BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Павлодарлық диқандар жасымықты шетелге экспорттайды

Фото: Автор

Павлодар облысы Шарбақты ауданының шаруалары жасымықтың 1500 тоннасын шетелге тасымалдамақ, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірі жасымық өсіруді бірнеше жыл бұрын бастаған. Алғашқы тәжірибенің нәтижесі жаман емес. Былтырғы жылы кәсіпорын бидаймен шектеліп қоймай, жасымық пен қыша өсіре бастаған. Былтыр 1200 тонна жасымық Түркияға экспортталды. Биылғы жылы осы межеден асу үшін көрсеткішті ұлғайтпақ ойда.

«Жасымық егуді бір қап тұқымнан бастадық. Өсімдік өңіріміздің топырағын жатсынбады, климатымызға бейімделіп кетті. Осы жылы жасымықтың қызыл және жасыл сұрыбын өсірдік. Бірінші сорт Азия елдерінде сұранысқа ие болса, екіншісін Еуропа мемлекеттерінің халықтары тұтынады. Шетел нарығына тек сапалы өнім керек. Қажеттілікті өтеу үшін биыл фотосеператорлық кешенді іске қостық. Заманауи құрал-жабдық жасымық дәндерін сұрыптап, тек жақсысын іріктейді», - дейді шаруашылық басшысы Александр Поляков.

Жалпы, шаруашылықта астық тұқымы 36 000 гектарға себіліп, жартысынан көбі орылып үлгерді. Шығымдылығы әрқалай. Кей алқаптарда гектарынан 30 центнер өнім алынуда.

Айта кетерлігі, биыл шарбақтылық диқандар 500 гектар жерге қыша еккен. Қыша бұған дейін қар тоқтату мақсатында шаруашылық мақсатта егіліп келген. Ендігі мақсат – ауылшаруашылық нарықты зерттеп, өсімдікке деген сұранысты байқау.

Еске сала кетсек, биылғы жылы өңірдің шаруалары 1,055 гектар аумақтан астық жинауды жоспарлап отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,3%-ға артық. Астықты алқаптардың басым бөлігінде дәнді және майлы дақылдар егілген. Тарқатып айтсақ, дәнді дақылдар – 729 мың гектар және майлы дақылдар - 215,9 мың гектарды құрайды.

Қазіргі кезде өңірде 422 мың гектар аумақта астық жиналып аяқталды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер