BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Топырақтың құнарлығын сақтау туралы Заң қабылдау қажет – академик Эксклюзив

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Топырақ жамылғысы мен оның экологиялық жағдайы нашарлап барады. Бұл туралы Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, академик Абдулла Сапаров сұхбат кезінде айтты.

- Сұхбатымызды еліміздегі топырақтың қазіргі жағдайы қандай деген сұрақтан бастасақ?

- Ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған кең байтақ жеріміз көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орында екені белгілі. Табиғи байлық ресурстары мен олардың қорларының көлемі бойынша қарайтын болсақ Қазақстан әлемдегі ең үлкен мемлекеттер қатарына қосылады. Біздің елдің топырағы өзге елдердікінен ерекшелігі антропогендік қысымға төзімсіздеу, соның негізінде деградацияға, шөл-шөлейтке айналуға бейім.

Қазіргі таңда әлемде топырақтың 70%-ы деградацияға ұшырауда, ал 30 пайызы шөл-шөлейтке айналуға бейім. Осының негізінде әлемде көптеген құбылыстар мен өзгерістер болып жатыр. Мұндай құбылыс біздің елге де тән. Қазір еліміздегі жер көлемінің 76%-ы әртүрлі деңгейде деградацияға ұшыраған. Біздің жердің 75%-ы аридті (қуаң) жерлер, құнарлылығы мен өнімділігі аз жерлердің жалпы көлемінің 75 %-ын құрайды.

Себебі солтүстікте жауын-шашын көп түседі, 350-400 мм дейін жауады, ал оңтүстікте жауын аз, онда 100-150 мм дейін ғана жауады, ауа температурасы солтүстіктен оңтүстікке қарай ұлғаяды. Осыған орай өсімдіктердің өсуі мен топырақ жамылғысының құрылу процесстеріде өзгеріске ұшырайды. Сондықтан әр белдеудің өзіндік ерекшелігі бар және 9 зонаға бөлінеді. Қазақстан жерінің 45 млн гектары қара топырақ, 90 млн гектары қара қоңыр, сұр қоңыр топырақ, 120 млн гектары сұр топырақ, 37 млн гектар таулы аймақтағы топырақ. Қазіргі таңдағы ізденістердің негізіне сүйенетін болсақ топырақтың көлемінде біршама өзгерістер бар. Ол жасалған космосурет пен топографиялық ізденістер мен суреттерді салыстырғанда анықталған. Құнарлығы аз топырақта өскен шөптің нәрлігі төмен болады. Сондықтан солтүстіктен бері қарай топырақтың құнарлығы біртіндеп азаяды, одан кейін эрозияға, шөл-шөлейтке айналып, тұздана бастайды. Мұның барлығы табиғи климаттық жағдайға байланысты. Жеріміздің көлемі 272,5 млн гектар, оның 180 млн гектары жайылым жер, соның 48 млн гекатары өте қатты деңгейде деградацияға ұшыраған, оның ішінде 25 млн гектардайы ауыл-аймақ төңірегіндегі жерлер, бұл жерлерде топырақтың тозаңы шығып, адраспан жайлап келеді. Ал 27 млн гектары мал тұяғымен тапталған жерлер. Осы жерлерді тиімді пайдалану үшін, топырақтың деградациясын тоқтататын шаралар дайындап өндіріске енгізу қажет.

- Сонда егіске жарамды жердің көлемі аз болғаны ма?

- Өткен ғасырдың сексенінші жылдары 35 млн гектар жер егіске жарамды еді, ал оның қазіргі жағдайдағы көлемі 24 млн гектарға дейін азайды. Кезінде суармалы жерлердің көлемі 2,3 млн гектар болған, қазір оның көлемі 1,5-1,6 млн гектарды құрайды. Суармалы жерлердің көбі тастанды, тұзданған және сортаң жерлерге айналып кетті. Сондықтан үкімет жерді тиімді пайдалану мәселесін алға қойып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында суармалы жердің көлемін 2021 жылға дейін 2 млн-ға жеткізу қажет деп талап қойды. Сол тастанды жерлерді игерудің және оларды тиімді пайдаланудың негізінде іске асыруға толық мүмкіндік бар. Бұл мәселе агроөнірістік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған.

Кезінде суармалы жерлерден алынған өнім жалпы өнімнің 30% беретін. Сондықтан біз аграрлық ел болғандықтан топыраққа көп көңіл бөлуіміз керек. Аграрлы сала – тиімді сала. Мысалға, мұнай, алтын, күміс, уран басқа да қазба байлықтар уақыт өте келе бітеді. Ал топырақ қалады, оны күтіп, өңдеп тиімді пайдалансақ, оның жемісін жейміз. Демек аграрлық сала мемлекетіміздің экономикасының дамуының драйвері бола алады. Жылда өніммен бірге көптеген қоректік заттар шығын болады, ол орнына тыңайтқыштар және басқа да заттармен толтырылмаса, топырақтың құнарлылығы азая береді. Яғни өнімнің өнімділігі де азаяды. Осыған орай дер кезінде топырақтың құнарлылығын сақтау және оны жаңғырту шараларын қолданған жөн.

- Топырақтың құнарлығын арттыру үшін қазір қандай шаралар қолға алынып отыр?

- Қазір топырақ және жер ресурстарын, сонымен бірге ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тиімді пайдалану арқылы топырақтың құнарлығын сақтап, өнімнің өнімділігін арттыру және сапасын жоғарылату қажет деген алдымызда үлкен талап тұр. Ауспалы егіс, оны өңдеу, тыңайтқыш ендіру, суару және ауыл шаруашылық техниканы дұрыс пайдалану жүйесін қолданған дұрыс. Топырақтың құнарлылығын арттыру үшін ең алдымен топыраққа минералды және органикалық тыңайтқыштарды енгізу қажет. Ол да болса дақылдардың биологияық сұраныстарына сай және топырақтағы минералды элементтермен қамтамасыз етуіне байланысты жоспарланған өнімге беріледі. Осы салада министрлігіміз 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенінің даму жоспарын жасаған. Соның аясында тыңайтқышты енгізу көлемін ұлғайту қарастырылған. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы дақылдарының биологиялық сұранысының 16 пайызы ғана беріледі. 2021 жылға қарай оны 25 пайызға жеткіземіз деген жоспар бар. Бұл жақсы бағыт, бірақ ол жоспарлы өнім алу үшін жеткіліксіз. Барлық ауыл шаруашылығы саласындағы фермерлер, шаруа қожалықтары да осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Кейбір жерді дамыту үшін үкімет тыңайтқышқа, тұқымға субсидия беріп жатыр. Бұлар азда болса көмек болғанымен, толығымен қамтамасыз ете алмайды. Осған орай біздің ғалымдар жаңа және тиімді тыңайтқыштардың түрлерін ойлап тапты, алайда оны толығымен ендіре алмай жатырмыз.

- Жалпы топырақ қай кезде ластанады, сол жайында айтып берсеңіз?

- Топырақ дегадарацияға ұшырағаннан кейін шөл-шөлейтке айналып, құнарсызданып, эрозияға ұшырап, тұзданады және ластанады. Сол сияқты, еліміз мұнай өндіріп, тау кендерді ашық әдіспен игеріп жатыр. Топырақ мұнай және мұнай өнімдерімен ластанып, ондағы химиялық және ауыр металдармен ластанады. Топырақ тұзданып, оның көлемі жылдан жылға көбейіп келеді. Қазіргі таңда оның көлемі 35-37 пайызды құрайды. Мысалы Арал теңізінің түбінен шыққан шаң тұздар 25 млн гектар жерге тарайды. Жел тұрса 500 км жерге дейін барады. Сол тұз, шаңдар өсімдікке түскенде оны күйдіріп, зиянын тигізеді, оның арты топырақ құнарлылығының азаюына, тұздануына әкеледі. Қазір кен орындарын ашық әдіспен өндіріп жатырмыз, ол жерде тау-тау болып үйілген қалдықтар бар, оны ары қарай толығымен өңдемейді. Жел тұрғанда ол жан-жағына тарап, ауыр металдар жерді бүлдіреді. Мұның барлығы қазір өте өзекті мәселе болып отыр. Себебі топырақтың құнарлылығы азаяды, экологиялық жағдайы нашарлайды. Мұның барлығы өнімнің шығымына, ауыл шаруашылығына тікелей әсер етеді.

- Сонда топырақтың құнарлылығын және ластануын қадағалайтын орган жоқ па?

- Әзірге жоқ, жалпы өнімнің өнімділігін арттырып, топырақтың құнарлылығын сақтау жөнінде Үкімет тарапынан үлкен бір бағдарлама немесе Заң қабылдау қажеттігі туындап отыр. Қазір бізде жер көлемі әртүрлі шаруа қожалықтары бар. Біреуде 3-5 гектар жер болса, біреуінде 500-1000 гектар жері бар. Осы қожалық иелері алған жерін құнарландыруы үшін шара қолдану қажет. Егер тиімді пайдаланбай, құнарландыру жұмыстарын жүргізбесе оны алып, басқа қолынан келетін адамға беру керек. Бізде соған көңіл бөлмейді, негізі бақылап отыратын орган қажет. Осған орай Елбасы нақты да қатты сын айтты.

- Осы топырақтың құнарлылығын арттыру бойынша институтта қандай істер жасалып жатыр?

- Институт ғалымдары тарапынан көп істер атқарылып жатыр. Мәселен, тұзданған топыраққа өнім аз шығады, сол себепті біздің ғалымдар жаңа технологиялар ойлап тапты. Жаңа технологияның арқасында тұзданған жерге егілген күріштің өнімділігін сақтауға болады. Тұзданған топырақтағы ең зиянды элемент – бор екені анықталды. Оның әсерін азайту үшін ғалымдар көп жыл бойы ізденістер жасаудың негізінде бордың зиянды шегін азайтуды іске асырды. Бұл технология қазір өндіріске енгізіліп жатыр.

Сондай-ақ өнімнің өнімділігін, топырақтың құнарлылығын арттыратын біздің жаңа технологияларымыз бар. Оны біз 2013 жылдан бері Оңтүстік өңірде қолданып келеміз. Бірінші жылы 42 гектар жерге сынақ жасау арқылы дәлелдеп көрсеттік. Сол кезде біздің технология арқылы гектарынан 124 центенер тұқымдық жүгері алдық. Ал шаруа қожалықтарында өнім 37 мен 54 центнерді құрады. 2016 жылы 1200 гектарға өндірістік сынақ жасап, тағыда оның тиімділігін көрсеттік. Қосымша өнім гектарынан 35%-дан 174%-ды құрады.

Алматы облысындағы деградацияға ұшыраған жерлерді өңдеу бойынша «Нұр-Агро» шаруа қожалығымен 10 жылдан бері бірлесіп жұмыс атқарып келеміз. Олар біздің технологияны ендіре отырып, өнімін арттырып отыр. Жаплы қожалық иелері, фермерлер ғалымдармен бірлесіп жұмыс істесе нұр үстіне нұр болар еді.

Институ ғалымдары 2 коммерциялық жобаны ұтқан, соның негізінде Шымкент қаласында тыңайтқыштар шығаратын шағын зауыт салдық. Онда биоминералдық және биоорганикалық тыңайтқыштар өндіріледі. Оларды мақта, бидай, қытай бұршақ және тұқымдық жүгері өсіруде сынақтан өткіздік. Нәтижесінде гектарынан 25%-дан 80%-ға дейін қосымша өнім берді. Біздің жаңа тыңайтқыштарымыз тек қана өнімнің өнімділігін арттырып қоймай, топырақтың құналылығын сақтап, оны жаңғыртуға бейімділігін көрсетті. Осылай топырақ ресурстарын тиімді пайдалану арқылы дақылдардың өнімін арттыруға болатынын дәлелдедік. Бұлда біздің топырақты тыңайтуға қосып жатқан үлесіміз деп білемін.

- Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер