айрылып қалар еді» деген еді. Мен соны баласына айттым: «Мұрат, «Абай жолының» алғашқы екі кітабын қалдыр, қалған екі кітабын архивте ұста. «Өскен өркенді» де сөйт» дедім...
Осыны айтып отырған мен – Әуезовтің өнімімін! Ол болмағанда мен де осы күйімде болмас едім. 1940 жылы «Абайдың» 1-кітабы шықты. Мен оны қандай құмарлықпен оқыдым десеңші! Жазушының ұлылығы кітабының санымен өлшенбейді ғой. Біз болсақ 10 томдық, 15 томдық, 20 томдық шығаруға құмармыз...
– «Сұхбат беруге келісе ме екен, келіспес пе екен?» деп Шымкенттен жүрексіне-жүрексіне келіп едік. Көңіліміз орнына түсті, жақсы сұхбат болды. Бұл сұхбатқа сыймағанын араға уақыт салып, тағы берерміз. Рахмет Сізге, қазақ әдебиетінің бүгінгі көзі тірі абызы!
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!