Шөкеев: Дәнді дақылдарды кептіру үшін қосымша дизель отыны қажет - Агро|18 Қыркүйек 2018, 12:35
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Шөкеев: Дәнді дақылдарды кептіру үшін қосымша дизель отыны қажет

Фото: newyorker.com

Дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін облыстарға қосымша дизель отыны көлемін бөлу мәселесін қарастыруды сұраймыз. Бұл жөнінде үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«14 қыркүйектегі жағдай бойынша егін орағын жүргізуге 268 мың тонна дизель жөнелтілді. Өңірлерде қыркүйек айында шаруаларға жеткізіп беру бағасын қоса алғанда, дизель отынының орташа бағасы литріне 165 теңгені құрайды. Бұл нарықтық бағадан 14% арзан. Жауын-шашынның мол түсуі салдарынан элеваторларға келіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары, бұл дәнді және майлы дақылдарды қосымша кептіруді және тиісінше астық қабылдау кәсіпорындарының қосымша дизель отынын сатып алуын қажет етеді», - деді министр.

Ведомство басшысы атап өткендей, базистік ылғалдылық 13,5% болғанда, бастырылған астықтың 50% астамының ылғалдылығы 20% жоғары болып отыр. Қазіргі таңда қазан-қараша айлары кезеңіне астықты кептіруге 6 облыстан 85 мың тонна қосымша дизель отыны көлемін бөлуге өтінімдер түсті.

«Энергетика министрлігінен егін орағы жұмыстарына қыркүйекте бекітілген баға деңгейінде, яғни тоннасына 181,0 мың теңге шекті бағамен мұнай өңдеу зауыттарынан дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін облыстарға қосымша дизель отыны көлемін бөлу мәселесін қарастыруды сұраймыз. Кептіруге қажетті көлем 85 мың тонна бойынша тиісті өтінімді министрлік Энергетика министрлігіне 11 қыркүйекте жіберді», - деді Шөкеев.

Белгілі болғандай, жалпы қолда бар ауыл шаруашылығы техникасының 96 % дайын және егін жинау жұмыстарына қатысуда. Астық қабылдау кәсіпорнының дайындығы бойынша қазіргі кезде республикада жалпы сыйымдылығы 13,6 млн. тоннаны құрайтын 196 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорыны жұмыс істейді. Астық қабылдау кәсіпорнының материалдық техникалық базаларын жаңа өнім астығын қабылдауға дайындау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер